Жас дарын – болашақ жұлдыз

Өз ортасында өзгеге үлгі бола білген бала Әділет 2018 жылы Арал ауданы, Жақсықылыш кентінде дүниеге келген. Бүгінде ол Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектептің 1 сыныбын тәмәмдады. Жалғыз мектебінің емес, ауданның, тіпті облыстың мақтанышына айналып отырған өнерлі бала Әділет кішкентайынан белгілі әнші Жандос Қаржаубай ағасы секілді болғысы келеді.
– Менің үмітім Әділет әжесінің баласы. Осы өнер жолын бастағаннан-ақ баламды "үмітім" дейтінмін. Міне, жақында өз өнерімен білім мининстрі Ғани Бейсембаевтың дипломын алып, үмітімді ақтады. Алғаш Жандос Қаржаубайдың "Көзмоншақ" өлеңі көпке танылып жатқанда біздің Әділет сол өлеңді жаттап алып, айтып жүрді. Сол уақытта осы өлеңнің авторы Аралға жеке шығармашылық кешін өткізуге келеді. Концерт үстінде Әділетті сахнаға шығарып автормен бірге осы әнді орындайды. Жандос ағасы осы сәтте оның даусына оң баға беріп, балаға үлкен үміт сыйлады. Осы кезден кейін баламыз шығармашылық жолға қызыға бастады. Міне, қазір шүкір, балам көпшілік көзайымына айналып, әдемі даусыменен өнері өрге жүзіп келеді, – деді әжесі Айнамкүл Үрленова.
Әділет балабақшада өткізген бақытты балалық күндерінде де қатарының алды бола білді. Тәтті қылығымен қатар, өнерімен де көзге түскен. Ол туған жеріндегі "Асылым" жеке бөбекжай-бақшасында жүрген сәтінде барлық дерлік іс-шараға белсене қатысқан.
– Жәкебай Әділет "Асылым" жеке бөбекжай-бақшасына үшке толып қабылданды. Әділет өзі ерекше, нәзік, алғыр, өте ұқыпты бала болды. Сонымен бірге топта балалармен тез тіл табысып, жан-жағындағы балдармен бірге достасып ойнап, көңілді жүреді. Шығармашылық қабілеті жоғары үнемі балабақшада өтілетін іс-шараларға белсене қатысып, ән айтуда, билеуде керемет орындап көзге түсетін. Әншлерге ұқсап сахнада ән орындауды, киімді айтатын өлеңіне сәйкестеп әдемі киініп жүруді ұнататын. Ертегі қойылымдарға да белсеніп рөлге еніп орындайтын, сөйлеу тілі жасына сай дамыған. Әділеттің болашағынан зор үміт күтетін талапты, талантты жігіт болады деп сенемін, – деді апайы Айман Ниязова.
Баланы кішкентайынан байқап, оның бойындағы талантын дер кезінде дамыту – ата-ана мен мұғалімнің басты міндеті. Әділеттің бойындағы табиғи дарынын шыңдап, ол қабілетін еркін көрсете білуіне біршама жұмыстар атқарылып келеді екен.
– Әділет менің өнерлі де үлгілі оқушым. Әділет әнді өте жақсы айтады. Оның даусы нәзік, әрі әдемі. Мектеп іс-шараларында сахнаға шығып, ән шырқайды. Әділет тек өнерлі ғана емес, сонымен қатар сабаққа өте ынталы оқушы. Ол күнде үй тапсырмасын уақытында орындайды, мұғалімді мұқият тыңдайды. Әсіресе, ана тілі мен математика пәндеріне үнемі белсенді. Әділет сыныптастарына көмектесіп жүреді, достықты қадірлейді. Тәртібі де өте жақсы. Әділет жақында "Әншуақ" радиофестиваліне қатысып, жеңімпаз болып, Астана қаласында гала концертте ән салып, білім министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан диплом алды. Әрі қарай "Таңшолпан" бағдарламасына қатысып, кішкентай болса да дүйім жұртты өнерімен таң қалдырып келді. Мен Әділет сияқты өнерлі, білімге құштар оқушымның барына қуаныштымын. Әділетке "Болашағың жарқын болсын!" деген тілек білдіремін, – деді сынып жетекшісі Гүлбақыт Алпысбайқызы.
Әділет өте ұқыпты, тәрбиелі және ізденімпаз бала. Ол бүгінде түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, аудан, облыс абыройын асқақтатып жүр. Өнерлі бала өз шығармашылығы арқылы халықтың салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетті насихаттайды. Бала Әділет Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі мен қазақ радиосының бірлескен әр жобасы "Әншуақ" республикалық балалар әндері фестиваліне қатысып жүлделі орынмен оралған. Сонымен бірге Ұлттық арнадағы "Таңшолпан" бағдарламасының кішкентай қонағы болды.
– Біз "Таңшолпан" бағдарламасына баратынымызды тіпті білмейміз. 2024 жылдың мамыр айынан "Әншуақ" бағдарламасы басталды. Сол кезде мен Әділеттің бір өлеңін жібердім. Ол арнайы сайтқа салынып, лайк арқылы жеңімпаз белгіленеді екен. Біз 1 турдан өтіп, 2 турына қатыстық. Сол 2 тур уақытында тоқтамай жұмыс жасадық. Осылайша көпшілік қолдауымен оқушым 2 турдан да өттік. Сөйтіп биыл 26 мамыр күні өнерімізді "Әншуақ" бағдарламасында үлкен сахнаға шығып көрсеттік. Біз "Қазақ Ұланы" деген әнді орындадық Сол туындының әні мен сөзін жазған Тұрсынбек Кешубай Алматы қаласынан келді, сондай-ақ ол кісі де риза болып, шәкіртімнің қолынан алды. Бұл деген бала үшін үлкен жетістік. Шара барысында министр Ғани Бейсембаев келіп, арнайы диплом табыстады. Менің қуанғаным министр Ғ.Бейсембаев сахнада тұрған сәтте Әділеттің қолынан алып, басын сипады. Сөйтіп 13 ән орындауларының ішінен 2 ән ғана үздік атанды. Соның бірі – шәкіртімнің әні еді. Ертеңіне таңертең "Таңшолпан" бағдарламасында күтетіндерін айтты. Мен өте қуаныштымын Әділеттің бала арманы орындалып, үлкен жетістікке жеткені барлығымыздың мерейіміз, – деді №19 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Жанар Жақсылыққызы.
А.НҰРЛАНОВА