Жауапкершілігі мол маман
Мамандықтың оңайы болмайтыны рас. Қиындық пен қызыққа толы түрлі мамандық иелері әр бағыт бойынша қызмет етіп, өз саласы бойынша үлкен жауапкершілікті алып жүреді. Осы секілді қызығынан қиындығы мол полиция қызметі де қырағылық пен батылдықты талап ететіні сөзсіз. Осы орайда бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған өз ісінің маманы бола білген сала маманы – Дулат Мырзағалиев жайында айтпақпыз.
Жас та болса өз саласының маманы бола бола білген Дулат Қуанғалиұлы қызметін алғаш рет Қармақшы ауданының полиция бөлімінің жол патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы лауазымынан бастаған. Кейін Арал ауданының полиция бөлімінің табиғатты қорғау тобының инспекторы Арал ауданының полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыс тобының инспекторы болып қызмет атқарған. Уақыт өте аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмілетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеген Дулат Мырзағалиев бүгінде аудандық криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып адал қызмет етіп келеді.
–Бұл қызметке келуіме әкем себепші болды. Себебі кішкентайымда әкемнің жұмысына қызығатынмын, сонымен бірге еліме қызмет етемін деп өзіме сөз бердім. Бала арманыма жету жолында білім алып, білікті маман иесі атандым. Қазіргі қызметімде қызықты сәттермен бірге қиындық та қатар жүреді. Яғни күнделікті алдымызда қандай шытырман оқиғалар күтіп тұрғаны белгісіз. Бұл сала бойынша алғаш қылмысты Қармақшы ауданында жүргенде ашқан болатынмын. Өзіме күдік ұялататын автокөлікті тоқтатуға өз тарапымнан бұйрық бердім. Дегенмен тоқтатқан көлігім бұйрықтан бас тартып, қаша жөнелді. Қара жолға қарай қашқан көлікті әріптесім екеуміз тоқтатып, көлік ішінен аса көп мөлшерде наркотикалық марихуана өнімін анықтадық,–дейді Дулат Қуанғалиұлы.
Иә, қауіпі жоғары бұл салада жұмыс істеу әркімнің қолынан келе бермейтіні белгілі. Криминалдық полиция бөлімшесінің де өзге қылмыстарға қарағанда жауапкершілігі жоғары. Бұл туралы Дулат Қуанғалиұлы:
–Қай қылмыс болмасын қиындыққа толы болып келеді. Бірақ осылардың ішінде криминалдық полицияға қойылатын талап өзгеше болып келеді. Себебі аса ауыр қылмыстар,мүліктік ұрлықтар, мал ұрлығы, контрабанда, наркобизнес секілді қылмыстың барлық түрін ашу бізге жүктеледі. Сонымен бірге біз көбіне қызметтік киіммен емес, кәдімгі азаматтық киімдермен жүреміз. Осы арқылы күдікті қылмыскерлермен де бетпе-бет сөйлесуімізге тура келіп жатады. Жалпы мен бұл қызметке 2023 жылдың ақпан айынан бастап басшылық ұсынысы бойынша ауысқан болатынмын. Жалпы қызметтің қай түрін болсын ашу бізге жүктеледі. Мәселен 10 қылмыстың 9-ын ашқанның өзі бізге аздық етеді. Сонымен бірге жұмыс уақыты да шектеусіз. Яғни отбасыңмен көп уақыт өткізе алмаймыз. Осылайша қылмысты ашумен қатар, оның алдын алу үшін қызмет атқарамыз,–дейді кейіпкер.
Ел тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Қылмыстық топтар болсын, жеке адам болсын қылмыскер деген атаудың өзі кімге де болмасын қауіп төндірері анық. Жаман жолға түсіп, қылмысқа бет бұрған азаматтар адам өміріне зиян келтіруден таянбайтыны белігілі. Еңбегі ерен полиция қызметкерлері өз елі үшін тер төгіп, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Дулат Мырзағалиевке қызметтік табыс пен денсаулық тілейміз.
А. НҰРЛАНОВА