Біз неге өтірік айтамыз?
massaget.kz Жанымыз қаламаса да, біз күн сайын біреуді алдаймыз: ұнамаса да мақтаймыз, өзіміздің қатемізді жасырып қалу үшін және өзімізді жақсы жағымыздан көрсету үшін өтірік айтатын әдетіміз де бар. Түрлі тарихи деректерге сенсек, өтірік айту – ежелден қалыптасқан әдет. Ал қоғамда оны екіге жіктейді. Бірі "пайдалы" болса, екіншісі "пайдасыз". Бірақ, қандай жағдай болса да, өтіріктің аты – өтірік. Ендеше бүгін адам бойындағы алдау қасиеті қалай қалыптасты деген сұраққа жауап беріп көрейік.
Чарльз Дарвин ми да, адамның тұтас ағзасы секілді эволюцияның нәтижесі екенін алғаш болып болжады. Заманауи зерттеушілер бұл болжамды растайды: алғашқы приматтардың (біздің арғы тегіміз) миы маймылдардың миына қатты ұқсайтындығы, тек пішіні сәл үлкен екені әлдеқашан дәлелденіп қойған. Біздің ДНҚ-мыз шимпанзенің ДНҚ-сына 95% ұқсайды. Алғашқы приматтар ойлануға 8% энергия жұмсаса, епті адам 25%, ал бүгінгі адамдар 60% энергия жұмсайтыны белгілі болған. Мидың үлкеюіне не себеп? Археологтардың болжамына сенсек, адамның миы ет өнімін тұтына бастаған сәттен бастап үлкейе бастаған. Шамамен, 1,5–2 миллион жыл бұрынғы уақытқа сәйкес келеді. Бірақ, осыншалық энергия жұмсап, ақылмен ойлайтын адам неге өтірік айтуды үйренді?
Ғалымдар мидың өсуі мен өтірік айту әдетінің пайда болуына алғашқы адамдардың қоғамдағы белсенді өмірі әсер еткенін айтады. Приматтар ағаштан түсіп, ашық алаңда тірішілік ете бастағанда, олардың өмір сүру мүмкіндігі өзге туыстарымен қаншалықты жағымды қарым-қатынас жасай алатынымен байланысты болды. Тайпа үлкен болған сайын оның әрбір мүшесімен байланыс орнату үшін көп мөлшерде энергия жұмсаған. Нәтижесінде ми жылдам дамыған.
Өтірікке деген бейімділікті өзге де жануарлардан байқауға болады: мимикрия, бүркеу қабілеті белгілі бір дәрежеде өтіріктің түрі саналады. Бірақ, алдауға келгенде бәрін артта қалдыратын жануар – маймыл. Шотландиядағы Сент-Эндрюс Университетінде қызмет ететін антропологтар Ричард Берн мен Эндрю Уайтен 30 жыл бұрын адамға ең жақын приматтар — шимпанзе, горилла, орангутандардың қулыққа бару үрдісін зерттеп, олардың жануарлардың арасындағы нағыз "өтірікші" екенін анықтаған. Ғалымдар "Макиавеллиан интеллекті" атты жұмыстарында аталған маймылдардың түрлі алдау тәсілдерін қолданғанын атап өтеді. Соның ішінде, келеке, жасандылық, жасырып қалу, назарды өзгеге аудару амалдарын жасаған.
"Өтірік айту — қалағаныңа қол жеткізудің ең оңай тәсілі" - дейді Гарвард Университетінің профессоры Сиссела Бок:"Біреуді алдап, оның мүлігі мен ақшасына тартып алу, күш көрсетуден әлдеқайда жеңіл". Ғалымдардың пайымдауынша, бұл қасиет адам бойына тіл үйрене бастаумен қатар қалыптасқан.
Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде өтірік айта білетін, қу Homo sapiens-тің аман қалып, ұрпақ жалғастыру мүмкіндігі жоғары болды. Табиғи сұрыпталу кезінде "тәтті өтірік", жағымпаздану, алдау, "жемқорлық", азғыру әрекеттері үлкен септігін тигізді. Яғни, тек физикалық күшке ие алғашқы адамдар ғана емес, туыстарының ебін таба білетін айлакер приматтар да тіршілігін жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Қоғамдық белсенділіктің артуы, тайпаның өсуі, адам санының артуы мидың өсуіне себеп болып қана қоймай, өтірік айту қабілетін жетілдірген.
Адамның ақылы қоғамдағы қастық әрекеттің күшеюімен және өзіндік есебі бар серіктестік нәтижесінде дамыды. Кейін қулық адамның ең сенімді серігіне айналды: олардың дәрежесі артты, үлкен табыс алып келді.
Тайпадағы емші, бақсылар өз қиялынан туған әлемнің құрылу тарихын ежелгі адамдар санасына сіңіре бастады. Олар құдай, діни рәсімдер мен мерекелер ойлап тауып, түс жорып, ауру мен бақытсыздық деген ұғымдарды қалыптастырды. Өтіріктің арты ашылса, оның құны олардың өмірімен өлшенер еді. Сондықтан, олар оны атадан балаға аңыз ретінде айтып, жұрт арасында тарата бастады. Эволюция барысында, аман қалудың басты амалы сол ғана еді.
Бүгінде ғалымдар қоғамның үлкендігі мен мидың арасындағы байланыстың барын дәлелдеуге тырысып келеді. Мысалы, зерттеушілердің бірі Робин Данбар бұл байланысты жануарлар арасында бақылап көрген. Жануар әлеуметтік өмір салтына неғұрлым епті болған сайын, олардың миы соғұрлым жақсы жетілетіні анықталған. Әсіресе, мидың ойлау қабілетіне жауапты сыртқы қабаты – неокортекстің жылдам жұмыс істейтінін байқаған. Мысалы, үлкен топ болып өмір сүретін павианның миы, шағын топ болып жүретін мартышкаларға қарағанда әлдеқайда күшті жұмыс істейді.
