Сырдария, саған не болды?
Трансшекаралық суларды пайдалану соңғы жылдары Орталық Азиядағы түйінді проблемалардың біріне айналғаны белгілі. Тіпті осы мәселенің соңы қарулы қақтығысқа ұласуы мүмкін деген ертеректе айтылған болжамды жақында Қырғызстанның Баткеніндегі қырғыз-тәжік қақтығысы дәлелдеді.
Ортақ судан үлес алсақ
Ортақ өзенді бірлесіп пайдалану бағытында жасалған келісімдер бар. Мысалы, 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында осындай келісім де қабылданды, оған кейінірек Тәжікстан мемлекеті де қосылған болатын. Алайда бұл құжат талаптары әлі күнге толық орындалған жоқ. Осының салдарынан сайын даланы көктей өтіп жатқан Сырдың арыны тежеліп, жерден несібе терген жұрттың уайымын қалыңдатып тұр.
Әрине, жұрттың бәрін тығырыққа тіреп отырған бүгінгі тапшылық бірден пайда бола қойған жоқ. Ең әуелі көршілес мемлекеттер өз аумақтарындағы су қоймаларын ирригациялық жүйеден энергетикалық мақсатқа бейімдей бастады. Одан бөлек, халықаралық заңдылықтарға қайшы болса да бір өзеннен үлес ала отырып, өз елдерінде бірнеше қойма салды. Су сағасында отырған ағайын бұл тарапта Қазақстанның келісімін де сұрауды артық көргенін тағы білеміз.
Екі мыңыншы жылы Шардара су қоймасынан Сырдария арнасына 12 149 млн текше метр су жіберіліпті. Содан кейінгі жылдары бұл көлем өсіп отырған, 2010 жылы тіпті 25 509 млн текше метрге жеткен. Соңғы 2-3 жылда көрсеткіш қайта төмендей бастапты. Былтыр Шардараның шарасынан бізге қарай босатылғаны 10 201 млн, оның облысқа жеткені 9 826 млн текше метр ғана.
Осы жылдары Қызылорда облысында егіс көлемі, әсіресе суды көп қажет ететін күріштіктер айтарлықтай артқаны рас. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын Шиелі ауданы диқандары 8 400 гектарға күріш ексе, қазір 13 мың гектарға жуықтап отыр. Барлық ауданда да Сырдың брендіне айналған өнім егілген алқаптар ұлғайып барады.
Мемлекеттер арасындағы су бөлу келісімінің орындала бермейтінін мынадан-ақ байқауға болады. Мысалы, 2019 жылдың қарашасында мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының Алматыда өткен 77-отырысында Шардараға түсетін су көлемі 12 млрд 375 млн текше метр болып белгіленгенімен, соның
9 млрд 963 млн текше метрі ғана келді. Келесі жылы өткен комиссия басқосуында сәуір мен қыркүйек аралығындағы бізге тиесілі су 6 млрд 441 млн текше метр болғанымен, су қоймасына оның
49 пайызы ғана түскен.
Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңіндегі жұмыстар аясында Кіші Арал теңізі пайда болды. Алып айдын аймақ экожүйесінің жақсаруына әсер етіп, балық шаруашылығын да дамытуға серпін беріп отыр. Бірақ қазіргі су тапшылығы оның да келешегін көмескілендіріп тұрғанын жасырып қалуға болмайды. Осы Кіші Аралдың суы былтырғы тапшылық кезінде 5 млрд текше метрге азайған. Бұл – Шардара су қоймасындағы сумен бірдей көлем. Мамандар осылай жалғаса берсе, аз жылда теңіздің де табаны көрінетінін айтады.
Осыдан 21 жыл бұрын Аралға Сырдариядан 3 млрд 865 млн текше метр су барыпты. Одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіштің еселеп өсе бергені байқалады. Бірақ өткен жылы күрт азайып, теңізге бар болғаны 1 млрд 659 млн текше метр су түскен.
Қазір облыстағы тиісті сала өкілдері дария арнасын бағып, су көлемін ұлғайтудың шараларын жасап-ақ жатыр. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өкілдері жағдайды ұдайы бақылап тұр.
– Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймаларының энергетикалық режімге көшірілуіне байланысты Шардара су қоймасында қыс пен көктемде су молайып, жаз айларында межеден аз түсуі және соңғы жылдары келетін су көлемінің азаюы (2017 жылы – 23,1 млрд м3, 2018 жылы – 15,4 млрд м3, 2019 жылы – 14,6 млрд м3, 2020 жылы – 12,8 млрд м3) байқалады. Осының салдарынан өткен жылы Түркістан, Қызылорда облыстарының суармалы егістігінде су жетпей, дарияның төменгі ағысында орналасқан көлдер жүйесіне, Арал теңізіне межеленген су түспей қалды. Бүгінде Шардара мен Көксарай су реттегішінде 5,8 млрд текше метр су жинақталып, вегетациялық кезеңде Түркістан, Қызылорда облыстарының суармалы егістігі және экологиялық қажеттіліктер үшін төменгі ағысқа секундына 590 текше метр су тасталуда, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Су тапшылығына байланысты инспекция тарапынан Су кодексінің 82-бабы талаптарына сәйкес экологиялық мұқтаждықты ескере отырып, бекітілген су пайдалану лимиттері қайта белгіленді. Жуырда ғана мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 80-ші отырысы өтіп, онда Орталық Азия елдерінің су жинау лимиттері және Нарын-Сырдария су қоймаларының вегетациялық кезеңге арналған жұмыс режімдері бекітілді.
