Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғай ауылдағы шуақты кеш

Шалғай ауылдағы шуақты кеш

Рухани жаңғырған мемлекеттің сыртқы көрінісі ол әсемдік пен өнердің астасуы. Мандат алып, ел аманатын ақтау мен үшін парыз. Осы жолда ел алғысына бөленіп, халықтың ақ батасын алсақ, бізге бұдан басқа қандай бақыт бар! Жалпы адам адамға қонақ. Заман алмасар, дәуір көшер, алайда елге жасаған қызмет ешқашан ұмытылмаса керек-ті. Біз осы мақсатта әрқашан елдің алғысына бөленуді армандаймыз.
«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген құны биік сөзді нысана етіп, бетке ұстап, ауданнан шалғай жатқан қойы қоралас, жаны аралас, еншісі бөлек болса да, жүрегі мен тілегі бір Жіңішкеқұм елді мекеніне ат басын бұрып, «Абай» ауылындағы №59 орта мектептен құрылған көркемөнерпаздары мен мәдениет үйі (клуб) қызметкерлерінің күшімен тамаша сазды бағдарламамен барып, ауыл халқының көңілін бір серпілтіп қайттық. Бұл осы 1 наурыз – Алғыс айту күніне орайластырылған орынды бастама еді.
Ауыл халқының пейілі дархан ғой, шіркін! Бар-жоққа қарамайтын аппақ пейілдерімен қарсы алып, жақсы көңіл күйде тарқасты. Ауыл әкімі Бегалы Дәулетжанов мырза ауыл халқының атынан ризашылығын білдірді.
Осыдан біраз уақыт бұрын қызметтік сапармен барғанымда, маған «Депутат ханым, бізге бір әдемі концерт болса» деп айтқан болатын. Елдің сол аманаттарын орындадым деп ойлаймын. Әрине мүмкіндік болса, бұдан да жоғары дәрежеде ұйымдастыруға болар еді. Дегенмен  міндет орындалды.
Ән де, күй де, би де болған бұл концерт ауыл халқының көңілінен шықты деп білемін. Ауыл берекесі алыстан сезіліп, мен үшін де үлкен толқыныс болды. Сол елдің үлкендеріне сәлем бере барып, кіріп шығу менің азаматтық парызым деп, зейнеткерлер 84 жастағы Жаңабай Ізімов және Дәметкен Кенжалиева апамызға барып, сый-сияпатымды жасап, баталарын алдым. Қазына кеуде, шежіре сандық қариялардың да бұл кештен ерекше әсер алғаны байқалды. Бұл жандар да ауыл халқының бір сәт рухани және мәдени серпіліп қалғанын айтып, ақ баталарын арнап, алғыстарын жаудырды.
Бұл депутаттық еңбек жолымдағы бір тарихи сәт болды. Ел бірлігі мен оның мәңгілік болуы үшін қызмет жасау – менің депутат ретінде және перзенттік парызым деп білемін.
Балалық дәуреніміздегі көп тамашалап, ауыл халқы асыға күтетін үгіт-насихат бригадаларының қызметтері көз алдыма хроникалық фильмдер сияқты елестеді. Сол кездегі адам пейілінің тазалығы мен адамгершілік қасиеттерге куә болдым. Менімен бірге барып қызмет көрсеткен әріптестерім мен қызметкерлерге алғысым шексіз.
Жаңарған қоғам құрып, ел ішінде тыныштық болсын деген тілекпен көтеріңкі көңіл күймен Алғыс айту күні қарсаңында баршаңызға мың алғыс дегім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Ш. Жангүшікова,
№59 Қарақұм орта мектебінің директоры,
аудандық мәслихат депутаты
01 наурыз 2022 ж. 301 0