Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу шығындарын өндіру туралы талап қанағаттандырылды

Оқу шығындарын өндіру туралы талап қанағаттандырылды

Арал аудандық сотында талап қоюшы «Қаржы орталығы» АҚ-ның жауапкер Ж-дан мемлекеттік білім беру тапсырысы негізіндегі оқу шығындарын өндіру туралы азаматтық ісі қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес, азаматша Ж. Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрінің бұйрығымен мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыту бойынша білім беру грантын жеңіп алып, жоғары оқу орнына қабылданған. Оқу мерзімі кезеңінде Ж-ның оқу шығындарын өтеу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.
Жоғары оқу орнын тәмәмдап, мамандық иесі атанған Ж-ға ауыл мектебіне жұмысқа жолдама берілген. Алайда ол, жолдама бойынша жіберілген жұмыс орнына бармаған. Осыған байланысты,  талап қоюшы жауапкерден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмсалған оқу шығындарын өндіруді сұраған.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес, осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогтік мамандық бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін тиісінше ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті.
Осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоғарыда көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті.
Осыған орай, сот шешімімен талап қанағаттандырылып, оқу шығындары талап қоюшының пайдасына өндірілді.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
07 желтоқсан 2021 ж. 319 0