Қазалы ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен бау-бақша өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және делдалдық қызметті шектеу болып табылады.
Қазалылықтар Қашақбай Пірімов көшесі, «Жеңіс» саябағының алдына қаз-қатар тізілген автокөліктерден өздеріне қажетті заттарды арзан бағада сатып алды.
Шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, ұйымдастырушылардың еңбегіне жеміс тіледі.
Жәрмеңкеге аудандағы азық-түлік тауарларын өндіруші және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтары қатысып, өз өнімдерін халыққа ұсынды.
Мәселен, Аранды ауылдық округінен 2 тонна күріш, Арықбалық, Бозкөл, Сарыкөл, Ақжона, Бірлік, Сарбұлақ ауылдық округтері мен Әйтеке би кентінен 21 тонна көкөніс, бақша дақылдары, Бозкөл, Сарыкөл, Сарбұлақ ауылдық округтерінен 6 тонна асқабақ әкелінді.
Сонымен қатар, 40 бас қой, 900 келі ет, 5 тонна балық, 4 тонна жем, 1,2 тонна сүт өнімдері және «РЗА» акционерлік қоғамының нан, шұжық, сүт және кондитер өнімдері тұрғындарға ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі алдағы уақытта тағы да ұйымдастырылатын болады.



