Арал мен апат
«Арал, Қазалы, Шалқар – құралған үш сатыдан. Айналдым АҚШ деген күшті атынан», – деген ақтөбелік ақын Қайнар Алагөзовтің өлең жолдарын бүгінде біраз қазақ жатқа біледі. Бұл үш ауданның идеологиялық тұрғыдан бөлек ұқсастықтары жетерлік. Мәселен, аталған елді мекендердің ауа райы жылдың қай мезгілінде де бір-бірінен аумайды. Жазда қақаған ыстықтың үстінен құрғақ жел тұрса, қыста қар бетін құм басады. Сондықтан да экологиялық апат аймағы жайында сөз басталғанда үш ауданның аты алдымен аталады. Өйткені Байқоңырдан ұшқан улы газ бен Арал теңізінің көзге көрінбейін тұзы жергілікті жұртшылықтың денсаулығына орасан зиян келтіруде. Бұған еті үйреніп кеткені сонша, осында өмір сүріп жатқан халыққа Арал мәселесі жайында барлық әңгіме айтылып біткендей сезіледі. Бірақ көзге көрінеу жайттар тарқатылып айтылғанды талап етеді.
Қуаты қайтқан қос өзен
Өзбекстан мен Қазақстанның ортақ игілігі – Арал теңізі әлемдегі ең ірі континентальды су айдындарының бірі саналады. Теңіздің де, оған құятын өзендердің де (Әмудария мен Сырдария) экологиялық көрсеткіші жоғары. Бірақ бұл байлықтың бүгінгі көлемі көңілді құлазытады. Неге десеңіз, су деңгейі 20 метрге төмендеп, жанды жағалау 100 шақырымға дейін шегінген. Бұрынғы акваториясы 65000 шаршы шақырымды құрап, Голландия мен Бельгия аумағына тең болса, қазір 70 процентке дейін кеміген. Өкініштісі сол, су деңгейі жыл өткен сайын құлдилап келеді.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, теңіз суының тұздылығы литріне 60 граммға дейін жеткен. Теңіз ортасындағы шағын Возрождение аралы биологиялық қару сынау үшін қолданылғандықтан түбекке айналды. Оның салдары бұрынғы толқыған теңіз орнының құрғақ және сазды шөлге айналғанынан анық байқалады. Арал шығыста Қызылқұм, оңтүстікте Қарақұм, батысында тасты Үстірт шөлімен қоршалып жатыр. Ертеректе теңіз жағалауын мекендеген аймақ ондаған жыл бұрын Аралқұм деп аталды.
Аралға келіп құятын екі өзеннің айналасында 45 миллионға жуық халық тұрады. Оның 5 миллионнан астамы апат өршіген өзен атырабында күн кешуде. Өткен ғасырдың 50-жылдарының басында қос өзеннен Аралға 100 текше метр тіршілік көзі құйылса, қазір бұл көрсеткіш 50 есе кеміген. Бұл осы кезге дейін әлем елдерінде орын алған үлкен экологиялық апаттар қатарына жатады.
Амудария мен Сырдария өзендері мен салалары алты елдің шекараларын кесіп өтеді. Соның бірі – Ауғанстан, елдегі соғыс жағдайына байланысты әлі күнге дейін Амудария игілігін ретсіз пайдаланып отыр. Ал Сырдың суын Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері өзара бөліске салған. Сонымен бірге Тәжікстан, Түрікменстан мен өзбек ағайындар Амударияның салаларындағы үлеске кірген. Айта кетейік, қос өзен бастауын Памир мен Тянь-Шань тауларынан алады.
Бағынан соры бес елі
Енді мәселенің мәніне бойлайық. Көрші елдердегі ретсіз адами қажеттілік пен ауылшаруашылық саласындағы есепсіз сұраныс екі өзеннің көлемін кемітіп, дариялардың дем беруімен өмір сүріп келген Арал теңізінің құрғауына алып келді. Өйткені оған келіп құятын басқа тіршілік көзі болмаған. Әзірше адамдардың үнемсіздігінен ғана пайда болған қиындықтар жайын айтайық. Мәселен, теңіз экожүйе ретінде өліп, күн өткен сайын дағдарысқа ұшырауда. Амудария мен Сырдария атырабы мекендегендер егістігін суаруға, тіпті ауызсу ретінде тұтыну үшін де жарамсыз, жеткіліксіз болып барады. Содан кейін өзен емген жұрт бұл аймақтардан алыстап, кейбірі қалаларға көшіп кетті.
