Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалаған жан

Алғыс арқалаған жан

Ақ халатты абзал жандарды «адам жанының арашашысы» деп бекер айтпайды ғой. Кім-кімнің де басы ауырып, балтыры сыздағандарға шұғыл көмек беруден өзге атына заты сай осындай жандардың біліктілігі, сырқат жандарға деген ерекше мейірімділігі қашанда қажет. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» демекші, оны емдеп жазу үшін қаншама тер төгіп, ұйқысыз түндер өтетінін бірі білсе, бірі білмейді. Алдында дәрігері бар аяжандар жұмысы өте жеңіл дейтіндер де жасырын емес бар. Әрине еңбекті бағалай білген адамдарға медицина қызметкерлері әрқашан да еңбегі таза асыл жандар ғой.
Міне, осындай абыройлы, өз міндетін жете түсінген, әр сырқаттың жанына демеу болып, табаны күректей отыз жылдан астам осы салада еңбек етіп, жұртшылықтың көңілінен шығып жүрген Гүлнар Лепесова жайында бір ауыз сөз айтуды жөн көрдік.
Гүлнар Бүркітбайқызы Қарақұм ауылдық кеңесіне қарасты Жіңішкеқұм елді мекенінде Бүркітбай ақсақал мен анасы Қарагөз Нұрсейітованың отбасында дүниеге келген. Медицина саласында қызмет ету кейіпкеріміздің бала кезіндегі арманы екен. Алайда бұл саланы таңдауына әкесі себепші болыпты. Жіңішкеқұм совхозының директоры, кейін почта меңгерушілігінен зейнетке шыққан екен. Сол бала күнгі арманы осы кәсіпке қол жеткізу мақсатында оған бір табан жақындау үшін әуелі №230 Жіңішкеқұм орталау мектебін, сосын қаладағы №199 орта мектепті бітірген соң, 1980 жылы Түркістан қаласындағы медицина училищесіне оқуға түседі. Сөйтіп медицина мамандығының қыр-сырын меңгерген, білім нәрін бойына сіңірген Аралдың ару қызы 1982 жылы оқуын аяқтаған соң арнайы жолдама бойынша Шымкент қаласындағы №4 біріктірілген медициналық балалар орталығына жұмысқа қабылданады. Осылайша жас медбикенің алғашқы еңбек жолы басталды. 1984 жылы жанұя жағдайына байланысты Арал ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің сол жылдарда басшысы болған Шакон Жүрментаев жас маманды қабылдап алыпты. Осы ұжымда еңбек етіп жүргенінде өзіне бір көргеннен ғашықтық оты тұтанған.Бозбаламен сол кезде сары аурумен ауырып жатқан құда баласы 5 жастағы Аяпов Халықтың жағдайын білуге келген беті екен. Небәрі 21 жасында өзінің қалаулысы – Мұрат есімді әдемі жігітті жолықтырып, көңіл жарастырады. Жас жігіттің Гүлнарға деген сезімі оянып, әйтеуір қыр ізінен қалмай жүріп үйленеді.Сөйтіп Қалиев Лепес басқаратын аудандық почтада транзит бөлімінде сұрыптаушы болып еңбек етіп жүрген жас жігіттің басына бақыт құсы қоныпты.
Міне, сол жылдардан бастап күні бүгінге дейін осы салада балалармен де, ересектермен де, бастары ауырып, балтыры сыздаған жандардың қасынан табылып, қолынан келген жақсылығын аямаған Гүлнар Бүркітбайқызы әріптестерінің алдында абыройлы, ел арасында сыйлы жандардың бірі.
Бүгінгі күні ол тек мамандығының майталманы емес, сонымен қатар сүйікті жар, ардақты ана, аяулы әже атанып отыр. Иә, ол – жарасты отбасы ұйытқысы. Жан жары Мұрат Рамазанұлы екеуі бес перзентін ел сүйсінетіндей етіп тәрбиеледі. Тұңғышы Бақытбек «Құмкөл мұнайда» жауапты қызметте, Нұрбегі – жеке кәсіпкер, Гүлдидары – психолог маман, Серікболсыны автомобиль жолдарын жөндеуші екен. Кенжетайы Нұрмұхаммеді Ақтөбе медколледжінде 2 курста фельдшер мамандығын алуда. Иә, осы кенжесі кішкентайында «Әмірхан доктордай атақты хирург боламын» деп армандапты. Осы балаларының кішкентай кезінде «ізімді басатын біреуің медиктің оқуын таңдамадыңдар» деп балаларына ренішін айтып отырады екен. Сондағы сүт кенжесі қаладағы №13 іргелі оқу орнында оқып жүріп-ақ аудан мақтанышы болғанын айта кеткеніміз жөн. Білімді де зерек, өнерлі де озат оқушы талай мәрте мектеп, қала берді аудан намысын қорғапты. Қазақстан бойынша «Алтын ұландар» медалімен марапатталып, республикалық «Жүзден жүйрік» оқушылар арасында шығарылған журналға енгізілген мақтаныш түлегіміз. Болашақта өте зерек, өнерлі де білімді Нұрмұхаммедтің Әмірхан Жүсіпов сынды білікті де күшті хирург болатынына бек сенімдіміз. Арман алға жетелейді, жалпы армандар орындалады.
Көпбалалы отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз 5 ұл, 3 қыз, Төрежан ағасынан кейін екінші бала болса, жұбайы да отбасындағы 5 ұл, 3 қыздың Бакош ағасынан кейінгі екінші бала екен. Атасы Рамазан Қарақұм қой совхозында ауданға белгілі белді шопан болған, тыл, еңбек ардагері болса, енесі Күләй апа да жарасымды жанұяның тірегі бола білген, көп тәлім-тәрбиені енесінен үйренгенін, сол асыл қасиетті бүгінгі таңда қолындағы келіні Асылзат Шәкіратқызына да үйретуден жалыққан емес. "Жұмыстан шаршап келгенде бірі 3-ші, енді бірі 4-ші сыныпқа көшкен Айсұлтан мен Айару және балабақшаға барып жүрген Айбар мен Аңсар атты немерелерім төртеуі төрт жағымнан келіп мойныма асылғанда бар шаршап-шалдыққанымды ұмытып кетемін",– деді бізбен әңгімесінде. Алтын асықтай Аян мен Назар атты екі жиенін де ерекше еркелетіп жақсы көретінін жеткізді.
Қаншама адамның жанына дауа, тәніне шипа болардай ем тауып, өміріне араша түсіп жүрген кейіпкеріміз «өмірге қайта келсем де осы жолды таңдайтыным сөзсіз»,– дейді.
Әлемді жайлаған коронавирус індеті кезінде жұқпалы аурулар бөлімшесі 2-ге бөлінгенін, бірі жабық, ал екіншісі халықпен тығыз байланыстағы жалпы бөлім болғанын айта келе, бөлімшеде негізінен өз міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарайтын ұйымшыл ұжым қалыптасып отыр екен. Олардың арасынан бөлім меңгерушісі, жоғары санатты инфекционист дәрігер Жолдасбай Жақсылықов пен емдеуші дәрігер Зәуре Алматова тәрізді дәрігерлердің еңбек ететінін мақтанышпен жеткізді.
Олай болса, адамгершілігі мен парасаты, білімі мен біліктілігі жоғары, ар-ожданы таза, ертел-кеш ерінбей ел үшін еңбек етіп, халықтың алғысын арқалаған ақ халатты абзал жанның асыл мұраты жас ұрпаққа неге үлгі болмасын!
Құндыз Ержігітқызы

02 шілде 2023 ж. 213 0