Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көліктерге қызмет көрсету цехын ашқан

Көліктерге қызмет көрсету цехын ашқан

 tolqyn.kz «Тірліктің көзін тапқан...» деген сөз тап осы жігітке арнап айтылғандай. Ол бүгінде халыққа пайдалы іс жасап қана қоймай өзі де тәуір табысқа кенеліп отыр. Біз жас кәсіпкер Дастан Бисенов туралы айтып отырмыз. Бүгінде оның есімі көпке таныс. Әсіресе көлік тізгіндеген ерлер қауімі жақсы біледі. Ол көліктерге арналған аксессуарлық қызмет көрсететін (EVA және 3D поликтер, тонировка, химиялық тазалау, панельге накидка),  тігін цехын ашқан.
Дастан алғаш болып осы кәсіпті қолға алған шақта тігіншіліктен мүлде хабары болмағандығын айтады. Уақыт өте келе ол өз ісінің маманына айналды. Бастапқыда кездескен қиындықтарға сағы сынбаған кәсіпкердің қазір автосалон жұмысымен айналысқанына 4 жылға жуық уақыт өтті. Осыған дейін талай көліктерге жаңаша өң беріп келеді.
– Шыны керек мен бұл кәсіпке кіріскенде тек іштей қызығушылықтан бастадым. Және тәуір табыс көзі болатындығын білдім. Себебі ол кезде Аралда мұндай цех жоқ болды. Көлігі бар жолдас жігіттерім қазір мен көрсетіп отырған қызмет үшін Ақтөбе, Қызылорда, көрші Қазалы қалаларына баратын. Бұл қарап отырсақ артық шығын. Бірақ онсыз тағы болмайды. Содан неге осыны жасап көрмеске деген ой туды. Әйтпесе тігін машинасын маңайлап көрмеген едім. Алғашында өзімнің бар жиған қаражатымды салып, тігін машинасы мен көлік кұралдарын қаптауға қажетті маталарды сатып алып келдім. Сөйтіп жұбайым Гүлбану екеуміз ең алғаш болып есік алдында жарамсыз болып жатқан көне машинаның орындығын қаптап қол үйрете бастадық. Әлі есімде кешке бастаған жұмысымызды таң атқанға дейін 12 сағат дегенде жасап бітірген едік. Сол алғашқы жұмысымыз қазір естелік ретінде шеберханада тұр. Өзімізге ыстық көрінеді, - деген Дастан кәсібін қалай бастағаны туралы айтты.
Осылайша Дастанның қызығушылығынан туған кәсібіне біртіндеп қолы үйрене бастады. Тіпті оған мол табыс әкелді. Алғашқы тапсырыс берушілер легі де келді. Алғашында тек орындықтар қаптайтын болса, бертін келе полик, көліктердің ішкі салонын жаңалап жайнатудың да қыр-сырын меңгерді. Қазір машинаны химиялық тазалау, тұсқағаз(тонировка)жабыстыру, панельге накидка салу сынды қызметтер де көрсетеді. Қаптауға қажетті маталарды Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан арнайы тапсырыспен алдырып отыр.
– Бастапқыда тапсырыс берушілердің қалтасына қонымды болсын деп арзан материалдар алып тігіп жүрдім. Бірақ кейіннен сапалы дүние жасау керек екендігін түсіндім. Сапасы жоғары маталар алдыра бастадым. Қазір адамдардың талғамы биік. Олардың көңілінен шығатындай етіп жасағанда ғана сенің жұмысың көрінеді. Мұндайда сапалы матаның алатын орны ерекше, – дейді.


Дастан кәсібін қолға алған жылдары 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Aral.auto.chehly- көліктерге арналған EVA және 3D поликтер тігу цехының жобасы ауданда алғаш қолға алынып отырған тың бастама болып табылады.
– Жұмысым алға баса бастаған соң үлкен цех ашуды қолға алдым. Осылайша өзімнің  қаржатыммен цех құрылысын бастап кеткен едім. Мемлекет тарапынан берілген грант осы цех құрылысына көмек болды. Қазір  цех толығымен іске қосылды. Менде қызмет түрін молайтуға мүмкіндік туды. Музыкалық қондырғылармен жабдықтау, химиялық тазалау басқа да түрлі қызметтер көрсетіп, тұтынушыларды ешқайда сабылдырмай, менің цехымнан өзіне керектіні табуына жағдай жасап отырмын. Десе де әлі де қажет деген, жоспарда жүрген дүниелер де бар, - деген Дастан алға қойған жоспарларымен бөлісті.

Қазір оны аудан көлемінде көп адам біледі. Жұмысын жоғары бағалайды. Өз  ісіне тиянақты шебердің қолынан шыққан көлік бұйымдары көздің жауын алады. Бүгінді жұмыс ауқымды болған соң бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оларға да жалақыны тұрақты төлеп отырғандығын айтты.
Дастан екі бірдей жоғары оқу орынын бітірген. Бұған дейін мамандығы бойынша да қызмет істеген. Бірақ қазіргі кәсібі несібесін молайта түскендігін айтқан жас кәсіпкер адал еңбектің берекеге бастайтынын тілге тиек етті.

– Өзің сүйіп істеген ісің ғана  сені табысты етеді екен. Мұндай жұмыста кездескен қиындықтарға да сағың сынбайды. Аллаға шүкір, осы кәсіпті қолға алғалы бері ырыс-несібем еселене түсті. Өзіме  не керек екендігін енді тапқандаймын, - дейді ол.
Жас та болса өз ісін дөңгелетіп отырған Дастан жары Гүлбану екеуі 5 баланы өмірге әкелген көпбалалы отбасы. Жарасымды жанұяның тірегі отағасы Дастан өзінің адал еңбегінің арқасында отбасын ырыс пен берекеге толтырып отырған азамат.
Н. Маратқызы
24 қараша 2022 ж. 465 0