Күрішті қысқарту тығырықтан шығар жол емес
Жалпы, ауылшаруашылық өнімдерін әртараптандыру дүркін-дүркін көтеріліп, осы бағытта талай іс-шаралар ұйымдастырылғанын білеміз. Бірақ содан шыққан нәтиже шамалы болып тұр.
Тағы бір мәселе бар, осы күні тапшылықтан қиналмай шығудың бір жолы ретінде күріш алқаптарын қысқарту басталып кетті. Суды үнемдеуге септігі болады деген бұл бастаманың баянды боларына жергілікті ғалымдар да, ұзақ жыл шаруашылықта жұмыс істеген тәжірибелі мамандар да сенбейді.
– Осыдан 20-30 жыл бұрын күріш егілген алқаптардың біршама бөлігі бос қалған. Сол уақытта инженерлік жүйеге келтірілген көптеген алқаптан айырылдық та қалдық. Шеңгел мен жиде басып, соры бетіне шығып, жарамсыз жерге айналды. Қазір күріштен бас тартсақ, сол жағдай қайталанады. Біз осы өнім арқылы ғана жердің мелиоративтік жағдайын бір қалыпта ұстап тұрмыз, – дейді қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов. – Облыстың басты байлығы – инженерлік жүйеге келтірілген жері. Мұндай ауқымды алқап басқа бірде-бір облыста жоқ. Күрішті қысқарту – осы жерден айырылу деген сөз. Қазір облыстағы 120-дан астам ауылдың күнкөріс көзі осы күрішке байланысты болып отырғандықтан, ортақ судан алар үлесімізді молайту жағын қарастыруымыз керек.
Күрішке сұраныс жыл сайын артпаса, кемімейді. Мысалы, қазір әлем бойынша жылына 730 млн тонна күріш өндіреді, жер жүзі халқының жалпы тұтынатыны бұдан әлдеқайда көп. Сондықтан егіс алдындағы су жағдайына қарай күріш алқабын шектеген дұрыс. Ал оны азайту дегеніңіз, елдің несібесіне қол салумен бірдей.
Су тапшылығының Сырдың экономикасымен қатар экологиясына да қатері көп. Бұрынғы дәрмені қалмаған дария қазір адам да, мал да кешіп өтетіндей күйге түсті. Соңғы жылдары облыс аумағындағы 17 көлдің табаны қу тақырға айналып, бұрынғы мыңдаған айдыннан қалған 200 көлдің тең жартысы жарым-жартылай ғана толып тұр. Қамбаш секілді ірі айдын соңғы 2 жылда жағалауынан едәуір жырақтап кетті. Осы мәселеге байланысты жергілікті «Ардагерлер дауысы» қоғамдық ұйымы Мемлекет басшысына хат жолдап отыр.
1993 жылы Қызылорда қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстан мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен кездесуде қабылданған трансшекаралық су қорларын пайдаланудың мөлшері туралы келісім әлі күнге өз күшін жойған жоқ. Соған қарамастан, ортақ суды пайдалануда ұтылып отырған тұсымыз көп.
Ардагерлер осыған байланысты елімізде су ресустарының қауіпсіздігін қалыптастыратын арнайы комиссия құрып, трансшекаралық суды бөлу жөніндегі 1993 жылғы келісім талаптарының орындалуына күш салу қажеттігін ұсынады. Сонымен қатар өзеннің жоғарғы арнасында Қазақстанның келісімінсіз су қоймаларын салуға жол бермеуге, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін жеделдете жүзеге асыруға қол жеткізіп, Алматы қаласындағы Аралды құтқарудың халықаралық қорын Арал қаласына көшіру керек.
– Дарияның суы да, мұңы да ортақ мемлекеттер өкілдерінен топ жасақтап, өзен бойын жағалап, ондағы қоймалар мен электр энергиясын өндіру мақсатында салынған құрылыстарды тексеру керек. Өзеннің төменгі сағасында қалыптасып отырған қазіргі жағдайды да көрсетуіміз қажет, – дейді шаруашылықта тәжірибе жинап, аудан, қала басқарған Қожахмет Мәдібайұлы. – Қазір егілген күрішті суға бастыратын кезең. Дәл осы кезде су ала алмасақ, онда ертең өнім болады деп үміттенудің жөні жоқ. Тым болмаса, осы кезде керекті көлемді алуға күш салуымыз керек еді. Орталық Азиядағы басқа мемлекеттерде осы салада арнайы министрлік құрылған, ал бізде олармен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатын қауқарлы құрылым жоқ.
Сонымен қыста толып, жазда солып ағатын Сырдарияның биылғы ахуалы адам аярлықтай. Қайыры көрініп жатқан қайран өзеннің осы қалпында Аралға тамшысы барады деуге сену қиын. Ел арасында «бұл Сырдарияға не болды?» деген таңданыс аралас сауал көп. Аймақтың күретамыры саналатын өзеннің осындай күйін көзбен көрген жұрттың көңілінде алаң барын да жасырудың жөні жоқ.
Ал солықтап жатқан дарияға бір сәт тіл бітсе, «ей, адамдар, арынымды қолдан тежейтіндей сендерге мен не жаздым?» деп сұрайтындай...
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ
egemen.kz