«Жоқ! деп айтуды үйрен»

Бұл мака тамырынан немесе эклат тұқымдарынан жасалатын және құрамында мастандыратын, ашуландыратын, сергітетін, тағы басқа заттары бар химиялық қоспа. Егер де бір рет пайдалансаң, екінші рет пайдалану қажет болатын, әсерінен мүгедек, тіпті өлімге жол ашушы, ағзаны зақымдап, есін жоғалтып ессіз әрекеттерді еріксіз жасауға итермелеудегі басты құрал. Ал бұл еліктіруші заттың арбауына адам қалай түседі және түспес үшін қандай әрекеттер жасау қажет?
Біріншіден, дұрыс ортаның болмағандығы. Жолдас, жаныңдағы адамдардың ісіне еліктеу. Екіншіден, алданып, арбауға түсіп немесе нашақор адамдардың күштерінің ықпалынан осындай әрекеттер орын алады. Әрине, мұның тозаққа апарар алғашқы қадам екенін бірі білсе, бірі білмес. Сондай-ақ кейбір есірткісіз өмірдің мәнін жоғалтқандар бұл істі нағыз пайдаға айналдырып, есірткі сатумен және таратумен айналысады. Өздерінің өмірлерін астан-кестен етіп қана қоймай, айналасындағыларға да сол дүниені насихаттап жүргендер заң алдында міндетті түрде жазаланады. Бұны естен шығармаған жөн.
Міне, сол үшін де досым, өміріңді жарқын ету өз қолыңда. Ол қиын дүние емес қой. Бастысы, жаныңдағы жанашыр жандарды, ата-анаңды, бауырларыңды, өзіңнен кіші жас жеткіншекті ойла. Олар саған үлкен үміт артып, сенен үлгі-өнеге аларын жадыңнан шығармағайсың. Бұл оңбас заттар бір сәтте сенің өміріңнің күлін көкке ұшырады. Сол үшін барынша жақсы дүниелермен айналысып, жаныңа тек адал, жанашыр жандарды жина. Сынба, әркімнің арбауына түспе! Бәрі өз қолыңда. Мен саған сенемін. Еліміздің болашағын дені сау, саналы адам ғана көркейте алады. Есіңде болсын, жас дос!
А. Көптілеуова,
Ж.Әбдірашев атындағы
№62 мектеп-лицейінің оқушысы