Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтықтан сақ болыңыз!

Алаяқтықтан сақ болыңыз!

Алаяқ алдау-арбау амалдарын қолданып, басқаның сеніміне кіру арқылы қылмыс құрбанының мүлкін жымқыруды көздейді және басты мақсаты – осы жолмен пайда табу.
Қылмыскерлер алдау және бөтеннің сеніміне кіріп, оңай олжаны иемдену әдістерін үнемі өзгертіп отырады.
Соның ішінде кең тарағандары:
– Ұялы телефон арқылы тұрғындарға хабарласып, полиция және басқа да құқық қорғау органының атын жамылып, баласының (немесе басқа да жақын туыстары) есірткі затымен (немесе басқа да ауыр қылмыстық құқық бұзушылығы үшін) ұсталғанын хабарлап, оны босатып алуға ақша талап етеді.
Бұндай жағдайда міндетті түрде құқық қорғау органдарына хабарласып, мән-жайға көз жеткізіңіз.
– «Несие рәсімдеу арқылы бір зат алсаңыз, екіншісі тегін немесе қомақты сыйақы (бонус) аласыз».
Телефон қоңырауы арқылы немесе хабарлама түрінде келген осы тектес үгіттеулерге сенбеңіз (таныс, туыстарыңыз үгіттесе де).
Бұндай жеңілдіктерге тек өзіңіз барып көз жеткізуіңіз қажет. Аталған сыйлықты кейін салып жібереміз немесе есеп шотыңызды айтыңыз, соған аударамыз деген желеу көп жағдайда алаяқтардың әдісі болып табылады.
– «Егер Сізде несие алуға шектеулер болып, бірақ ақша өте қажет болса тауарлық несие рәсімдесеңіз, тауарды өзіміз алып, сізге ақша күйінде қайтарамыз».
Аталған үгіттеуге көнбеңіз. Себебі несиеге алған тауарды ақауына байланысты кері қайтарып, ол үшін төленген ақшаны тауар алушыға қайтару, тек Сіз несие алған банк пен тауар алған сауда үйі арасында ресми жүргізіледі.
– «Егер аяқ астынан қаражат қажет болып, ал Сіз интернет қосымшалар арқылы несие рәсімдеуді білмесеңіз немесе өзіңізге сенімсіз болсаңыз».
Онда несиені банк бөлімшелеріне бару арқылы рәсімдеңіз. Бұндай жағдайда ешкімнен көмек сұраудың қажеті жоқ. Себебі жеке мәліметтеріңіз өзіңізде ғана болу керек.
Тәжірибеде көмек көрсеткен сыңай танытып, рәсімделген несиені өзінің есеп шотына аударып алатындар көп кездеседі.
– «Белгілі бір компанияға салым салсаңыз қысқа уақытта еселеп қайтарамыз».
Бұндай жарнамалар қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде көп кездеседі және бұған сенбеңіз. Сіз салған салым немесе жинақтау қоры үшін сыйақы төлеу қызметі тек банктермен жүргізіледі. Салым салып, ақша жинақтап пайда тапқыңыз келсе банк бөлімшелеріне тікелей барып, жүзеге асыру қажет.
– «Мемлекеттік қаржылай көмектерді (субсидия, грант, т.б.) алып беруге жәрдемдесеміз».
Бұл жарнама алаяқтардың құйтырқысы. Себебі, кез келген мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай көмектер тек тиісті мекемелер арқылы жүргізіледі және өзінің тиісті талаптары мен шарттары болады.
Құрметті аудан тұрғындары, бұл келтірілген мысалдар тек алаяқтық әрекеттің санаулы түрі ғана. Бұдан бөлек, зат сатып алсаңыз үстіне сыйлықтар береміз, қымбат заттарды арзан бағада жеткізіп береміз, көп мөлшерде несие рәсімдеуге көмектесеміз деген сипаттағы жарнамалардан аулақ жүріңіз, «OLX.kz», «Kolesa.kz» сияқты қосымшалар арқылы тапсырыстар беру кезінде өте абай болыңыз!
Н. Марат,
Арал ауданы прокурорының орынбасары
23 мамыр 2023 ж. 426 0