Бүгінгі мектеп түлегі – ертеңгі елдің тірегі
Елдің кемел келешегі білімді ұрпақ қолында десек, білім мен тәрбиенің қайнар көзі мектеп қабырғасынан бастау алады.
Шәкірт ұстаз алдынан тәлім теріп, келешектің асқарында самғар қанатын қомдап, болашақ өмірге деген қиялын ұштайды.
Дарынымен дараланған шәкірттердің жетістігі бала бойындағы ерекше таланты мен қарымды қабілетін, зейінін ашқан мұғалімінің тынымсыз істерінің жемісі екені белгілі.
Арал қалалық №14 мектеп-лицейінің биылғы түлегі Арсен Медеубаев жоғары білім деңгейін көрсетіп, «Алтын белгі» иегері атанды.
ҰБТ нәтижесінде 124 балл жинап, әр пәнге белгіленген шкала бойынша барлық пәнді де «үздікке» тапсырды. Оның мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ағылшын тілі, география пәндерінен өткізілген республикалық олимпиадалар мен басқа да білім додаларында жұлдызы жоғары болды.
Тынымсыз іздену мен мұғалімдер тағылымына терең ден қойған шәкірттің мақсатына қол жеткізу еш қиындық тудырмады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін Арсеннің ұлттық өнерге деген құрметі де жоғары. Домбыра аспабында шебер ойнайды. Көптеген өнер байқауларының жеңімпазы.
«Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» демекші, Арсеннің осындай табыс төрінен көрінуіне бағыт-бағдар беріп, тәлімді тәрбие беруде өлшеусіз еңбектенген ата-анасы мен ұстаздарына алғысымыз шексіз.
Арманы асқақ жас түлектің діттеген мақсатына жетуіне тілектестігімізді білдіреміз.
"Толқын" ақпарат