Осыдан ондаған жыл бұрын өркен жайған балық шаруашылығы бүгінде Арал мен Қазалы аудандарында жыларман күйге түсті. Атакәсіпті жалғаушылар мен теңіз торабынан үйіне нәпақа тасыған азаматтардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Памир тауларынан бері қарайғы орман-тоғайлар судың жетіспеушілігінен оталып, жүдеу тартуда. Ал қос өзеннен үлесін қанжығалап отырған қаншама көлдердің жоғалуы табиғат үшін, түптеп келгенде адамзат ұшыраған қасірет екеніне ешкім дауласа қоймас. Қызығы сол, аталған көлдер оның жоғарғы жағына жасанды су қоймалары салынғандықтан тіршілігін тоқтатқан. Бұл аз десеңіз, пенделік қажеттілік қос дарияда тіршілік еткен балықтың 40-тан астам түрін жойып, табиғат ана алдында ауыр күнәға батты. Арал бассейнінен фауна мен флораны табу мұңға айналғаны өз алдына бөлек әңгіме. Ал Арал айналасындағы, «Барсакелместегі» жан-жануардың жағдайы күн өткен сайын ауырлап барады. Бұдан тағы бір мәселенің бас көтеріп келе жатқанын байқау қиын емес.
Теңіздің тартылуы алып келген зардаптардың ең ауыры – климаттың өзгеруінде. Бұл көршілес Қазалы, Шалқар аудандарына, одан кейін апаттың жағдайы сәл жеңілірек деп бағаланған басқа да елді мекендердегі жұртшылықтың денсаулығын әлсірететіні түсінікті.
Арал өңірі жазда құрғақ ыстық, қыста суық болып өзгерді. Тұздың көтерілуімен таулы аймақтар ылғалданып, әлемдік мұздықтардың мөлшері тез азая бастады. Теңіз аумағындағы қыс тіпті жұмсақ болып, жауын-шашын мөлшері көбейді. Ғалымдар тұздың желмен тасымалдануы – мұздықтардың қарқынды еруінің басты себебі санайды. Бұл қос өзен өлімі себебінен пайда болған адамзат проблемаларының бір парасы ғана.
Қасіретке әкелген қателік
Сонау патша заманында, яғни 1917 жылға дейін орыс ғалымы Войков Амудария мен Сырдария өзендерін егістікті суару үшін толығымен бөлшектеуді ұсынып, Арал теңізін пайдасыз су буландырғыш деп атады. Логикалық негізде бұл экологиялық апат жасаудың үлкен әдісі екенін білсе де коммунистер теңізді жою жоспарын жүзеге асырды. «Арал шайқаста солдат сияқты өлуі керек», – деді КСРО-ның Су ресурстары министрлігі басшыларының бірі. Бұл министрлік ГУЛАГ-тың құрамында болғанын, одан 1950 жылдың аяғында ғана бөлінгенін еске алсақ олардың құйтырқы әрекетін түсіну қиын емес.
Соған қарамастан Сталин Орталық Азияның шөлдерін демократиялық негізде суландыру мәселесін шешуге тырысты. Мәселен, Амударияның қазіргі кезде келіп құятын негізгі сағасы Қарақұм каналын төсеудің үш нұсқасын ұсынды. Сталин Тахиташ қаласынан, яғни Амудария атырабынан бастап арық қазу нұсқасына тоқталды. Бұл шешім қисынды еді. Өйткені дәл осы атырауда судың жетіспеушілігі сезіліп, жергілікті тұрғындар суды бөлуді басқара алады деп бағаланды. Арна «Түркіменстанның басты арнасы» деп аталуы керек еді. Алайда Сталин қайтыс болғаннан кейін жоспар өзгеріп, Амударияның бастауы саналатын Қарақұм каналының құрылысы басталды. Бүгінде жобаның Сталин жоспарынан ауытқуы Амудария суының шамамен 50 процентінің пайдасыз жоғалуына себеп болып отыр. Анығырақ айтсақ, тіршілік нәрінің тең жартысы құмтөсекке сіңіп кетеді.
