Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 100 жас есім: Сексеуілдік теміржолшылар құрмет төрінде

100 жас есім: Сексеуілдік теміржолшылар құрмет төрінде

Қазақстан теміржолшылары арасында «100 жас есім» жобасы дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келеді.  Жоба басталған шақта алғашқылардың бірі болып Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Еркебұлан Аяғанов «100 жас есім» атанған болса, биыл сексеуілдік үш бірдей теміржолшы осы атқа ие болды. Қазыбек Әмірханұлы Садуақасов
Сексеуіл кентінде өмірге келіп, осындағы №177-қазақ орта мектебінде білім алған.Теміржолшылардың мекенінде өмір кешкен соң оның да бала арманы теміржолшы болу еді. Осылайша ол 2007 жылы Актөбе көлік коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түседі.
– Оқу орнында оқып, мамандық ала жүріп әр түрлі спорттық шараларға қатысып, өзімді жақсы,оң қырынан көрсетуге тырыстым. Студенттік кездегі бар жастық мүмкіндігімді пайдаланып, болашақта жақсы маман болу үшін қажетті ілім-білімді алдым. 2011 жылы темір жол көлігіндегі тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару мамандығы бойынша бітіріп, диплом алдым,  – деді Қазыбек.
Қазыбек 2014 жылдан бастап өз мамандығы бойынша Сексеуіл-Қоскөл темір жол желісіндегі разъезд 16 станциясында бағыттамалы қосын кезекшісі қызметіне орналасады. Осында 2 жылдай жұмыс істеп,тәжірибе алып, 2016 жылы Сексеуіл станциясына пойыз құрастырушы қызметіне ауысады.
– Одан экспедитор болдым. Қазіргі танда техникалық кеңсе операторы- пойыз тізімдеуші қызметін атқарамын.Темір жолда қызмет ету халық қатынасын қамтамасыз ететін болғандықтан асқан жауапкершілікті талап етеді. Күн сайын қаншама жүк, жолаушылар пойыздарын күтіп алып, шығарып салып отырамыз. Бізге артылған жауапкершілік жүгі де жоғары. Сондықтан қателесуге болмайды, – дейді ол.
Қазыбек Әмірханұлы өзінің жұмысқа жауапты, ізденімпаз қасиетінің арқасында ұжымдастары арасында сыйлы, еңбегі елеулі бола білген жас теміржолшы. Осыған дейін де ол облыс, аудан, кент әкімдерінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал жуырда "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы АҚ-ның «100 жас есімі» атануының жөні тым бөлек.
– Темір жол саласы – жастардың біте қайнасқан ордасы. Мұнда қызмет жасайтын жастар өте көп. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы жас қызметкерлерінің білімін жетілдіру мен тәжірибе алмасуына қолдау көрсетіп келеді. Бұл менің ғана емес, жалпы ұжымның жетістігі деп ойлаймын. Өйткені үздік атану үшін атқарған жұмыстарың сараланады. Біз қызметті қалтқысыз атқарумен қатар қоғам өміріне де араласып, белсенділік танытып отырамыз. Соның нәтижесі болар үздік жас атанып отырғаным деп ойлаймын, – деді Қазыбек.
Отбасында жалғыз ұл болып өскен Қазыбек Әмірханұлы "Бір өкінішім, ата-анамның осы қызығымды көрмей, өмірден ерте кеткендігі" дейді. Дегенмен  жары Жұлдыз екеуі екі перзенттің ата-анасы атанып, үлгілі жас отбасы болып отыр.
 Рустам Азишев
«100 жас есім» атанғандардың бірі – Рустам Азишев. Ол 15 жылға жуық темірдей тәртіпті темір жол саласында еңбек етіп келеді. Ол 1988 жылы Сексеуіл кентінде өмірге келген. Осында білім алып, кейін Алматы қаласындағы теміржолшы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орнын бітірген. 2008 жылы Сексеуіл локомотив пайдалану депосында еңбек жолын бастады.
– Алғашында жол құрылыс дәнекерлеуші болып қызметке орналастым. Мұнан соң тепловоз машинисінің көмекшісі болдым. Ал қазір жетекші инженер-технолог қызметін атқарып келемін. Жалпы осы мамандыққа жүрек қалауыммен келген соң әр ісімнің берекелі, табысты болғанын қалаймын. Өзіме жүктелен жауапкершіліктен шыға білу керек деп санаймын,  – деді ол.
Рустамның марқұм  әкесі Қуандық та талай жыл темір жол саласында еңбек еткен еді. "Әке көрген оқ жонар" деген сөзді халқымыз бекер айтпаған ғой. Рустам да теміржолшы болуды алдына мақсат етіп қойып, сол салада табысты еңбек етіп жүр.
– Темір жол саласы – еліміздің күретамыры. Халық қатынасыз қалтқысыз қамтамасыз етіп отырғандықтан мұндағы әр қызметкер өз жұмысын жетік меңгерген болуы тиіс. Менің де өзіме жүктелген жауапкершілім бар. Істейтін жұмысың мен өз міндетіңді білсең, қай салада болмасын табысқа жетесің, – дейді Рустам.
Ол жұмыстан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, кент ішіндегі халық жағдайына бей-жай қарамай, көмек қолын сөзып келеді. Елеулі еңбегі жоғары бағалауға да ие болып жүр. Аудан әкімі, кент әкімдерінің Алғыс хаттарымен, темір жол саласы басшылығының мадақтамаларымен марапатталған. "Ал «100 жас есім» атануым тіпті ерекше құрмет болды" дейді ол.
Рустамның жолдасы Мадина да темір жол саласының қызметкері. Еңбек пен тағдыр табыстырған жандар еңбекте абыройлы болумен қатар, отбасында да бақытқа бөленіп отырған жан.
Кенжеғараев Махамбет
Сексеуіл кентінде туып, осындағы теміржолшы халықтың тұрмысына бала кезден қанық болып өскен жерлесіміз Махамбет Кенжеғараев те «100 жас есім» атағын еншіледі.
Махамбет Байғабылұлы 1990 жылы Сексеуіл кентінде өмірге келген.  Кенттегі №231 орта мектепті 2005 жылы үздік бітіріп, Ақтөбе темір жол колледжіне оқуға түседі. Оқуды 2009 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады.
– Ары карай ҚазККА-на түсіп, 2012 жылы бітіріп шықтым. Еңбек жолымды 2013 жылы Сексеуіл темір жол станциясында пойыз құрастырушыдан бастап, бекет кезекшісі, маневрлік диспетчер, станса бастығының шұғыл істер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. 2020 жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы" АҚ-ның пилоттық жобасы аясында «шақыртылған қызметкер» ретінде Ақтөбе өңірлік пойыздар қозғалысын басқару орталығына компания тарапынан шақырту алып, қызметімді ауыстырдым. Қазіргі таңда "пойыз диспетчері" болып қызмет жасаймын,  – деген Махамбет еңбектегі жетістіктері туралы айтып берді.
Ол "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының «100 жас есім»  жобасына Ақтөбе магистральды желі бөлімшесі атынан қатысып, аталған атақты иеленді.
Н. Бақыран
08 желтоқсан 2022 ж. 764 0