Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухы биік тәуелсіз елміз

Рухы биік тәуелсіз елміз

Биыл еліміз үшін ең елеулі оқиғалардың бірі – Тәуелсіздігіміздің  30 жылдық мерейтойы тойлануда. Осы жылдар ішінде еліміздің қол жеткізген жетістіктері аз емес.  Ішкі келісімді сақтай отырып, шет мемлекеттермен ынтымақтастықты арттырып елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатылды. Сондай-ақ орасан зор стратегиялық тәжірибе болашаққа сеніммен және оптимизммен қарауға, алға жаңа мақсаттар қойып, ілгері жылжуға мүмкіндік ашты.
 Тәуелсіздік тағылымы өскелең ұрпақтың  рухани дамуына, білімді білікті маман болып өз еліне, туған жеріне аянбай еңбек етуіне бағдар берері сөзсіз.  Кешегі ата-бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жаумен айқасып елін қорғағанының, Желтоқсан оқиғасында  жастарымыздың  аққан қанының өтеуі – бүгінгі Тәуелсіздік. Қаншама қилы кезеңдерді басынан кешіп, ұрпаққа бейбіт күнді сый еткен бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – біздің ең үлкен борышымыз. Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың оның ішінде жастардың басты  міндеті.Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдардан бастап елде ұлтаралық татулық сақталып келеді.   Қазақ халқы -  құшағы кең, мейiрбан, қонақжай халық. Алдағы уақытта да жастарымыз елде араздықты болдырмай, татулық пен бірлікті сақтап қалуы керек.   Сонымен қатар қай халық үшін де жердің қадірі жоғары. Біздің еліміз  Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға көп күш жұмсады. Ендігі парызымыз сол аталарымыз қалдырған жерді ұрпа­ғымызға табыстау, аманаттау.
Әрбір отбасы қоғамның бір бөлшегі, шағын Отан. Отбасы – әрқайсымыз үшін сүйіспеншілік, сыйластық, жарастық, татулық орнаған қасиетті мекен. Осы отбасында балаға берілген тәрбие өмір бойы оның жадында сақталады.  Сондықтан да бала бойына ұлттық салт-дәстүрлерімізді сіңіріп,  отансүйгіштікке тәрбиелеу, ар намысын қорғай білетін  саналы ұрпақ тәрбиелеу болашақта елдің тірегі болар азаматтар өсірудің негізі.
Біздің ұлттық мәдениетіміз – халықтың рухани тірегі болып саналады. Ата-бабамыздан аманат боп жеткен мәдени құндылықтарымызды сақтап, ұлттық өнерімізді дамытып, оны жоғары деңгейде наихаттау арқылы елімзді  өркениетті елдердің  қатарына қосамыз.
Қазіргі таңда білім мен білігі мықты адам, қиындықты жеңіп, жемісті жетістікке жете алады. Еліміздегі талантты, дарынды, алғыр жастарға әркез қолдау көрсетіліп келеді. Жастардың  өзін-өзі дамытуына, өзінің сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндіктер көп. Осындай қолдаулардан кейін білікті жастарымыз адал еңбегімен елге қызмет етері сөзсіз. Сондай ақ, прагматизм принцптері бойыншақанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн.


Қанағат  МАХАМБЕТОВА,
аудандық мәслихат депутаты
10 желтоқсан 2021 ж. 705 0