Суды Құдайдың құнды сыйы ретінде қараудың ғасырлар бойғы дәстүрі табиғатты «жаулап алушылар» философиясы алдында дәрменсіз болып шықты. Кеңес үкіметі бодан елдің барлығынан өзіне сөзсіз мойынсұнуды талап етті. Суды дұрыс пайдалану туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілмеді. Ең жабайы жобалардың өзін бұлтартпас қажеттілікке балап, қолы жеткен жерге дейін коммунизм дәуірін орнатуға тырысты. Көп ұзамай дүниежүзілік соғыс басталарын білді. Соған дайындалды. Жеңіске жету жолында барлық құндылықты сарп етіп, көптеген тәуекелге барды. Қателік көзге ұрып тұрса да, мәселенің шешімін табуды соғыстан кейінгі уақытқа ысырып отырды. Бірақ қалпына келмейтін ресурстар жайын ойланған жоқ. Сөйтті де 1920 жылдардың басынан бастап әлемдегі ең үлкен экологиялық апаттың алауын тұтатты. Арал теңізін мақта шаруашылығын дамытуға тарту ету туралы шешімі, оның шаруаларға тегін берілуі, арналарда су тежегіштің болмауы, шаруашылығы жоқ аймақтарға дейін суғарылуы мен қалдық судың қайта өзенге құйылуы табиғат тамырына тепкі болып тиді.
Теңіздің қазіргі халі қалай?
КСРО-да «қайта құру» басталғаннан кейін Арал проблемасы құпия болудан қалды. Баспасөз беттерінде экологиялық қолайсыздық жайы ашық айтылды. Аралды зертеуге дүниенің түкпір-түкпірінен мамандар келе бастады. Тіпті КСРО ыдырағанға дейін Аралды құтқарудың ең үздік жобасына тұрақты түрде байқау өткізіліп тұрды.
Жаңа тәуелсіз мемлекеттер құрылғаннан кейін Өзбекстан Президенті И.Кәрімовтің бастамасымен Арал проблемасы халықаралық аренада естілді. Халықаралық теңізді құтқару қоры құрылып, құрамына мемлекетаралық су мамандары кіріктірілді. Бұған Дүниежүзілік банк үлкен компаниялар жасаған жобаларға қарқынды қолдау көрсетті. Бұл әлемдік мәселені тезірек шешуге үміт берді. Бірақ идеялардың көпшілігі қиялдай көрінетін.
Сондай аңыздардың бірі – Арал теңізін Сібір өзендерінің, оның ішінде Обь ағынының бір бөлігі есебінен құтқару мүмкіндігі еді. Бірнеше бөлікке бөлінген жобаның алғашқы кезеңін қаржыландыру 70 жылдардың соңында басталды. Дегенмен мұнда Аралды құтқаруға бағытталған бірде бір шара қаралмаған. Сібірде алынатын судың 23 текше метрді өзендер мен көлдердің санитарлық жағдайын сақтау үшін Арал теңізіне бағыттау керек еді. Бірақ бұл бүгін-ертең орындала салатын тірлік болмай тұр. Оның үстіне экологиялық апаттан Арал теңізінің айналасындағы жұртшылық зардап шегуде.
– Әке-шешеміз мұнда кемелерді тамашалауға келетін. Қыздар әдемі көйлегін киіп, портқа келген теңізшілерді қарсы алатын. Бәріміз теңіздің жағасында жүретінбіз. Қазір Арал туралы әңгімені балаларымызға айтсақ, ертегі сияқты. Мен тұратын көше жағалауға және теңіз портына шығатын. Ол жақта тіршілік бар еді. Бірақ 70-жылдары теңіз тартыла бастады. Оның орнына жұмыссыздық пен жоқшылық келді.
