Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапхана түні: Кітап әлемінің сиқыры

Кітапхана түні: Кітап әлемінің сиқыры

Аудандық орталық кітапханада 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап әлемінің сиқырлы түні» атты құпия сырға толы кітапхана түні өткізілді.
Кітапхана түнінің мақсаты – кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту.
Құпия сырға толы кітапхана түнінде «Кітапхана шақырады, кітаптар шақырады» жас кітапханашылар флешмобы, «Дәмді кітаптар» библиокафе, «Түнгі кітаптар сыры» кітаптар айтысы, «Мені оқы!» кітап аукционы, «Ретро стилінде» фотоалаң, «Жастардың жалынды алаңы» Ретро кеші, «Елестер лабиринті», дәмді фуршеттер оқырмандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жанға жайлы демалыспен қатар рухани нәр берер кітаптармен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.
Фестивальді Арал ауданы әкімінің орынбасары К.Бержанов алғы сөзбен ашып, рухани және мәдени дамудың басты құралы кітап оқудың өміршеңдігін жеткізе келе, бүгінгі кітапхана түніне сәттілік тіледі. Әр бөлімде ерекше форматта өткізілген, оқырманға рухани білім мен демалыс сыйлаған тағылымды шаралар өз оқырмандарын қызықтырып, ерекше көңіл күйге бөледі.
Кітапхана түнінің қызыққа толы бағдарламасының бірі – «Түнгі кітаптар сыры» кітаптар айтысы болды. Аталған бағдарламада ерекше құпияға толы, тарихқа кенен, мол ақпарат беріп, адамзат баласын жан-жақты біліммен сусындатып, рухани кемелдендіретін жаратылыстану, көркем әдебиет, техника және балалар әдебиетінің өкілдері өзара айтысып, кім мықты екенін, оқырмандарға өздерінің қаншалықты қажет екенін, адам өміріне әкелер пайдасын айтып айтысты.
Сиқырлы кітапхана түнінің қонақтары, кітапхананың оқырмандары сырға толы өткен шақтың жалынды естелігін еске алып, сол кезеңдегі көркем әдебиетке деген ерекше махаббаттың куәсі болды.
Өнерлі кітапханашылар ұсынған «Тақиялы періште» көркем фильмінің үзіндісі көпшіліктің көңілінен шығып, керемет әсер сыйлады. Қойылым барысында кітапты сүйіп оқитын қыздар сол дәуірдегі әдебиеттің құндылығы, адам өміріндегі әсері жайлы әңгімеледі.
– Десе де, бізден кейін де адам баласы цифрлық-нанотехнологиялар дәуірінде отырып та көркем шығарманы іздей береді дегім келеді. Себебі келешекте адамзат өзінің көркем әдебиетсіз ешкім емес екенін анық түсінетін болады. Иә, бәрі өзгереді, тек қана классикалық әдебиеттегі жазушылар жеткізетін армандар мен қиялдар, эмоциялар, қарапайым адамға тән сезімдер ғана бұрынғыша қала бермек, – деп сол кезеңдегі қырағы жастар болашақты болжады.
Себебі сол дәуірдегі көркем әдебиетте махаббат та, нәзік сезім де, адалдық та, қоғамды түзейтін күш те болды. Жастар әдебиетті сүйіп оқыды, әрбір жазушының жазған әр кейіпкеріне ұқсап өсті. Осы кездегі қоғамның мықты қаруы қалам болды. Өткен шақтағы аға ұрпақтың көркем әдебиетке деген ыстық ықыласын жас ұрпаққа өнеге ете отырып, сол заманғы адамдардың пейіліне де бір уақыт көңіл бөлу арқылы, аңғал да адал адамдардың мінезін аңғартатын комедиялық кино «Тақиялы періштедегі» қалындық іздеген Тана мен комендант Жамал, сол кітапхана қыздарының ішінен қалыңдық таңдады. Жас кітапханшылардан құралған жатақхана ішіндегі оқымысты қыздар өз өнерлерін көрсетіп, қалыңдық болуға таласқан қылықтарымен мазмұнды шараға өздерінше әр бере түсті.
Сырға толы кеш барысында «READ MЕ» жобасы аясында кітапқұмар оқырмандар қатарын көбейтіп, олардың еңбегін насихаттау мақсатында кітапхананың оқырмандары арасында «Мені оқы!» кітап аукционы өткізілді.
Кештің басы кітаптағы ең құнды тарихи дастандардағы ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған асыл мұраларын түрлі-түсті кітап арқылы жеткізе білетін оқырмандардың кітаптар шеруімен басталды.
Кітапқа құмар жандар үшін ерекше кітап аукционы – озық оқырманды анықтау және тамаша шығарманы оқуға кеңес беруге арналған алаң. Бұл алаңға шыққан әр аукцион қатысушыларының ұсынған кітаптарымен танысып, үздік таныстырылымын бағалау мүмкіндігі осы кештің қонақтарына бұйырды. Кітап аукционы арқылы ауданымыздағы кітапханалардың тұрақты оқырмандарының кітап таңдаудағы талғамын, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін тамашалауға жақсы мүмкіндік болды. Барлық аукцион қатысушыларының ұсынған кітаптары көрермен жүрегіне жол тауып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын оята білді.
Кітапхана кітап беру, алу ғана емес, қазіргі таңда оқырмандардың демалыс орнына, жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, жаңа орта қалыптастыру аймағына айналып отыр. Кітап оқу заманға, уақытқа, мансапқа, жасқа, кәріге қарамайды. Кітапханада ұйымдастырылған осы бір мәнді шара соның айғағы іспетті.
Н. БАҚЫРАН 
29 сәуір 2023 ж. 574 0