Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік жылдарындағы сот билігінің белесі

Тәуелсіздік жылдарындағы сот билігінің белесі

Қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде сөз құдіреті мен заң құдіретін сақтап қалған халқымыз бостандық, тәуелсіздік ұғымдарына жіті мән беріп, оны сақтап қалуды мәңгілік мұрат тұтты. Ақыры Алаш елінің көксеген арманы орындалып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік декларациясы қабылданып, үлкен бетбұрысқа қадам басты.
Тәуелсіздіктің арқасында көк байрағымыз көгімізде желбіреп, егемен елдің рәміздері белгіленді. Сан жылдар бойы қалыптасып, жалпыға міндетті ережелерді қамтыған ең жоғары заңдық күші бар, Қазақстан Республикасының Конституциясы өмір талабына сай жасақталды. Тіліміз бен дініміз қайта оралып, елдігіміз танылды. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, қазақты әлемге рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқан да Тәуелсіздік.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңаша даму жолына түскен жылдар ішінде барлық сала ілгерілеп, толысты. Мұндай жетістіктерді қазақстандық сот құрылымынан да байқауға болады.
Елі¬міздің сот жүйесінің тамыры те¬реңге тартқан бай тарихы бар. Ол қазақ халқының тұрмысындағы сот төрелігінің қайталанбас үлгісі – билер сотынан, әйгілі «Жетi жарғыдан» бастау алады. Тәуелсіздік алғаннан кейін өз тарихының жаңа парақта¬рын ашқан еліміздің сот жүйесінің алдында тың реформалар жүр¬гізу, сот жүйесінің тиімділігін арт¬тыруға бағытталған нақты да түбегейлі шараларды жүзеге ¬асы¬ру талабы тұрған еді. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді.
Қолданысқа жаңа институттар енгізілді, жаңа заңдар қабылданып, судьялар корпусының тиімді қызмет етуі үшін тәуелсіз сот жүйесінің қағидатына негізделген база қалыптасты.
2000 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің өте маңызды тұғыры болды. Атап айтқанда, соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңмен белгіленді, соттар бір жүйеге біріктіріліп, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің оңтайлы және тиімді негізі қаланды. Судьялардың әлеуметтік, материалдық-техникалық мәселесі толық қамтамасыз етілді.
Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, күзетпен ұстауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылды. Ұлт Жоспарының барлық қадамы табысты іске асырылып, «электронды сот төрелігі» дамыды, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды.
Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты.
Бүгінде сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етудің қажеттіліктеріне сай келеді деп сеніммен айта аламыз.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген сот жүйесі қоғамдағы әділеттің үстемдік құруы үшін Конституцияны басшы¬лыққа алып, сот әділдігін жүзеге асыра бермек.
Г. НҰРЫМБЕТОВА,
Арал аудандық сотының судьясы.

Сурет: tolqyn.kz


15 желтоқсан 2023 ж. 133 0