Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңсесі биік Елорда

Еңсесі биік Елорда

Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын астанамыз Арқа төріне ауысқан шақта қоғамда түрлі пікірлер қалыптасып, бұл шешімге күмәнмен қарағандар да көп болатын. Дегенмен уақыт бәріне төреші. Бүгінде күллі әлемге даңқы тараған елордамыздың көркіне көз тоймас қаншама ғажайып ғимараттардың күн санап көбейіп келе жатқаны, әлемдік деңгейдегі басқосулар мен кездесулердің дәл шаһар төрінде өтіп жатқаны кеудемізге қуаныш сезімін ұялатады.
Сонау жылдары ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын иеленген елордамыз 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшелігіне қабылданған.Бүгінде өзінің айрықша сәулетімен, тыңнан тұрғызылған таңғажайыптарымен төрткүл әлемге танылды. Сол жылдары бой көтерген «Бәйтерек» монументі, пирамида үлгісінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайы, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, теңізден алыс орналасқан океанариум «Думан» орталығы, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті секілді бірегей ғимараттар әлемнің кез келген құрылыс нысандарымен иық теңестіріп, дархан даламыздың даңқын асқақтатқан әлемдік туризм нысандарына айналып отыр. 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, Ұлттық мұрағат сынды бірегей туындылар бой көтерді. 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны секілді әлемдік деңгейде мойындалған нысандардың да қатары елордамызда жыл санап жалғасып келеді. Мәселен, Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астана қаласын экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды. Осы жылдар ішінде елорда Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды.
Жетістікке толы 25 жыл ішінде Астана қаласы ертегідегідей сәулетті шаһарға айналып, әлем мемлекеттері үшін татулық пен бірліктің символындай болды. Бүгінде Астана қаласында халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болды. 2011 жылдың басында елордамыз VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдаса, 2017 жылы «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің орталығына айналды.
Ерке Есілдің жағасынан орын тепкен елордамыздың бүгінгі кескін-келбеті мен әлем алдындағы атақ-абыройы әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш. Бұрынғы ата-бабаларымыздың жырларындағы «Еңсесі биік Ақ Орда» теңеуі бүгінгі Астана қаласына әбден лайық. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, мәртебесі асқақ болғай!
К. МАХСҰТ
06 шілде 2023 ж. 237 0