Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалағаш аудандық ауруханасында бірегей «Артромот» құрылғысы бар

Жалағаш аудандық ауруханасында бірегей «Артромот» құрылғысы бар

Кез-келген ауыр аурулар, жарақаттар немесе отаулар денсаулығыныз үшін елеусіз қалмайды. Қалпына келтіру емінің сауатты кешенді бағдарламасы емделушіге әдеттегі өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Жалағаш ауданының тұрғыны Берік Майбасаров медициналық оңалтудың барлық үш кезеңінен өтті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында Нұр-сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта науқасқа аортокоронарлы шунттау отасы жасалды. Онда Берік Майбасаров оңалтудың операциядан кейінгі бірінші кезеңінен өтті. Содан кейін, екінші кезеңде облыстық оңалту орталығында ем қабылдады. Үшінші кезең аясында Жалағаш аудандық ауруханасының күндізгі стационарында қалпына келтіру емдеу курстарын жалғастыруда.
«Мен мұғалім болып жұмыс істеймін, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғанмын, соның арқасында маған барлық қажетті медициналық оңалту қызметтері қолжетімді: лимфодренаж, электрофорез, магнитотерапия, массаж. Бұл процедураларды күндізгі стационар аясында алуға болатынына өте қуаныштымын, өйткені мен аурухананың жанында тұрамын. Қазір менің ентігуім өтті, жүрегім мазаламайды. Аурухананың дәрігерлеріне, медбикелері мен психологтарына алғыс айтамын», - дейді Берік Майбасаров.
– Көп жағдайда медициналық оңалту бөліміне инсульт алған науқастар түседі. «Артромот» құрылғысы пациенттерге жоғалған дербес қозғалу қабілетін қалпына келтіруге, толыққанды өмірге оралуға көмектеседі, – дейді дәрігерлер.
«Біздің ауруханада оңалтудың заманауи, жоғары технологиялық түрі қолжетімді. Отадан немесе жарақаттан кейін науқас «Артромот» құрылғысы арқылы аяқ-қолдарды, жамбас буындарын дамыта бастайды, олардың жұмыс қабілеттілігі тезірек қалпына келеді. Осындай бірегей құрылғы басқа аудандық ауруханаларында жоқ», - дейді Жалағаш аудандық ауруханасының дәрігер-реабилитологы Әсем Шамитаева.
Қызылорда облысында 2021 жылы медициналық оңалту қызметтерін көрсету үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы 27 медициналық ұйымымен келісімшарт жасасты.
2021 жылдың 5 айында олар 1 346 оңалту қызметін көрсетті. Осы мақсатта медициналық сақтандыру қоры 351,3 млн теңге төледі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалдың
халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімі
09 маусым 2021 ж. 527 0