Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басылым туралы бір ой...

Басылым туралы бір ой...

«Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген керемет тәмсілді мен ойлап таппадым. Бұл осы салада жүріп, ардагер атанған, басылым жұмысын бес саусағындай игеріп, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен майталмандардың пайымды сөзі. «Толқын». Естіген құлаққа таныс, жүрекке жылы атау. Менің  осы басылымда жұмыс істегеніме де 10 жылға жуық уақыт болып қалыпты. Содан бері жаңару мен түлеудің түрлі сатысынан өткен «Толқын» газеті бүгінде негізгі қызметін сақтай отырып, жаңаша сипат алды. Дизайндық құрылымынан бастап оқырман қауымның көзіне ыстық көрінетін сипатқа ие болды. Сонау 1930 жылдың 1 қарашасынан бастап шыққан газеттің бүгін қолыңызға 10842 нөмері тиіп отыр. Алайда, сырт көзге оңай іс іспетті көрінгенімен, газеттің қандай қиындықтармен жарыққа шығатынын бірі білсе, бірі білмес.
2013 жылдың мамыр айында мұғалімдік карьерамды күрт тоқтатып, осы газет редакциясына аяқ бастым. Бұл басылымға деген сүйіспеншілігімнен туған шешім болатын. Ол кезде Шымкентбай Жылмағанбетов редактор еді.  Толыбай Абылаев, Құндыз Дәуітова, қазіргі редактор Абай Елешов сынды алдыңғы буын аға-апаларымызбен әріптес болу бір бақыт болды. Кешегі 80-90 жылдардың отты естеліктерін өзімен бірге осы кезге алып келген сол жандардан біз көп нәрсе үйрендік. Алдына қай уақытта барсаң да жұмыс үстелі қағаздан босамайтын сол кездегі бас редактор Ш.Жылмағанбетовтың «Менің осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жылдай болыпты. Кейде, тіпті алдыма келген мақаланы оқуға беттемей отыратын кездерім болады. Бірақ бір газеттің басы болып жауапкершілік жүктеп отырған соң әрбір әріп үшін жауапты екенімді ойласам, амалсыз бастаған мақаламды шынайы жауапкершілікпен аяқтап шығамын» дегені бар. Иә,  газет шығару оңай жұмыс емес. Әсіресе осы жауапкершіліктің артында мыңдаған оқырманның пікірі мен газет жанашырларының жақсылы-жаманды ойы тұрғанын сезген кезде жауапкершілік тіптен ауырлайды. Баспа тарихында бір әріпке бола халық жауы атанып, жазаға тартылған жандардың да болғанын кейде құлақ шалып қалып жатады. Тіпті тыныс белгісінің орны ауысып, осы жағдай адам тағдырын шешті дегенді де құлағымыз естіген. Демек, баспа басылымдарының бұл қоғамда бәсі биік, беделі зор болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Бір өкініштісі, тарихты жасап келе жатқан осынау басылымдарға деген қазіргі буынның көзқарасы тіпті өзгеше. Бұрынғыдай әр санын іздеп оқитын тек көнекөз қариялар болмаса, жастар жағы некен-саяқ. Қазір шыны керек, жастарды естіген құлақ елең ететін аға басылымдарға шығасың деп таңқалдыра алмайсың. Оның қасында белгілі бір блогерлердің сторисына немесе жасаған бейнематериалына шығасың десе, төбесі көкке жетердей қуанады. Бұл ретте басылымдар да жастарды газет оқуға үйрету мақсатында газет жанынан сайт, ақпараттық агенттік жұмыстарын үйдестіріп, заман ағымына сай жұмыс істеп жатыр. Айта кету керек, бұл тұста «Толқын» газетінің де электронды нұсқасы қолжетімді. Және әлеуметтік желідегі парақшалары мен сайт тұрақты жұмыс жасауда.
Дамыған мемлекеттер басылымның ықпалды күшке ие екендігін әлдеқашан мойындап қойған. Мәселен, Жапонияда түске дейін миллион, түстен кейін миллиондаған данамен шығатын газеттер барға ұқсайды.
Иә, ақпарат ағыны сәт сайын жаңарып, саладағы жылдамдық пен бәсекелестік артқан тұста, баспа басылымдарының да жұмысы түрлі жүйеге бейімделіп келеді. Қазір аймақта көптеген газеттердің интернет нұсқасы жұмыс істеп тұр. Жылдам хабарлар лезде сайт арқылы оқырман назарына ұсынылып жатса, оның толық әрі жүйелі жазылған нұсқасы газет бетіне басылып жатады. Мұндайда журналистердің жұмысы ерекше көзге түседі. Тілшілік тіршілікпен талай тағдырлармен тоғысып, түрлі саламен бетпе-бет келетін бұл мамандық иелері төртінші биліктің өкілі саналады.
Жұрттың жетістігіне қуанып, қоғам ауыртпашылығымен бірге ауыратын басылым журналистерінің бұл жолғы еңбегі де сіз үшін болды құрметті оқырман. Осыдан тура 92 жыл бұрын ақпарат айдынына желкен керген тұғырлы «Толқыныңыз» сізге сырлас болуға жарайды деген ойдамыз. Олай болса басылымға жазылып, газетімізді оқи отырып, қызықты ақпараттарға қанығып отырыңыз озық ойлы оқырман!
А.Бисенов
01 қараша 2022 ж. 451 0