Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көршілерді мойындатқан команда

Көршілерді мойындатқан команда

Бұқаралық спортты дамыту мемлекет алдында тұрған басты мәселелердің бірі. Оған дәлел жыл сайынғы Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған басымдық беріп отырады. Жалпы мемлекеттің де мәртебесін әлемдік аренада айшықтап көрсететін саланың бірі де, бірегейі спорт екендігі жасырын емес. Қазіргі заманда баланы спортқа бауылып, салауатты өмір салтын насихаттау да игі іс. Біздің арамызда да өз алдына футбол командасын құрып, өз беттерінше жарыстарға қатысып аудан атын жақсы жағынан шығарып жүрген әуесқой спортшылар бар. Солардың бірі – «Порт» футбол құрама командасы.
«Порт» командасы 2015 жылы әуесқой футболшылардан құралған. Командаға Төребек Дәрмағамбетов жетекшілік етеді. Жалпы бұл футбол командасының мүделерінің спорттық киімдері мен сырт өңірлерге жарыстарға барғандағы жол ақысына да демеушілік жасап отырған Төребек. Команда мүшелері кәсіпқой спортшылар емес. Қоғамда белгілеп алған әрқайссының өз мамандығы бар. Әр саладағы қызметкер азаматтар. Жас айырмашылықтары да бар. Алды 35 жаста болса, кішілері 17 жаста. Бірақ оларды спортқа деген сүйіспеншілік осы топқа біріктірген.
– Командадағы жігіттер спортты жан жүрегімен сүйеді. Олар өз командасына шын жанашыр. «Прот» командасында осындай спортшылар жиналған. Біз осынша жылдар ішінде тауды жарып, тас қопарып тастадық деп айта алмаймыз. Бірақ команда мүшелері жетілді. Өздерін мойындатты. Мен оларды тәжірбие жинасын деп, қызылордалық әуесқойлар арасындағы футбол жарысына, көршілес Қазалы ауданына жиі апарып жүрдім. Тіпті соңғы екі жылда Қазалы ауданының қыстық, жаздық әуесқойлар футбол лигасына қатысып жүр, – дейді ТДәрмағамбетов.
Бүгінгі әңгіме де осы турасында болмақ. Яғни, Қазалы ауданында дәстүрлі өтетін әуесқой футболшылар арасындағы қысқы және жазғы ала доп додасында «Порт» командасының жеткен жетістіктері бір шоғыр. Қазалылық футбол сүйер қауым «Портты» жақсы таниды. Тіпті ондағы әрбір ойыншы туралы ақпаратқа қанық. Көршілердің қошеметіне бөленіп, Порттың ойынын тамашалау үшін келетін көрермен тапқан.
– Әр аптаның жексенбі күні Қазалыға барып әуесқойлар арасындағы лигаға қатыстық. Көршілес ауданның футбол деңгейінің жоғары екендігін айтуымыз керек. Ойыншылар арасындағы мәдинет, командалардың қарсыластарына құрметпен қарауы, төрешіні құрметтеу жолға қойылған. Мойындау керек, ең алғаш қатысқанда біз өзіміздің осал екенімізді білдік. Ал келесі ойындарда жаттығу мен ізденісті молайттық. Бірақ спортшы үшін баппен бірге бақ та қатар шабу керек сияқты. Өткен жылғы чемпион команданы биыл жеңсек те, жеңіс тұғырына шыға алмағанымыз өкінішті. Бір қуантатыны бізге деген қазалылықтардың ыстық қошеметі зор. Ерекше ықыласпен шығарып салды. Осыдан артық жеңіс бар ма? - дейді команда капитаны Ерлан Досжанов.
Команда чемпион болмаса да өткен жылғы жазғы, биылғы қысқы лигада «Порт» командасының мүшесі Рахымбек екі мәрте, ең көп гол салған спортшы ретінде танылып, «Сұрмерген» атанды. Осылайша Қазалының әуесқойлар лигасының тарихында қалды.
– Жетекшіміз Төребек Әділбекұлына алғыс айтамыз. Бізге демеуші болып, бар шығынымызды көтеріп, өзімізді танытуымызға, Арал ауданының атын шығаруымызға көмегін көрсетіп жүр. Енді басшылық тарапынан біздің жаттығуымызға, ойын ойнауымызға зал мәселесін қарасытырып берсе деген кішкене өтінішіміз бар, - деген капитан Е.Досжанов біздің ауданда да әуесқойлар лигасын дамытса деген ойын ортаға салды.
Өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткені жөн-ақ. «Порт» командасынан да бөлек біздің ауданда да әуесқой спортшылар көп. Солардың мүмкіндігін шыңдауға қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
19 ақпан 2023 ж. 326 0