Теңіз барда, бәрі болды. Балығы – тамақ, суы ем болды. Жұмыс, денсаулық, жанға жайлы ауа райы, бәрі болды... Сөйткен теңіз көз алдымда тартылды. Бес жастағы кезім, жағаға келіп, аяғымды толқын шайғанын күтіп тұрдым. Ал келесі жылы ол жерде балшық қана қалды. Соңғы рет 1977 жылы шомылғаным есімде. Кейін зауыттар мен порттар жабылып, қиын кезең басталды, – дейді аралдық Мәди есімді ақсақал.
Ал бар өмірі Аралда өткен Көлбай қария: «Ағам бауыр циррозынан қайтыс болды. Бірінші әйелім обырдан кетті. Бәрі экологиядан деп ойлаймын, екеуі де жас кетті. Арал – біздің қайғымыз бен қасіретіміз, – деп күрсінеді. Ол зейнетке шыққан соң, экология мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйымға жетекшілік етті.
– Әкімшілікте жұмыс істегенде, ауру бойынша ауданның деректерін көретінмін. Көрсеткішіміз мәз емес еді. Ауыл мен қала ауруханаларында орын жетпейтін. Қатерлі ісік, қаназдық, жүрек-қантамыр аурулары көп. Қазір жағдай жақсарған. Кіші Аралдың деңгейі өсті, халық та Сырдарияның лас суын ішпейтін болды. Бірақ ауру-сырқау азая қойған жоқ, – дейді ақсақал.
Өзбектер су өткізбейді
Қазалыда бұрыннан балықшылықты кәсіп еткендер қазір нәпақасын өзеннен іздемейді. Әрқайсысы бастарына басқа жұмыс тапқан. Өйткені сең кезінен басқа уақытта Сырдарияның табаны көрініп тұрады. Ау салғандардың ішінде ілеуге-білеуге ғана бірер балық түскені... Мәселен, Ғабит Шынболат есімді Әйтеке би кентінің тұрғыны Өзбекстаннан келуі тиіс судың жолы қоймалармен бөгелуі Аралдың да, Сейхун бойындағы тіршіліктің де тоқтауына негізгі себеп болып отыр дейді.
Анықтамалық үшін айта кетейік, мақта – Өзбекстан экспорттайтын жалғыз ауылшаруашылық өнімі. Оны өз шаруаларынан өте арзан бағамен сатып алып, үкімет әлемдік бағамен сатады. Одан түсетін пайда билік үшін кейде 1000 процентке жетеді. Мемлекет мұндай оңай пайданы жоғалтқысы келмей, мақта өндірісі мен сатылымына мемлекеттік монополия енгізген. Оны жеке адамдар ішкі нарықта сатуына тыйым салынған. Бұл шаруаларға мақта өсіруді тиімсіз етті. Осылайша шынайы-өтірік сылтаумен жер емгендердің барлығы дерлік күріш сияқты басқа да көбірек пайда әкелетін дақылдардың отырғызуға көшті.
Осыдан кейін өзбек мемлекеті қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Сұранысты қанағаттандыру үшін кез-келген фермерді мемлекетке белгілі мөлшерде мақта өсіріп тапсыруға міндеттеді. Бұл басқаларға мемлекеттік тапсырыс деп түсіндірілді. Алайда осы тұста мақта суды ең көп тұтынатын өнім емес екенін еске салайық. Оның үстіне қазіргі таңда суды бұрынғысынан бес есе аз ішетін, құрғақшылыққа төзімді сорты егіледі. Өзбектер осындай саяси әділетсіздіктен кейін тіршілік нәрін 2-5 есе көп тұтынатын күріш пен бидай егуді жаппай кәсіпке айналдырды. Бұл Аралға келіп құятын бүгінгі таңдағы жалғыз өзендегі жағдайды тіптен ушықтырып жіберді. Ғабит те осыған қапалы.
