Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағы үш көшеде тас жол

Тағы үш көшеде тас жол

Арал қаласында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Осы кезге дейін жарық немесе жол көрмеген көшелерге сән кіріп жатқанын естігенде кәдімгідей ішің жылып қалады екен. Өз көшемізде болмаса да қырық күн шілдеде шырақ көрмеген көшелердің бойындағы жұмысты көзбен көрмекке қаладағы Төле би көшесінің бойына келгеніміз сол еді 1 шақырым бойы тартылған тіндей тас жолды көріп, қуанып қалдық. Екінші қайтара төселіп жатқан асфальттың қалыңдығы қолымдағы телефонмен бірдей. Жұмысты жүргізіп жатқан жол салу ісінде көп жылдық тәжірибесі және мүмкіндігі де бар мекеме «Арал құрылысы» ЖШС екен. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деуші ме еді. Көше бойындағы қызу жұмыстың басында мекеме басшысы, аудандық мәслихат депутаты Мейрамбек Құлмырзаев ағамыз жүр екен. Жасалып жатқан жұмысты бізге қысқаша баяндады да толыққанды ақпаратты жанындағы сенімді өкілі Асқар Келжанов беретіндігін жеткізді.
Бұл жолы аталған мердігер мекеме өз жауапкершілігіне сол маңда қатар орналасқан үш көшені алған екен. Ә.Сатаев, Төле би және С.Мұханов көшелері енді тас жолмен қатар түнгі жарықпен де қамтылады. Басталған істің бітуіне де көп қалған жоқ. Ісіне тиянақты мекеме қолға алған жұмысты айтылған уақытында бітіруді басты орынға қойған. Ары кетсе бір жарым айдың шамасында біз айтып өткен үш көше толық асфальттанады және жарықтандырылады.
– Біз бұл жұмысты өткен жылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары арқылы алдық. Жоба облыстық және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Әр көшенің орташа қашықтығы 1 шақырымға жуықтайды десек, үш көшенің жалпы ұзындығы 3 шақырым шамасында деуге болады. Қазір осы жұмыстардың басы-қасында барлығы 10-ға жуық техника жүр. Баста тегістелген шебін жолдың бетіне бірінші қабаты төселді. Енді міне, өзіңіз көріп отырғандай екінші қабаты төселіп жатыр. Екеуінің қалыңды 13 сантиметрдей болады. Біз өз жұмысымызға сөз келтірмеу үшін жұмысты барынша сапалы жүргізуге тырысамыз. Басшылар жұмысты ұдайы бақылауда. Мәселен осы маңда учаске бастығы Әмірхан Бекежанов жүр. Осы жұмыстардың сапалы жүргізілуіне сол кісі жауапты болғандықтан бақылауды басты назарда ұстайды. Алла сәтін салса осы жұмыстарды келер айдың орта тұсына дейін бітіремізбе деген жоспарымыз бар, – дейді А.Келжанов.
Күннің мына ыстығында ыстық асфальттың үстінде жұмыс істеу әсте оңай емес. Өйткені төселіп жатқан әлгі асфальттар зауттан 180 градуста қайнатылған күйі әкелінеді. Оның қызуы тиісті жерге жеткенше басылмайтыны белгілі ғой. Мұндайда ыстық лебтің өтінде жұмыс істейтін оператор укладшиктер Тұрсын мен Нұрсұлтан. Ала Бақытжан болса қызуы кетпеген сол тас жолды тізгініндегі ауыр техникамен тегістеп отырады. Барлық жұмыс басшылық тарапынан ұдайы бақылауда болады.
Көше бойындағы қарбалас тірлікті тұрғындар да жақсы ырымға балайды. Өйткені сол көшелердің басымен алдағы уақытта көп жылдардан бері айтылып келе жатқан аспалы көпір өтеді. Оның да алғы жұмыстары басталып кеткен. Қазір көше басындағы алып ойпат пен тау боп үйілген топырақтар қызу тірліктің боямасыз бейнесіндей.
– Біздің көше көше болғалы асфальтталған емес. Жарықтың да жыры бітпей келген болатын. Былай келгенде тап осы жұмыстар көше тұрғындарының неше жылдан бергі арманы еді. Енді міне, сол күнді көрер кезге келдік. Қазір жұмыстардың қызу жүргізіліп жатқанына куәміз. Ары-бері өткен сайын техникалардың үнін құлағымыз шалып, тоқтаусыз істеліп жатқан жұмыстарды көзіміз көріп жүр. Бастысы жұмыс басталды. Енді оның бітер уақыты да алыс емес деп ойлаймын. Жұмыс жүргізіп жатқан мекемені де өз ісіне тиянақты әрі тындырымды деп ел айтып жұр. Бәріне уақыт төреші енді. Біз бірақ қаламыздың жарқырап жайнап, жыл өткен сайын жасара бергенін қалаймыз. Енді бір 2-3 жылда бұл маңдағы өзгерісті өзім де көз алдыма елестете алмаймын. Бәрі басқаша болатын сияқты. Лайым солай болсын, – дейі қала тұрғыны А.Қосбармақов.
Иә, біз куә болған жұмыстар легі осындай болды. Қысқаша айтқанда Аралда қолға алынып жатқан жұмыстар жеткілікті. Тек оны көруге көз керек, айтуға сөз керек.
А. ҚАРАСАЙ
22 шілде 2023 ж. 189 0