Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуілге газ қашан келеді?

Сексеуілге газ қашан келеді?

Сексеуілдіктердің көгілдір отынның шарапатын көретін күні алыс емес. Кент әкімінің орынбасарымын Н.Орынбасаров құазіргі күні кентішілік газ құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Әрбір үйдің тұсына газ шүмектері қалдырылып, тұрғындар ендігі газ кіргізу жұмыстарына дайын отыр.
– Ауданға қарасты Сексеуіл кентіне газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда кентішілік газ құбырын тарту жұмыстары 60-65%-ға орындалды. Кенттегі газ тарту жұмыстарын орындаушы мердігер мекеме «AKBARS STROY Ltd» ЖШС. Бұл жоба екі жылға өтпелі болып табылады, яғни шарт бойынша жобаның аяқталу мерзімі – 2023 жылдың аяғы. Кент ішінде жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар қазіргі таңда біздің ұдайы бақылауымызда. Әзірге жұмыстың қалыпты жалғасуына еш кедергі жоқ. Мұнда жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың дені өз ісін жақсы меңгерген,  – дейді. 
Кентке газ тарту ісінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Себебі бұл кентте халық саны көп шоғырланған. Сәйкесінше, тұрғын үй де, көше де баршылық. Енді соның барлығына газ желісін тартып шығу оңай шаруа емес. Тартып болған күннің өзінде, ол елді мекенге газ айдау станциясы салыну қажет.
Атап өту керек, Сексеуіл кентінде АГТС орната отырып «Бейнеу – Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу жұмыстары осы аптада басталып та кетті. Бұл жобаны орындаушы мердігер мекеме «StroyGazCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күннің салқындығына қарамастан межелі жұмысты уақытылы аяқтауға күш салмақ ниетте. Аталған Жоба екі жылға өтпелі болып табылғандықтан, 2023 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.
"Толқын" ақпарат
18 қараша 2022 ж. 482 0