"Өтірікті байқау (сезу)" (Распознавание лжи) кітабының авторы Памела Мейер қулықты ата-бабамыздан дарыған әрі бала кезден бастап тәжірибеден өткізіп келе жатқан эволюцияның маңызды механизмі деп атайды. "Біздің бойымызға көшбасшы болу қабілеті табиғаттан дарыған. Ол үшін қолданатын басты қаруымыз – өтірік. Оны біз ерте жастан игере бастаймыз. Мысалы, кішкентай сәбилер жөргекте жатқан шағынан бастап өтірік жылап, кейін кімнің келе жатқанын білу үшін тынышталып қалады. Бір жасар балалар саналы түрде өтірік айтады. Екі жасар балалар дегеніне қол жеткізу үшін жағымпазданады. Бес жасар бала ұрыс естімеу үшін өзгеге жала жаба бастайды. Бала он жасқа келгенде "бетперде киюдің" шебері болып алады. Жоғары оқу орнына түскенше, жасөспірім бес жағдайдың бірінде өтірік айтады. Есейген шақта қатарластардан қалмау үшін қулыққа барамыз. Бәріміз "спамға" толы әлемнің бір мүшесіне айналамыз: жалған достар, өтірікке толы ақпарат құралдары, құйтырқы әрекеттер, табыс табу үшін бірін-бірі сатқан адамдар. Біз өмір сүріп жатқан қоғамның басым бөлігі өтірік негізінде қаланады. Бұл алғашқы адамдар дәуірінде қалыптасқан және алда да жалғаса беретін болады.
Ғалымдар алдай білу баланың дұрыс дамып келе жатқанын білдіреді дейді. Дамуында ақауы бар адамдар ғана өтірік айта алмайды. Мысалы, аутизм немесе Аспергер синдромына шалдыққандарды атап өтуге болады.
Өтірік және медицина:
Нейробиологтар мен психологтар өтірік айтуға бейім адамдардың миын әлі де зерттеу үстінде. Психологиялық ауытқуы бар адамдар патологиялық өтірікке қабілетті екені бұрыннан мәлім. Социопаттар адамдарды басқару үшін (манипуляция) түрлі кейіпке еніп, қулыққа барады. Одан бөлек, медицинада pseudologia fantastica деп аталатын құбылыс бар. Бұл жағдайда адамдар өз қиялындағы нәрсені шынайы нәрсе сиқты жеткізеді.
Патологиялық өтірікшілерді зерттеу барысында олардың шамамен 40%-ы ми не бас сүйек жарақатын алғаны, эпилепсия немесе мидың өзге де сырқаттары бар екені белгілі болған. Өтірікшілердің зияткерлік қабілетімен қатар, олардың сөйлеу орталығы да жақсы дамиды.
2005 жылы Оңтүстік Калифорния психологтары Ялинг Янг мен Адриан Рейн өтірікшілердің физикалық ерекшелігін анықтау үшін сынақ жүргізеді. Олар миды сканерлеу үшін 12 патологиялық өтірікшіні, 16 диссоциативті бұзылу дертіне шалдыққан адамды, өтірік айта алмайтын адамдар мен 21 сау адамды шақырған. Нәтижесінде өтірікшілердің жүйке жүйесінде 22–26% ақ заттың көп екені белгілі болған. Бұл нейрон жүйесі мен мидың алдыңғы бөлігіндегі байланыстардың көп болуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, оларда мидың сұр заты қалыпты жағдайдан 14%-ға төмен екені байқалған.
Бұл көрсеткіштерді Ардиан Рейн былайша түсіндіреді: "Өтірік көп күшті қажет етеді. Олар ойды оқып білуі керек. Өтірікші адам әдетте күйгелек келеді. Олар өздерін бірқалыпты ұстау үшін барлық эмоциясын басып, реттеп отырады. Өтірігі сенімді шығу үшін олар өзге адамның менталитетін ұғуы қажет. Одан бөлек, олар өздерінің шындығын "тұншықтырады".
Кейбір адамдар өтірікті өзінің кәсібі мен өмір салтына айналдырады. Өздерін шейх, ханзада, миллионерге балайтын авантюристер бар. Кейбір адамдар банк чектерін жасайды, паспортты өзгертеді. Танымал айлакер Фрэнк Абигнейл туралы "Қолыңнан келсе, ұстап ал" (Поймай меня, если сможешь) атты фильм де бар. Бес жыл алаяқтықпен айналысқан ол $2,5 миллион көлемінде жалған чек жасап, оны әлемнің 26 еліне таратып үлгерген. Жоғары білім алмаған жас жігіт өзін өзгелерге ұшқыш, дәрігер, заңгер, профессор ретінде таныстырған. Оның адамдарды асқан қулықпен алдауы және еш қорқынышсыз жүзеге асыруы таңқалдырмай қоймайды. Лондон Университеті колледжінің нейробиолог маманы Тали Шэроттың айтуынша, ми адам өтірік айтқанда сезетін күйзеліс пен эмоциялық жайсыздыққа бірте-бірте үйреніп кетеді. Уақыт өте адам өзінің өтірігі үшін уайымдамайтын болады.
Қазақта "Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам" деген сөз бар. Алдау-арбау арқылы қол жеткізген кез келген дүние қалай оңай келсе, солай қолдан сырғып кетеді. Сондықтан, "пайдалы" өтірікті де орнымен айтып үйреніңіз.