Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Палуан қыздардың көшін бастаған жаттықтырушы

Палуан қыздардың көшін бастаған жаттықтырушы

Мемлекеттің атын әлемдік аренада айшықтап көрсететін саланың бірі - спорт. Тәуелсіз мемлекет болғалы спорт додаларында еліміздің сайыпқырандары көк туымызды көкте желбіретіп келеді. Жетістіктер ел мерейін өсіріп, ұлттың рухын көтерді. Бәрінен де қуантарлығы, өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығы оянды. Бұл – үлкен жетістік. Арал ауданында да спорт саласын дамытуға басымдық беріліп келеді. Жастардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Спорт кешендері, спорт клуб, шәкірт даярлайтын спорт мектептері де бар.
Бұрын спорт ердің ісі іспетті көрінетін. Спортты жанына серік еткен нәзік жандылар некен-саяқ еді. Ал қазір алып күштің егесі екендігін дәлелдеп жүрген арулар саны артып келеді. Мәселен, «Арал спорт клубы» КММ-де еркін күрестен әйелдер жаттықтырушысы болып еңбек ететін Әлия Әлжан спортқа қызығушылық танытатын қыздардың көп екендігін айтады.
– Өзім 14 жасымнан бастап еркін күреске жақын болып өстім. Арал қаласындағы №220 орта мектепті 9 сыныпқа дейін оқыған соң, Қызылорда қаласында  Жалаңтөс Баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиелендім. Жоғарғы оқу орны Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясын тәмәмдадым. Түрлі додаларға қатысып, білім мен тәжірибемді дамыттым. Қазіргі күні сол жинақтаған дүниемді шәкірттеріме үйретіп жүрмін, – деген Әлия әңгімесін өзінің спортқа келу жолынан бастады.
Рас, күрес әйелдер үшін аса қауыпты спорт түрі. Әлия шәкірттердің табиғаты келетін, мықты мінезділігіне, төзімділігіне қарап іріктеліп алынатындығын айтады.
– Әйелдер күресі Аралда кенже қалып келе жатырған спорт түрі. Тіпті осы кезге дейін күрескер қыздар барын бірі білсе, бірі білмейді. Негізі әйел адамға күрес түрлері қиын спорт. Бірақ біз табиғаты келетін, мықты қыздарды ғана аламыз. Қазіргі таңда, қыз баласы өз өзін қорғай алса, соның өзі жетістік, үлкен нәтиже. Дегенмен биік белестерді бағындырып жүрген шәкірттерім бар. Олар Қазанова Гүлсім, Жаңабаева Жаннұр өзімнің туған сіңілім Аида Әлжан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Осылардың ізін жалғап өсіп келе жатқан Кәрбозова Назым, Серікқызы Ұлдана, Байтұрғанова Нұризат, Жарылқасын Аяжан, Әмірхан Нұрсымбат сынды қыздарым спорт шеберлігіне үміткер, – дейді жаттықтырушы.
Әлия бала кезде атақты спортшы болуды армандады. Ол сол арманға жету жолында бар күш-жігерін аяған жоқ. Дегенмен кейде біздің жоспарлаған дүниелеріміз жүзеге аспай қалып жатады. Бұл өмірдің заңдылығы.
– Адам баласының арманы асқақ болады екен-ау. «Жақсы жаттықтырушы болу үшін атақты спортшы болу міндет емес» деген қағиданы естігенім бар еді. Шыны керек, әйгілі спортшы болу бақыты маған бұйырмады. Бірақ әркез ниетім дұрыс, пейілім таза болды. Енді өзімнің жиған тәжірибеммен, алған білімімді талантты жастардың томағасын сыпырып, шәкірт тәрбиелеу ісіне жұмсасам деген ниетпен келемін. Бәлкім мен шықпаған биікке, осы сіңлілерім шығады деп үлкен үміт күтемін. Боз кілемнен өз еншісін ала алмаған менің алдымды екі орайтын шәкірт тәрбиелеп шықсам деймін, – деген Әлия арман-тілегімен бөлісті.
Талантты тану да қырағылық. Әлия Әлжан жас спортшылардың шамшырағын жағып, бағын ашамын деп ниет етіп, сол жолда аянбай тер төгіп, бар ерік-жігерін ауданнан палуан қыздарды тәрбиелеп шығарып, еліміздің атын шығаратын спортшы қылуға арнап келеді. Оның таланты мен табандылығы шәкірттеріне үлгі боларына сенімдіміз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ

19 тамыз 2023 ж. 213 0