Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт Көшбасшысы түстенген үй

Ұлт Көшбасшысы түстенген үй

Елбасы жас мемлекеттің іргетасын қалап, тізгінін алған шақта елдің мәселесін бірінші орынға қойды. Ол тоқырау кезеңін бастан кешіріп, ауыр тұрмыс кешкен халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында жұмыс істеді. Арал теңізінің тартылуы мен мұндағы тіршілігі теңізбен тамырлас елдің тұрмысының қиындауына Елбасы алаңдаушылық танынып, ерекше көңіл бөлды. Соның нәтижесінде аралдықтардың тұрмысын қалыпқа келтіру бағытында көп жұмыстар атқарылды. 2005 жылы Аралға арнайы іссапармен келген Нұрсұлтан Назарбаев халықпен жүздесіп, бірқатар маңызды шараларға қатысты. Сол кезде Зәкіровтер отбасы Елбасын қонақ етіп, дастарқанынан дәм татқызды.

Арал қаласы, Сәкен Сейфулин көшесі №11 үйде тұратын Зәкіровтер үшін 2005 жылдың 27 сәуірі ерекше есте қалатын тарихи күн болды. Өйткені Елбасы осы шаңыраққа арнайы тоқтап, дастарқанынан дәм татты. Қарапайым тұрмыс кешіп отырған Зәкіровтер үшін Елбасын қонақ ету Тәңірдің сыйындай көрінді.
– Әрине Президент біздің үйге аяқасты кіре салған жоқ. Бәрі алдын ала жоспарланып, дайындық жүргізілді. Сол кездері ауданды басқарып отырған әкім Н. Мусабаев бірде мені шақырып, Елбасын үйіңе қонақ етсең қалай болады деген көңілін білдірді. Бастапқыда мен бұл ұсынысқа қарсылық танытып, жүрексіндім. Біз қазақ қонақты ерекше қадірлейтін халықпыз ғой. Үйге жолай кірген жанның өзін құр шығармаймыз. Кейін ойлана келе, бұл да Тәңірдің қалауымен болып отырған жақсы нәрсе ғой деп Елбасын қонақ етуге дайындық жұмыстарын бастап кеттім, - дейді Әбдіқадыр Зәкіров
Әбдіқадыр аға жұбайы Клара екеуі 1984 жылы шаңырақ көтерген. Оқу бітіріп келген соң совхозда инженер болып істеген ағамыз совхоз тараған соң жұмыссыз қалады. Балаларын адал еңбегімен бағып отырған жандар үшін бұл тосын сый еді. Елбасы келеді деген күні түні бойы көз іле алмаған Клара апай қатты қобалжығанын айтады.
– Шынымды айтсам Елбасы босағамнан аттап, қонақ болады дегенді ешқашан ойлаған емеспін. Бір ғажайып болып жатқандай болды. Ол кісі жарқын жүзді адам екен. Үйімізге кіріп, дастарқан басына жайғасып, біздің тұрмысымызбен танысты. Бәріміз бірге Әнұранды орындадық. Кіші қызым өзінің жаттаған тақпағын айтып берді. Біздің бес қызымыз бар. Мұны естіген Нұрсұлтан Назарбаев «Менде үш қыз, Әбдіқадыр менен озып кетіпсің ғой» деп әзілдеді. Үлкен қызым сол кезде Ақтөбеде студент еді. Президент келетінін есітіп арнайы келген. Мұны естіген Елбасы «Бақытты бол» деп батасын берді, – деген Клара апай Елбасымен кездесу кезіндегі ерекше әсерімен бөлісті.
 Қазағы қалпынан таймаған Елбасы бұл отбасыға кәде сыйымен келді. Соңғы үлгідегі теледидарды тарту етті. Зәкіровтердің үйінде ол теледидар әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Теледидарды тамашалап, жаңалықтардан хабардар болған сайын Елбасының үйімізде болған тарихи сәті көз алдымызға келеді дейді олар.
– Бұл әркімге бұйыра бермейтін бақ. Біз қарапайым тірлік кешіп отырған жандармыз. Сонда да болса бізге Президентті қонақ етіп, бір дастарқан басында әңгімелесу бақыты бұйырды. Елбасы келіп кеткен соң үйге таныс та, бейтаныс та адамдар келіп ырым етіп, Елбасы отырған орындыққа отырды. Дастарқаннан дәм ауыз тиді. Біз оларға еш қарсылық білдірген жоқпыз. Себебі, Президент сияқты нар тұлғалы жан болуды армандамайтын адам жоқ, – дейді отанасы.
Бүгінде Зәкіровтер әулеті ел қатарлы тұрмыс кешіп отыр. Өздерінің адал еңбегімен қыздарын оқытып, қиясына қондырған бақытты  жандар. Бұл жанұя мүшелері үшін Елбасымен жүздескен сол бір шақ әдемі естелік, мерейін өсірген мақтаныш болып маңгі есте сақталып қалмақ. 
Назерке Маратқызы 
01 желтоқсан 2020 ж. 542 0