Еркіндік аңсаған елдің еңсесі биік

Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті, сіңісе білді.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы – бірлік, ел іші– тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.
Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этносаралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын атап өтеді.
Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілі мен ділін еркін қолдануға еркіндік бар.
Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты.
Қазақстанның бірлігі күні барлық балабақшалардан бастап, мектеп, университеттерде, колледждер мен ЖШС, жеке меншіктегі кәсіпорындар мен мемлекеттік ұйымдарда айтарлықтай атап өтіледі. Мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу.
А. ЖҮСІПОВ,
қала тұрғыны