– Өзен басындағы су ішеді, аяғындағы у ішеді, – деген қазақ тәмсілі осы жағдайдан кейін шықты десе таңғалмас едім. Табиғаттың игілігі, оның ішінде су да ауа сияқты ортақ қажеттілік қой. Қатар-қатарынан су қоймаларын салып, бері қарайғы жолын тежеу дұрыс па? Өткенде Сардоба су қоймасы жарылғанда толассыз су қазақ жеріндегі ауылдарға дейін шайып кетті. Жазда Басықара ауылындағы бөгеттің маңында балалар тіземен су кешіп жүр. Кешегі дархан дария! Бұлай болмайды. Билік басындағылар су бөлінісін қайта қарап, жағдайды қалыпқа келтірсе ата кәсібімізге, мамыражай өмірімізге оралар ма едік?! Түптеп келгенде экологиялық жағдайымыз қалпына келіп, Арал қайта оралар еді, – дейді байырғы балықшы.
Шиленісті шешудің жолы
Қазақстан билігі де өз аумағындағы Кіші Аралдың ауқымын қалпына келтіру мәселесіне алаңдап отыр. Бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысында жүзеге асырылған атақты «САРАТС» жобасының өңірге тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Теңіздің оралуы атакәсіпті қайта жандандырды. Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайының жақсаруына қызмет ететін алып құрылыс «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының І кезеңі аяқталып, ІІ кезеңінің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасаудың өзіне 1500,0 мың АҚШ доллары (800 мыңы Халықаралық Даму және жаңару Банкі, 700,0 мыңы Республика қазынасынан) бөлініп, бүгінгі күні «Аркадис Евроконсалт» және «Казгипровхоз» институты ғалымдары іске кіріскенге ұқсайды. 2010 жылдың 19 қарашасында осы жобаның екінші кезеңі талқыланған. Одан бері он жылдан аса уақыт өтті. Бірақ жұмыстың нақты қашан басталатыны беймәлім болып отыр.
Осы мәселеге байланысты Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Нәжмәдин Мұсабаевтың пікірін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Ол «САРАТС-2» жобасын тезірек бастамаса жағдай ушығатынын айтады. Барынша тезірек іске қосылса «Кіші Аралдың» акваториясы қазіргіден үш есеге ұлғайып, балық аулау көлемі бұдан үш-төрт есеге артады деп сендіреді. Сонымен бірге өңірдің экологиялық жағдайы бұдан әрі жақсаратынына күмән келтірмейді.
– Кіші Арал (САРАТС) жобасының бірінші фазасы 2005 жылы аяқталып, теңіз жиегі Арал қаласына күткендегіден де тез жақындап, 17-20 шақырым жетпей калды. Енді шұғыл екінші фазаны бастаудың орнына гидромелиорация, гидроқұрылыс саласынан хабары аз, мен өзім қатты қадірлейтін жазушы ағалар мен кейбір журналистер облысқа жаңа келген басшыға кереғар пікір тудырып, «бөгет дұрыс салынбаған, Көкарал бөгетінің биіктігін көтеру керек, балық пен су ұлы теңізге босқа ағып жатыр» деп негізделмеген кұр даурықпа байбалам салып, басталайын деп тұрған жобаның екінші фазасын тоқтатып қоюға дейін барды. Осылайша елге де, экология мен экономикаға да көре көзге обал жасады. Сол «сәуегейлердің» артық кеткені сонша, қолына нивелир ұстап, су деңгейін, жер деңгейін өлшеп көрмесе де, маман сияқты пікір қалыптастырып, топырақты, тасты, құмды қайдан алу керек, каналды қайдан қазу керек деген мәселелерге араласып, елді шатастырып болды. Осындай популистік көзқарастардың салдарынан құрып кеткен 32 түрлі балықтың Кіші Аралда 28 түрі Көкарал бөгетінен су құлап кетсе, айырылып қалу қаупі туындап отыр. Міне, осындай пайдасыз, негізсіз пікірлердің салдарынан 7 жылдан бері екінші фаза басталмай қойды. Ол мәресіне жеткен болса қазір Ұлы теңізге су да, балық та ақпаған болар еді. Қорыта айтқанда, САРАТС жобасының екінші фазасының осы уақытқа дейін басталмауы – халық, ұрпақ алдындағы кешірілмейтін күнә, – депті Құрмет орденінің иесі Нәжмәдин.
