Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан қорғау – қасиетті борыш

Отан қорғау – қасиетті борыш

«Ешкім іштен батыр болып тумайды: Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады».
Бауыржан Момышұлы
Иә, патриоттық сезім кез келген болашақ иесінің бойынан табылса, ел ертеңінің сенімді қолда екеніне ешкім шүбә келтірмесі анық. Сол себепті де идеологияның бір тармағында осы жайтқа ерекше басымдық беріледі. Аудан көлемінде сол тұрғыда жүйелі жұмыстар жалғасып, мазмұны бөлек шаралар атқарылады. Біз сөз еткен қаладағы №220 орта мектебінде көрініс тапқан тағылымды шара соның тағы бір айғағы.
Бұл іске ұйытқы болған республикалық «Мұрагер» ардагерлер қоғамдық бірлестігінң Қызылорда облысы филиалы еді. Аталған мектеп оқушыларымен жүздескен аудандағы филиал төрағасы Еділ Өтепов жастарға сапалы білім, саналы тәрбие берген ұжым мүшелеріне алғысын білдіріп, ұл-қыздарымыздың елін, жерін сүюге деген құлшынысын арттырудың қазіргі таңда маңыздылығы орасан екенін алға тартты. Сондай-ақ, аталған бірлестіктің Арал ауданындағы кураторы Мұратбаев Алдамберген және қаруластары Кірбасов Бақыт, Иманғазиев Назар, Қожамберлиев Абдрахман, Ізтілеуов Тұрмағамбет шет мемлекетте әскери қызметте болған кездерден әңгіме шертіп, сол жылдардағы жағдай бүгінгімен мүлдем салыстыруға келмейтінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, емен-жарқын әңгіме барысында жастарды Отан қорғауға шақырып, елдік мүдде жолында ештеңеден қаймықпау қажеттігін еске салды. Кездесу аясында жеткіншектер әскери өнерге машықтанып, қару-жарақты бұзып, қайта құрастырудың қыр-сырын үйренді. Осындай сайыс №64 орта мектебінде де жалғасып, оқушылар қару ұстаудың ережелерін көңілге тоқып, көп нәрсеге қанықты. Шара қорытындысында үздіктер қатарынан табылған шәкірттер бастамашылар тарапынан алғыс алып, марапат еншіледі.
А. ЕЛЕШ
Фото: baq.kz
18 ақпан 2023 ж. 560 0