Елді қорғау – ерге міндет
Отан қорғаушы! Әскери қызметкер! Қандай әдемі, қадірлі мансап. Өз Отанын қорғау еліміздің әрбір ер-азаматының қасиетті борышы. Ол - батырлықтың, табандылықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны. Ол – заманға да, уақытқа да тәуелсіз, өзгермейтін махаббат.
Қазіргі таңда әскери борышын өтеген азамат өз қалауымен әскери мансап жолын бастауына болады. Ол – Отан алдындағы міндетін одан ары атқарғысы келетін, патриот жанға туған керемет мүмкіндік. Осы бастаманы қолдаған азаматтың бірі – Құттымұратов Ерғали Құттымұратұлы.
Ерғали 1996 жылы 27 маусымда Арал ауданының Жақсықылыш кентінде дүниеге келген. Бала кезде балалықпен түрлі мамандық иесі болғысы келген оның ойын әкесінің әскер қатарындағы суреттері мен әңгімелері қызықтырған екен. Сол себепті мектеп жасынан түрлі спорттық жарыстарға қатысқан. Дегенмен отбасылық жағдайларға байланысты 9 сыныптан кейін Қызылорда қаласындағы гуманитарлық-заң және техникалық колледжіне «Жанармай станцияларын салу, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуын 2015 жылы жақсы аяқтап, ауылдағы тұз өндіру цехына жұмысқа тұрады.
Бала арманы санасына орныққан Ерғали 2017-2018 жылдары қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 2038 әскери шекара бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Онда «Кіші тексеруші» шенінде қызметін абыройлы атқарып, борышын өтеп, елге оралады.
Ерғалидің ойынша: «Егер ер адамның өз ерік-жігері мықты болса, әскери борышын өтеу ешқандай қиын емес. Бастысы, келген қиындықтарға төтеп бере алса болғаны. Шыдамдылық пен төзімділікті үйретіп, Отанның, отбасының қадірін білу үшін жастарға жақсы мектеп. Болашағын әскери қызметпен байланыстырғысы келетін азаматқа керемет мүмкіндік». Сондықтан әрбір ер адам әскердегі борышын өтеуге міндетті деп санайды.
Әскери қызметін атқарып келген соң, мамандығы бойынша Атырау қаласына жұмысқа орналасады. Осылай жүріп, отбасының қолдауымен әскери қызметкер болу мақсатында ҚР ҰҚК «Шекара қызметі Ақтөбе облысы департаментіне" құжаттар тапсырады. Арнайы емтихандар мен медициналық тексеруден сәтті өтіп, 2020 жылдың 24 қыркүйегінде, ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша «Ақырап» шекара бөлімшесінің 3-ші мобильдік тобының аға барлаушысы қызметіне тағайындалады.
«Әрбір жұмыстың өз қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Сол секілді шекара қызметінің де қиындықтары мен өз ерекшеліктері бар. Бастысы – жауапкершілік. Әрбір сәт сайын өзіңнің Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, борышыңды өтесең, барлығы жақсы болады. Өз ісін сүйетіндер үшін шекара қызметі абыройлы міндет», – дейді Ерғали Құттымұратұлы.
Бүгінде Ерғали Құттымұратұлы бақытты отбасының отағасы, бір қыздың әкесі. Өзінің кәсіби міндетімен қатар отбасына да көңіл бөліп, уақыт табады. Әулетінің, жары мен қызының мақтанышы – Ерғали алдағы уақытта өз ісінің майталманы болуды мақсатқа айналдырған.
Біраз жылдар бұрын ата-бабамыз қанымен қорғаған қасиетті мекенімізді қорғау – шын патриоттың қолынан келер іс. Қазіргі таңда да әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көптеп көрсетілуде. Оның өзі де қиын да қасиетті мамандықтың атын биік ұстауға, жас өркеннің қызығушылығын оятуға арналған шара.
Иә, азаттықтың алтын күні батпауы үшін және егемендік шапағы мәңгілік шуақ шашып тұруы үшін де шекарашылар қызметі маңызды. Онсыз мемлекет те болмақ емеспіз. Арам пиғылды адамдардың бейбіт күнге қол сұқпауын қадағалайтын барлық Отан қорғаушыларға қадірлі мейрам қарсаңында абыройлы қызмет жолын тілейміз!
ӘЛНИЯЗИНА