Қоштасудың қиыны-ай!..
Күн ұзағына Марал әженің көңілі алабөтен күйге еніп, абдырап жүрді. Қолына ұстаған затын түсіріп алып, абдырап жүргенін немересі Шынар да байқап жүр. Бірақ кәріліктің әсерінен болар деп ештеңе демеді. Әйелдің жүрегіндегі тебіреніс отын лаулатпақ болғандай ортаңғы бөлмеде қосулы тұрған теледидардан концерттік бағдарлама қойыла кетті. Бір сәт «Алғашқы махаббат жүректі тербейді» деп басталатын өлең жолдарынан құралған ән әуені сарнай бастады. Ас үйде бүкшеңдеп жүрген Марал әже дереу теледидар алдына келіп жайғасып, басын шайқап, көзінен мөлдір тамшылардың қалай тамып жатқанын өзі де байқамай қалды. Мұны көрген Шынар басында шошып кеткен. Бірақ оның ішінде осы әнмен байланысты бір шер-шеменнің барын түсініп, әннің біткенін күтті. Қоңыр үнмен әуелеген ән де аяқталды.
– Еһ, дүние-ай, – деп ауыр күрсініп алды. Осы сәтте манадан әжесін сырттай бақылап жүрген Шынар жанына келіп жайғасты.
– Әже, жағдайыңыз қалай? Өңіңіз қуарып, бүгін бір түрлі болып тұрсыз ғой, – деп әжесінің қолынан ұстады.
Біраз үнсіздіктен соң, әжесі тамағын кернеп, сөйлеуге ыңғайланды.
– Шынар, сенің жасың қаншада қазір?
– Биыл жиырмаға келемін ғой, әже.
– Тура сол кездегі менің жасым да жиырмада болған, – деді де дауысы дірілдеп, тағы үнсіз қалды.
– Қай кезді айтасыз, әже? Жас кезіңізде бір қиындыққа душар болып па едіңіз? – деп сұрақты жаудырып, жауап бермесіне мұрша қалдырмады.
– Қызым, бұл менің талай жылдан бергі жүрек түкпіріме көміп тастаған жан сырым. Оны адам баласына айтқан емеспін. Бірақ одан бері талай заман өтті. Талай адам кетті. Енді жасырғанда, жасырмағанда пайда жоқ, – деген Марал әжей әңгімесін айтуға ыңғайланды. Ал Шынар болса әжесінің аузынан шыққан әр сөзді қалт жібермей тыңдай бастады.
– Мен әкемнің ерке қызы болып өстім. Әкем совхозда бригадир болды. Анам дүкенші. Еркелеп жүріп оқуды қарық қылған жоқпын. Несін жасырайын. Бірақ көрікті қыздардың қатарынан едім. Мақтанғаным емес. Әкем көрікті кісі еді. Бәрі менің сол кісіге тартқанымды айтатын. Шаштарым қара, қайратты, қою қара қасты, көздерім де қап-қара болды. Өзім мүсінімде мін жоқ қараторы қыз болдым. Мектеп бітірген соң бәріміз бір жылдай совхозда жұмыс істедік. Сонан соң оқу қуғандар қалаға оқуға кетті. Қалғандары сол совхозға жұмысқа орналасып қалды. Біз мектепті бір сыныпта 30 бала бітірдік. «Ең алғашқы махаббат басталады партадан» дей ме? Бедер екеуіміз бір партада отырдық. Ол – оқу озаты. Маған "сабақ оқысаңшы" деп ақылын айтады. Ал мен болсам оны құлаққа да ілмеймін. Оған деген жүректегі алғашқы нәзік сезімнің қай уақытта бүр жарғаны да есімде жоқ. Ол кедей отбасынан шыққан еді. Әкесі ерте қайтқан. Жалғыз апасы бар. Арманшыл еді. Алдына биік мақсат қойған. Ылғи маған армандарын айтып жүреді. Сол армандарының арасына мені де қосып қояды. "Саған әлемді аралатамын" дейді құшағын кең ашып. Мен оған "әуелі өзің аралап ал, сонан соң мені апарарсың" деп қалжыңдап келіп күлемін.
