Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық байқауда топ жарды

Республикалық байқауда топ жарды

Аудан қазіргі таңда республикамызға белсенді жастарымен танылған бірден-бір аймақ ретінде белгілі. Әсіресе соңғы жылдары жастар арасында түрлі деңгейдегі өткен шараларда бой көрсетіп, өзіндік қолтаңбаларын танытып келеді. Соның ішінде еріктілердің ерліктерін айтпаса да түсінікті.
Осындай ел игілігі үшін ерінбей еңбек етіп келе жатқан еріктілердің басын жиі қосып, бірлесе жұмыс істеуге бағытталған шаралар облыста да көптеп өтеді. Мәселен биыл 25-26 қыркүйекте Астана қаласында өткен екі күндік басқосуда бағдарламаға сәйкес еріктілер «Волонтерлік бастамалар: тәсілдері және тәжірибесі» тақырыбында панельдік пікірталаста ой бөліскен болатын. Сонымен қатар «Жыл волонтері» байқауының таныстырылымы өтіп, соның аясында еріктілер 5 номинация, яғни «Үлкендерге жанашырлық», «Балаларға қамқорлық», «Табиғатты қорғау», «Қоғам мен ортаның дамуы», «Спорт және денсаулық» аталымдары бойынша марапатталатыны айтылған. Топтарға бөлініп, түрлі тақырыптарда тренинг, тимбилдингтерге, ойындарға қатысып жатқан жастардың волонтерлік мектебінен үлкен әсерде екені байқалып тұрды.
Міне осы азаматтардың қатарында өзінің білімі мен білігін танытып, қызметтік жетістіктен бөлек сан қырымен танылып жүрген азамат, «Сексеуіл локомотив пайдалану депосы» бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары, аудандық мәслихат депутаты, газет жанашыры Еркебұлан Аяғанов «Жыл волонтері» байқауының қорытындысымен «Үлкендерге жанашырлық» номинациясы бойынша жүлделі І орынға ие болды және марапатын «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Қанат Алмағанбетов табыстады. Сонымен қатар жерлесіміз Қызылорда облыстық сыйлығының «Үздік волонтер» номинациясын иеленді.
Иә, «Үлкенге қамқорлық» номинациясы аясында қарттардың қадірін арттырып, оларға барынша жанашырлық көрсетіп, қолдаудан қол үзбеген азамат 2020-2021 жылдары аралығында «Жеңіс» республикалық жобасының Қызылорда облысы, Арал ауданы бойынша аймақтық координаты болған. Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған «Жеңіс» жобасы аясында Арал ауданының 9 ауылы бойынша 150-ден астам рейд ұйымдастырылды. 1700 шақырым жол жүрілді.
Ал биыл Сексеуіл кентінің 20 ардагеріне аудандық «Толқын» газетіне тегін жазылу жұмысын ұйымдастырды. Мұнан бөлек, бірнеше қарттардың отбасын көмірмен қамтамасыз етіп, зейнеткерлерге мұқтаждығына қарай дәрі-дәрмек, азық-түлікпен көмек көрсетті. 18-22 желтоқсан аралығында өткен еліміздің барлық өңірлерінен ең белсенді және талантты деген 250 қатысушы жиналған Елордадағы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның ХІІ республикалық жастар форумында болып, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шарада Сексеуіл кентінің жастары қатысты. Жас қызметкерлердің зияткерлік әлеуетін көтеру, оларды басым міндеттерді шешуге тарту, сондай-ақ кәсіби, әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайту мақсатындағы форумда «100 жас есім», «Жас үздік маман» байқауының қатысушылары, Президент жанындағы Компанияның жастар ісі жөніндегі кеңесі, «ҚТЖ Лигасы» КВН ойындарының финалистері, «Корпоративтік волонтерлік мектебі» байқауының қатысушылары және тағы басқа ұйым жастары қатысты.
Бизнес тренер әрі сарапшы Мақсат Жансейітов «ҚТЖ Лигасы» КВН ойындарының финалистері мен Президент жанындағы Компанияның жастар ісі жөніндегі кеңесіне арнап «Қоғамдық орында сөйлеу» тақырыбында тренинг өткізді. Форумға қатысып жатқан келешекте басқарушы бұл талантты жастар жеке біліктілігін арттыру, кез келген жағдайға бейімделе білудің маңыздылығын үйренді.
Міне, Елорда төрінде қаншама жастың арасынан топ жарып, үздік болып танылған Еркебұлан Бауыржанұлы – қарттарды қадірлеумен қатар елдің сөзін сөйлеп келе жатқан азамат. Қазіргі уақытта халық саны бойынша аудан орталығы Аралдан кейінгі екінші кезектегі Сексеуіл кентінде көптеген маңызды мәселелер шешімін табуда. Осы мәселелерді қажетті кезде көтеріп, оң шешімін табу жолында қозғаушы рөлді атқарып жүрген жанның жастарға да қаншалықты қолдау танытатынын сексеуілдіктер ғана емес, аудан халқы жақсы біледі.
О. ЖОЛДАСОВ
23 желтоқсан 2023 ж. 247 0