Әлемдегі теңіздердің барлығында Аралға ұқсас мәселелер кездескен. Мысалы, белгілі бір нысанда судың жетіспеуі, артық болуы, өзен аңғарларының ластануы және толып кетуі немесе өзендердің төменгі ағысында тұратын адамдардың құқықтарын сақтамау сияқты келеңсіздіктер жайында кітап жазуға болады. Дегенмен осыған қатысты тұжырымдама мүлдем жоқ. Сәйкесінше табиғатты сақтау ережелері ескерілмейді. КСРО ыдырағаннан кейін Орта Азия елдері арасындағы қалыптасқан сенімсіздік өзен суларын әр мемлекеттің ажырамас меншігі ретінде жариялауға мәжбүр етті. Соның салдарынан бүгінде мемлекеттер аумағында максималды су мөлшерін шоғырландыруға тырысады. Көрші елдегі осындай мәселелерді шешу үшін Орта Азиядан су мөлшері жеткілікті болса да келіспеушілік істі кері тартып тұр.
Халықаралық қауымдастық Арал проблемасын шешуге күш-жігерін жұмсап әлек. Өздерінше бірлескен декларацияларға қол қойылды. Көп ұзамай теңізді құтқару қоры бағдарламаны жақсы қаржыландырғанына қарамастан, шаруа ойдағыдай іске асып жатқан жоқ. Өйткені Орталық Азия елдері үшін ортақ су стратегиясы жасалмаған. Сондықтан әрқайсысы өз игілігін алға тартып отыр.
Жалпы түсінік бір ұлттың мүддесін ғана емес, сонымен қатар табиғат мүдделерін ескере отырып, нарықтық заңдарға негізделуі тиіс. Алайда Қырғызстан мен Тәжікстандағы саясаткерлер мен ғалымдар нарықты өздерінше түсінеді. Олар Аму мен Сырдария салаларының өз территорияларында пайда болғанын алға тартып, Арал бассейнінің иелеріміз деп санайды. Сондықтан суды төменгі ағыстағы елдерге сатуды жүзеге асырып отыр. Қазақстан және Түркіменстан бұл идеямен мүлдем келіспейді. Су ресурстарының айналасында ақша қатынасын болдырмауға күш салуда. Дегенмен тіршілік көзін меншігі санайтын елдер үшін әлемдік деңгейде жалпы тәртіп бекітілген.
Мәселен, су сатушылар оның сапасына, көлеміне және уақтылы жеткізілуіне толығымен жауап береді. Бұл аз десеңіз, мұздықтардың жай-күйіне зиян келтірмеуі тиіс. Бұдан бөлек өзен иесі тасқын судың салдары үшін жауап беріп, келтірілген зиян үшін өтемақы төлейді. Иесі суды кешіктіргені үшін жауап беруі және соның салдарынан тұтынушыға келтірілген зиянды өтеуі керек.
Қазіргі таңда халықаралық қауымдастық тарапынан өзенге иелік ету туралы жаңа ұсыныс дайындалып жатыр. Осының нәтижесінде анықталған иелік етуші тұлға болмаса ұйым су бөлінісіндегі әділдікті қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ өзенді пайдалануға алғаннан кейінгі табысының бір бөлігін ресурсты қалпына келтіруге жұмсауға міндеттеледі екен. Бөлініс реттелгеннен кейін Аралдағы экологиялық мәселе де ақырындап шешілуі тиіс. Меншік иесі экологиялық қауіпсіздікке кепілдік береді де.
Бассейндік принципке сүйене отырып, бұл жаңа құрылым бір өзен бойында өмір сүретін адамдардың болашақта табиғатты қорғау тұрғысында бірігуіне бастамашы болады. Қауымдастықты біз әңгімелеп отырған жобаға «Биосфераның экологиялық-экономикалық бірлігі» (EEuB) деген атау берген. Экологиялық апат аймағындағы адамдардың ендігі бар үміті осы жобада.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