...Сол сәт, басталды бәрі. Біз осылай қиял атты жүйрік атқа мініп алып, жүйткіп жүргенбіз. Кенет ол мені қапсыра құшақтай алды. Мұны күтпеген менің денем тоқ ұрғандай дір ете қалды. Ол қолын жіберер емес. «Сен сондай қылықты да тәтті қызсың. Мені елітіп әкетесің» деді. Ол да көрікті жігіт еді. Тек жұпыны киінетіні болмаса. Сол күні мен де оны ұнататынымды ұқтым. Екеуміз күнде ауыл сыртындағы сайда кездесеміз. Ол маған өзінің армандарын айтады. Жоспарларымен бөліседі. Ал сенің болашақта қандай жоспарың бар деп сұрайды. Мен басымды иығыма қисайтамын. Шынымен мен ол кезде ойсыздау болдым.
– Мейлі, сен менің әйелім боласың. Сосын менің армандарыма бірге жетеміз,– дейді.
Совхозда да қырқымда бірге жұмыс істедік. Ол кез керемет шақтар еді ғой. Еш алаңсыз шаршауды білмейтін. Жұмысты ойнап жүріп атқарып тастаймыз. Бедер ылғи менің жанымнан табылады. Жұмыстың да ауырын сол жасайды. Мен әкемнен кейін соған еркелеймін. Ол болса мені сол қылығыммен ұнатып, одан сайын тәлпіштендіріп жібереді. Мектеп бітірген алғашқы жылы осылай совхоз жұмысын атқарған соң, ол оқуға кетемін деді. Ал мен ауылда калдым. Ол кететін күні екеуміз тағы сол кездесу нүктесінде қауыштық.
– Марал, мүмкін менімен қалаға барарсың-а?
– Қойшы, қайдағыны айтпай, онда үй жоқ, күй жоқ, сен сияқты оқу жоқ, не деп барамын?
– Сені тастап кеткім келмей тұрғаны. Бір түрлі ішім алай-дүлей. Бір жамандық болатын сияқты. Мұны естіп, мен қарқылдап күлдім. Бірақ іштей мен де оны қимай жылап тұрдым.
– Кездесу үшін қоштасу керек дегенді естіп пе едің? Сен әйтеуір қаланың сылқым қыздарын көріп, мені ұмытып кетпесең болды да.
– Қойшы, бұл әлемде мен үшін сенен асқан сұлу жоқ қой, пұшық қыз, – деп мұрнымнан қысты. Ол мені солай атайтын.
Күн өткен сайын оны қатты сағындым. Ішім бос қалғандай. Бір дүнием кем болып тұрды. Суретін жастығымның ішіне тығып қойып, күнде түн төсегіне жатқанда соған қарап әңгіме айтамын. Бауырыма қатты қысып, сағыныштың ыстық жасы тамшылап жатып ұйқыға кетемін. Ол кезде телефон деген жоқ. Оған хат жазамын. Ал оның жазған хаты маған бір ай дегенде келеді. Біздің сыныптан Бедердей оқуда алғыр біршама қыз-жігіттер қалаға кеткен білім қуып. Солардың бірі – Бүркітбай. Ол оқудан шығып қалып ауылға келді. Оның келгенін естіп, Бедерді сұрау үшін жанұшыра үйіне жеттім. Ол менімен амандасып, жайланып алды да, асықпай әңгімесін бастады.
– Әй, Бедер қазір қатты өзгерген. Саған хат жазып жүр ме өзі? Өткенде бір аппақ әдемі қызбен қол ұстасып жүргенін көрдім. Қасына жақын барып: "бұл қылығың не сенің, ауылда ана Марал байғұс зарыға күтіп жүр ғой" деп едім. "Шатағың болмасын, жоғалшы әрі" деп жолынан итеріп салып кете барды, – деді.
