Британияға жеткен түркі жазуы

Заттың бетіндегі ІРІ таңба үш әріпті білдіреді: біріншісі – жуан Б таңбасы, екіншісі – жіңішке Р таңбасы, үшіншісі – жіңішке Л таңбасы. Басқа таңбалар осының айналасында күрделі графемамен жазылған. Жазудың транскрипциясы: «Боджман қаған бабам қамтамасыз ертіп, құрұп оғұрнантмыш үч джүзлүк түрүк, алты арыслық қассақ бәңкүлүк ер елі». Аудармасы: «Боджман қаған бабам қамтамасыз етіп, құрып орнатқан үш жүздік түрік, алты арыстық қассақ (қазақ) мәңгілік ер елі».
Бұл – бізге белгілі Орұқұн жазбаларынан оқылған мәтін. Сондықтан тез әрі жеңіл оқылды. Зат тұмар секілді сардар не болмаса сарбаздың өзімен бірге алып жүретін қасиетті зат ретінде жасалған.
Оқырманға түсінікті болуы үшін Боджманның есімі Бумын деп қате оқылып келген қаған екенін жаза кетейік. Көне түркі жазба ескерткіштерінің сырын ашып оқи бастаған ғалымдар өз деңгейіндегі білімдерін сарп етіп, жазбалардың негізгі мағынасын ашып жариялады. Алайда олардың мүмкіндігі жетпейтін, ескерткіштердің терең сырлы қатпарлары жеткілікті болатын. Ол сырлар өз құпияларын ішіне бүгіп, қазіргі кезге дейін, әлі де жабулы күйінде ішкі таңғажайып қазынасын жасырып келеді. Бумын есімі бір ғана дыбыс – ДЖ таңбасының оқылмауы себебінен жаңылыс оқылды. Тілдік түркітану ғылымының негізгі міндеттерінің бірі – тарихи кезеңдердегі түркі тілдерінің дыбыстық құрылымын анықтау. Оны анықтау оңай емес екені мәлім, өйткені көне замандардағы халықтардың дыбыстық сөйлеу мәнері біздің құлағымызға жеткен жоқ. Оны жазба мұралардағы әріптік-дыбыстық таңбалар арқылы ғана қалпына келтіруге болады. Бұрын белгісіз болып келген ДЖ дыбысы кірігіңкі дауыссыздардың еріндік нұсқасы болып саналады. Бұл нұсқа бүкіләлемдік түркологиялық әрі тарихи жаңалықтың ашылуына себепкер болатын әріп таңбасы болып отыр. Жәдігердің ғылыми негіздемесі мен әріптік таңбалануының жүйесін салалық журналдағы біздің зерттеуімізден толық оқи аласыздар.
Орынбай БЕКЖАН,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты
Ақпарат көзі: egemen.kz
Фото: egemen.kz