Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жіңішкеқұмдағы жүйріктер жарысы

Жіңішкеқұмдағы жүйріктер жарысы

Жуырда Жіңішкеқұм ауылдық округінің орталығы Тоқабай елді мекенінде жұртшылық айтып жүретін керемет шара өтті. Осынау үлкен-кішіні өзіне шақырған мазмұнды бастаманың түпкі мақсаты ауылдағы мінәжат орны саналған «Әли Мақсым» мешітінің ашылуы еді. Міне, ауыл жастарының бастамасымен бой көтерген Алланың үйі ел игілігіне жарады. Жұртшылықтың қуанышында шек жоқ.
Ауылдық округ әкімі М.Әлішев мешіттің ашылуына байланысты беріліп жатқан ас пен ұйымдастырылған ат бәйгесін жергілікті тұрғындардың ауызбіршілігінің айғағы екенін тілге тиек етіп, ауданымыздың 95 жылдығы аясында қолға алынған бастамаға қолдау көрсеткендерге ризашылығын білдірді.  Мұнан соң ол ауыл ақсақалдары Ш.Өмірзақов пен Н.Сариевтің иығына шапан жауып, ауыл жастары А.Байжақанов, А.Бердімағанбетовке Алғыс хат табыстады.
Сонымен әне-міне дегенше ауыздығымен алысқан тұлпарлар сайысқа түсті. Бас-аяғы 24 шақырымды құрайтын аламан бәйге жіберіліп, қиқулаған қауым шабандоздарға қолдау көрсетті. Артынша, 18 шақырымдық тоқ бәйге мен 12 шақырымдық құнан бәйгеде дара шапқандар анықталды. Ал 6 шақырымдық тай бәйгесінде басқалардан оқ бойы алға озған тай иесі қошеметке бөленді.
Иә, сонау Қармақшы ауданынан келген Т.Жаржановтың тұлпары І орынды еншілеп, жүлдеге тігілген түйені жетекке алса, Қазалы ауданының Құмжиек елді мекенінен әкелінген ат ІІ орынды қанжығаға байлап, қожайынына тай өгіз сыйлады. Бұдан бөлек, ІІІ орынды тағы да Қазалы ауданының жүйрігі алып, ат иесі М.Баймаханов 100 мың теңгенің жүлдесін қолына алды. Тоқ бәйгеге тігілген мотоциклді шижағалық Б.Төреахметов еншілесе, қалған орындар ақшалай бөліске түсті.
«Мыңнан тұлпар шығады жарысқанда» демекші, бәйге сүйер үлкен-кіші құнан бәйгенің де дара шапқандарын анықтаса, тай бәйгесіне тігілген 5 орынды бабы мен бағы қатар шапқан тұлпарлардың иесі иеленді.
Жалпы, қыр төсіндегі тартысты ат жарысы ойдағыдай өрбіді. Халық та бір жасап қалғандай. Оны адам қарасының көптігінен байқауға болады.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ

30 қыркүйек 2023 ж. 204 0