Мен оның бұл сөзіне сенген жоқпын. Ал Бүркітбай болса: "мен Бедермен дұрыс болмасам да, сенімен ара-қатынасым жақсы ғой. Жалған айтып сенің жаныңды қинап қайтемін. Тек сен алданып, опық жеп қалмасын деп жатырмын" деп өз сөзіне сендіріп бақты.
Менде ебіл-себіл жылаудан басқа амал болған жоқ. Өзегім өртеніп, ащы өксік кеудеме тығылды. Неше күн, неше түн ас-сусыз жатқаным есімде жоқ. Бүркітбайдың сол сөзіне иланып, "мен де одан бас тартамын, ұмытамын" деген шешімге келдім. Оған "мені ұмыт. Мен тұрмысқа шығайын деп жатырмын" деп хат жазып жібердім. Онсыз да ауылда соңымнан қалмай жүрген жігіттер көп еді. Солардың ішінен өзіме лайықтысын қарастыра бастадым. Сосын сенің атаңды таңдап алдым. Ол кезде атаң біздің ауылға қатынап жұмыс істеп жүрген. Мені совхоз конторынан көріп, танысып алып қырындап соңымнан қалмай жүрген еді. Өзім де оны мазақ етіп қоятынмын. Ал осы жайттан кейін оған ыңғай білдірдім. Атаң жиырма беске табан тіреген жігіт. Өз көрші ауылдың совхоз есепшісінің баласы. Ол маған бірден "үйленейік" деді. Менің де күткенім сол болатын. Өзімше Бедерге ерегесіп жүрмін іштей. Сен басқа қыздармен сауық-сайран құрғанда, менің қолымнан келмейді дейсің бе? деп атаңа "мейлі, үйленсек үйленейік" деп келісім бере салдым. Мен үшін үйлену деген сондай оңай шешім болды. Ол сол үйленуді арғы жағында қандай жауапкершілік жатқандығын білген де жоқпын. Атаң қатты қуанды, ата-анасы құда түсіп келіп, сырға салды. Араға бір апта салып үйден ұзатып алып кетіп, беташар тойымды жасап келін етіп түсірді. Осылай менің жаңа өмірім басталды. Тойдан кейін бір апта, он күндей уақыт өткен соң ба, нақты есімде жоқ кішкене қайын інім «жеңге, сізді анау талдың бұрышында бір аға шақырып жатыр» деді. Тосырқай жалтақтап қайын інім нұсқаған талға қарай бардым. Қарсы алдымда көздері жәудіреп Бедер тұр. Оны көріп, жүрегім жарыла жаздады. Дереу жүгіре барып мойнына асыла кетпек болғанда, өзімнің біреудің келіншегі екендігім есіме түсіп кетіп, кілт тоқтадым.
– Рас екен ғой. Сенбеп едім. Ақыры мені тастап, тұрмысқа шығып кетіпсің. Біліп едім, түбі осылай боларын. Мен сені сүйемін. Сенсіз күнді зорға батырып, таңды зорға атырып, саған жетер күнді асыға тосып жүрсем...
– Мен бе бәріне кінәлі сонда. Қалада өзге қыздармен қолтықтасып қыдырып жүресің. Ал мені ауылда сені күтіп жатады дедің бе?
– Қайдағы қыз, қайдағыны сандырақтап тұрсың?
– Бүркітбай маған бәрін айтты.
– О-о-о, ақымақ, ақымақ ол деген менің жиен қарындасым ғой.
Ал енді қайтем. Бүркітбайдың жазғыруына сеніп, ақымақ болып біреудің оп-оңай әйелі болып шыға келдім. Ал сүйгенім менің үйленемін деген хатым қолына түсе сала сабағынан сұранып, ауылға құстай ұшып келіп тұр. Шегінерге жол жоқ. Екеуміз бір-бірімізге қарап егіліп ұзақ тұрдық. Ол да, мен де жыладым.
