Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» LII (52-ШІ) ЕСЕП БЕРУ–САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

LII (52-ШІ) ЕСЕП БЕРУ–САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін «AMANAT» партиясы Арал аудандық филиалының LII (52-ші) есеп беру–сайлау конференциясы өтті. Конференция жұмысына партия ардагерлері, саяси кеңес мүшелері, депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен делегаттар қатысты.
Конференцияны аудандық мәслихаттың және партия филиалының төрағасы Базарбай Төрахметов ашып, жүргізді. Жиын барысында үш мәселе қаралды.

Атап айтқанда, аудандық филиал Саяси кеңесінің 2023–2026 жылдар аралығында атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, жаңа Саяси кеңес мүшелері сайланды және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының XXXVI есеп беру–сайлау конференциясына делегаттар сайланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша партия филиалының Атқарушы хатшысы Талғат Қанатов баяндама жасап, есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Баяндамада аудандық филиалдың партия Жарғысы мен бағдарламалық міндеттерін басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру, партияның сайлауалды бағдарламасын орындау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізгені айтылды.

Бүгінде аудандық филиал құрамында 24 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасап, олардың қатарында 7008 партия мүшесі бар. Есепті кезеңде аудандық филиал тарапынан 11 конференция, Саяси кеңестің 3 отырысы, Саяси кеңес бюросының 20 отырысы және депутаттық фракцияның 17 отырысы өткізілген.

Конференция барысында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудағы негізгі құжат саналатын Жол картасының орындалу нәтижелері кеңінен талқыланды. Үш жыл ішінде жоспарланған 79 іс-шараның 76-сы толық орындалып, 3 жоба жүзеге асырылу кезеңінде тұр. Жалпы орындалу көрсеткіші 96 пайызды құрады.

Осы кезеңде Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекені табиғи газбен қамтылды. Тоқабай дәрігерлік амбулаториясы мен Сексеуіл кентіндегі 40 орындық ауылдық аурухана пайдалануға берілді. Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде жаңа мектептер салынды. Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, аудан тұрғындары көптен күткен ұзындығы 940 метр болатын жаңа аспалы көпір ел игілігіне табысталды.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысы да оң нәтижесін көрсетіп отыр. Үш жыл ішінде қоғамдық қабылдау бөлмесіне 1567 өтініш түсіп, оның 1163-і оң шешімін тапқан. Қалған өтініштер бойынша заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар шалғай ауыл тұрғындарына арналған мобильді қоғамдық қабылдаулар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Партиялық бақылау комиссиясының жұмысы да ерекше назарда болды. Есепті кезеңде әлеуметтік нысандар құрылысы, азық-түлік бағалары, коммуналдық қызмет сапасы және тұрғындарды толғандырған өзге де мәселелер бойынша 122 мониторинг жүргізілген. Комиссияның 32 отырысында 75 мәселе қаралып, жауапты мекемелерге 82 ұсыныс жолданған.

Партиялық жобаларды жүзеге асыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. 2023 жылдан бері жалпы саны 400 іс-шара өткізіліп, оған 8475 тұрғын қамтылған. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «КІТАП AMANAT», «Таза бейсенбі», «Qaisar» және «BIR TOLQYNDA» жобалары аясында көптеген қоғамдық бастамалар жүзеге асырылды.

«Жер аманаты» жобасы шеңберінде 2023–2025 жылдары пайдаланылмай жатқан 132 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның едәуір бөлігі қайта айналымға енгізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілді.

Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын 221 жоба қаржыландырылды. Бұл ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді.

Конференция барысында партия ардагері, Саяси кеңес мүшесі Әділбек Аймбетов пен облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Жұмашев сөз сөйлеп, партия филиалының жұмысына оң бағаларын беріп, алдағы міндеттерге тоқталды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша партия филиалының жаңа Саяси кеңесінің құрамы ұсынылып, делегаттардың бірауыздан қолдауымен сайланды. Өз кезегінде филиал төрағасы Базарбай Төрахметов осы уақытқа дейін қызмет атқарған Саяси кеңес мүшелеріне партияластары атынан алғыс білдіріп, еңбектеріне ризашылығын жеткізді.

Ал үшінші мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының XXXVI есеп беру–сайлау конференциясына қатысатын делегаттар құрамы бекітілді.

Конференциядан кейін партия филиалы Саяси кеңесінің отырысы өтті. Онда «Арал Құрылысы» бастауыш партия ұйымы мен «Аралқұм» бастауыш партия ұйымының төрағаларын сайлау мәселесі қаралды. Кеңес мүшелері ұсынылған кандидаттарды қолдап, аталған бастауыш партия ұйымдарының жаңа төрағаларын сайлады.

Жиын соңында облыстық партия филиалы төрағасының Алғыс хаттары табысталып, партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға партиялық билеттер тапсырылды.
---
05 маусым 2026 ж. 60 0