Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Балалар әлемі шақырады! »KIDS BOOK FEST библиофестивальі өткізілді

«Балалар әлемі шақырады! »KIDS BOOK FEST библиофестивальі өткізілді

Арал аудандық орталық балалар және қалалық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Аудандық мәдениет орталығында «2022 жыл- Балалар жылын» қорытындылау мақсатында ««Балалар әлемі шақырады! »KIDS BOOK FEST библиофестивальі өткізілді. Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Балалар жылында талай баланың жұлдызы жанып, қабілетімен дарындылар қатарына қосылды.
Мерекелік іс шара Аудандық мәдениет орталығының фойесінде орналасқан «Балаларға базарлық» атты кең көлемді мазмұнды кітап көрмелерімен және Сексеуіл ауылдық балалар кітапханасының «Сиқырлы қылқалам» жас суретшілер үйірмесінің талантты өнерпаздарының туындыларымен танысумен басталды. Шараға 100- ден аса оқырмандар мен ата- аналар қамтылды.
Мерекелік кешті Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы С. Дәрібаев балаларды құттықтау сөзімен ашып, кітапхана ісін дамыту, кітап оқуды насихаттау, кітапхана ісінде жаңа инновациялық технологияларды енгізу, ақпараттық ресурстарды қалыптастыру мақсатында балалар жылында ұйымдастырылған түрлі мәдени шаарлар мен байқауларда белсенділік танытқан балалар кітапханаларының бірнеше оқырмандарын Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б. Махатовтың дипломдарымен марапаттады.
Аудандық ОКЖ директоры Ж. Алишева өз сөзінде: Биылғы жыл Президентіміз Қ.Тоқаевтың бастамасымен «Балалар жылы» болып жарияланды. Балалар жылына орай ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру және балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында көптеген тағылымды кештер , түрлі байқаулар, фестивальдар өткізілді. Арал қаласында орналасқан Орталық балалар кітапханасының және Қалалық балалар кітапханасының кітапқұмар белсенді оқырмандары жүлделі орындарға ие болды. Елдің ертеңі болар жастарымыз,оқырмандарымыз биік белестерден көрінуде,- дей келе бір топ жүлдегер оқырмандарды арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.
Сахнаға «Кітапқұмарлар» үгіт бригадасы шығып, балалар жылының айтулы жаңалықтарын баяндап, кешке жиналған барлық балаларды таңдаулы балалар әдебиеттерімен танысып , оқуға шақырды.
Кішкентай бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған библиофестиваль барысында кітапхананың тұрақты оқырмандары Тұрмағамбет Назым, Жарасханұлы Ернұр , Жеткербай Меруерт әннен шашу шашса, Төремұрат Аяулым, Іздібай Гүлбақыт, Ақсай Аружан, Орынбасар Кәусар, Құндықбаев Арман, Тастыбаев Досжан жергілікті ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Балалар кітапханасының өнерпаз бір топ оқырмандары жазушы М. Әуезовтің «Жетім» шығармасынан үзінді қойып, сахналады. Одан әрі мерекелік кеш Кітап Ханшайымы мен Али мен Айя атты кейіпкерлердің қызықты сәттерімен жалғасты . Кітап Ханшайымының сиқырлы таяқшасы Алдар көсе, Күлше қыз, Алпамыс батыр, Сұлу мен құбыжық, Ертөстік, Қарша қыз бен жеті ергежейлі атты ертегі кейіпкерлерін сахнаға шығарып , көрерменмен қауыштырып , жиналған балаларды таңқалдырды.
Рухымыз асқақ боп әрқашанда
Ұлтыма білім, байлық сана берсін.
Халқымыз оқитын елге айналып
Балалардың бақыты жана берсін!
Көрерменге ерекше көңіл күй сыйлаған библифестиваль еліміздің ертеңі – жас бүлдіршіндерімізді уақытты тиімді пайдаланып, рухани азық болар қызықты кітаптарды оқуға шақырумен аяқталды.
01 желтоқсан 2022 ж. 468 0