– Кездесу үшін қоштасу керек деп едің, енді біз кездеспейміз мәңгіге қош бол, бақытты бол!– деді де бұрылып кетіп қалды.
Артынан жүгіріп барып, құшақтап жібергім келмей қойды. Бірақ олай жасауға болмайды. Оны қатты сағынғанмын. Осылай ол менің мәңгі сағынышым болып қала берді. Бір сәт ажырасуды да ойладым. Бірақ оның маған оралмайтынын білдім. Оның үстіне ажырасу оңай шаруа емес бәріне қолды бір сілтеп кете салатын. Атаң бұны білді. Білсе де үнсіз көнді. Мен оның сол бір қасиетін бағаладым. Кейде түн төсегінде оның құшағында жатып, Бедерді ойлап егіліп жылайтынмын. Ал атаң соны білсе де білмегенсіп теріс бұрылып жататын. Өлерінің алдында атаң:
– Сен маған адал жар болып, осы үйге келіндік қызметіңді атқардың. Ұл мен қызды да тауып бердің. Сол үшін алғысым шексіз. Бірақ мені өкіндіретіні – мен сенің жүректегі қалаулың бола алмадым. Қанша заман өтсе де, сен оны шын жүрекпен сүйдің. Сүйесің де. Бәлкім, бұл менің әлсіздігім шығар. Сенің жүрегіңді жаулай алмаған. Ол неткен бақытты адам, – деді.
Әжесінің әңгімесін үнсіз тыңдап отырған Шынардың да жүрегі езіліп кетті. Махаббаттың сондай құдіретті сезім екендігін естіген, бірақ әлі бастан кешіп көрмеген қыз әжесіне іштей таңырқап қарап аяды. Сосын үзіліп қалған әңгімені жалғады.
– Қазір ол ғашығыңыз қайда, әже?
Ол сол кеткеннен қалаға қайтып кетті. Содан ауылға ат ізін саған жоқ. Сонда оқуын аяқтап, қызметке орналасыпты дегенді елден естіп жүрдім. Кейін біртіндеп ауылдағы бауырлары да қалаға кете бастады. Анасын да көшіріп әкетті. Бірақ отбасын құрмай, ұзақ жүрді. Отыз беске кіріп барып үйленгенін естідім. Бақытты болуын тіледім. Ол кезде менің бес балам бар еді. Неше баласы барын білмеймін. Қайсыбір жылы сыныптасым оның өмірден өткендігін айтты. Оны естіп төсек тартып, бүк түсіп жатып қалдым. Жаным қатты құлазыды. Ол менің мәңгі сағынышым болып қала берді. Бүгін оның туған күні еді. Соған жеті шелпек пісіріп, таратып жіберсем деп ойлап қамыр ашытып қойып ем деп Марал әжей ас үйге қарай беттеді. Шынар әжесінің әңгімесінен кейін диванда ұзақ отырды. Бір сәт есіне бірдеңе түсіп кетіп, дереу жүгіріп әжесінің ылғи жанынан тастамайтын жастығының сырт қабын ашып, ішіне қол салып еді, қолына бір қатты зат ілінгендей болды. Алып қараса ескі сурет. Күңгірт тартып кетсе де ғашық жүректің жұбанышы болған құнды қағаз. Шынардың артынан келіп қалған әжесі: "суреттегі мен айтқан Бедер деген жігіт" деді.
Махаббат деген ұлы құдіретті сезім деп ұлылар бекер айтпайды. Шын махаббатты сезінудің өзі бір бақыт! Бірақ өмір бойы оны сағынып, аңсап өту жүрекке ауыр дерт жамаумен тең. Жаныңа жақын көрген адамға жақсы көретініңді айт. Және оның сезімін аяла. Қандай жағдай болса да ең соңғы сөз сол адамнан болсын. Тым қысқа өмірде жан тыныштық тапқанға не жетсін...
Н. МАРАТҚЫЗЫ