Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпті саланың қауырт жұмысы

Қауіпті саланың қауырт жұмысы

Бүгінде бір күнімізді жарықсыз елестету мүмкін емес екені белгілі. Иә, күнделікті қолданыстағы дүниелердің өзі тікелей жарыққа байланысты. Мәселен тоңазытқыш болмаса көптеген тағам өнімдері тұтынуға жарамсыз болып қалады,  сондай-ақ ұялы телефонымыздың да қуаттағышы қажетсіз болып қалары сөзсіз. Осы тұста барша халықты жарықпен қамтамасыз етіп, ел ризашылығына бөленіп отырған энергетика саласындағы мамандарды атап өтуімізге болады.
Ауданда тұрғын үйлерден бөлек, ауруханалар мен барлық дерлік білім ордаларын, кәсіпкерлік нысандарды жарықпен қамтамасыз етіп отырған Арал аудандық электр торабы мекемесінің қызметкерлерінің еңбегі зор екендігін айтпай кетуге болмайды. Атаулы мекеме оңайлықпен құрылып, халықты жарықпен қамтамасыз ету оңайға соқпады. 1964 жылға дейін ірі-ірі өндіріс орындарында, кеңшар мен ұжымшар орталықтарында шағын-шағын электр станциялары болып бірігіп жұмыс істеді. Бірақ бұл ауданның өндірістік, тұрмыстық қажетін толық қанағаттандыра алмады. Өйткені өнімі өзге елдерге де тарап жатқан «Аралтұз» комбинаты, сол кездегі кеме жөндеу зауыты, «Аралбалық» өндірістік бірлестігімен бірге қала, қыстақтарымыз қанатын кеңге жайып, жылдан-жылға өсіп келе жатты. Осыған орай 1964 жылы қуаты 4000кВт №153 энергопоезд әкелініп, сол жылы 22 желтоқсанда ауданға ең алғаш рет электр жарығы берілді.
Осы энергопоездбен бірге қуаты 6600кВА 35/6кВ қосалқы станция құрылысы іске қосылды. Электр қуаты көздерінің ұлғаюына байланысты осы жылдан бастап 13,5км 35кВ Арал-Аралсульфат электр желісі және қуаты 1000кВА 35/0,4кВ «Аралсульфат» қосалқы станциясы салынып пайдалануға берілді. Осындай жаңа, игілікті істердің нәтижесінде ауданымызды толық жарықтандырудың басы 1964 жылдан басталған екен.
-Өскелең өміріміздің талабына сәйкес ауданымызды  электрлендіру жұмыстары жыл санап жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен 1974-1975 жылдары 110/35/10 кВ «Арал» подстанциясы салынып, 1975 жылдың маусым айында аудан «Орта Азия және Қазахстан» энергосистемасына қосылып пайдалануға берілді. Сонымен бірге 1976-1995 жылдар аралығында барлық елді мекендерге кернеуі 110/35/10кВ қосалқы стансалар салынумен қатар, 110,35,10,0,4кВ әуе желілері жүргізіліп ауданымыз түгелдей электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Ал 2010-2023 жылдар аралығында Арал қаласының №1,2,3,4,5,6,8 мөлтек аудандарға жаңадан 10 кВ тарату пункті, 10-0,4кВ әуе желілері жүргізіліп, сонымен қатар 10/0,4 кВ қосалқы стансалар салынып іске қосылды. Құрылысы 2014 жылы басталған 110/35/10кВ «Арал» бас қосалқы станциясына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қуаты-2*10000 кВА күштік трансформаторын қуаты- 2*16000 кВА трансформаторға және ескі қондырғылар жаңа үлгідегі электр қондырғыларға ауыстырылып 2016 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді, – дейді Арал аудандық электр торабының инженері Талапбек Әділбекұлы.
Дауыл мен жауын күндері алыс пен жақын жерлерде ел шырағданын жағуда, өндіріс ырғағын сақтауда Аралды нұрландырған ардагер 1981 жылдан мекеме басшысы болған Сұлтанов Арапхан, өмірден өткен Абибуллаев Қанағат, Житкулов Олжабай, Шалтенов Ревда, 2013 жылдан 2023 жылға дейін мекеме басшысы болған Икин Сағитжан ағаларымыздың сіңірген еңбектері зор. Осы кісілердің ізін жалғастырып, беліне шынжыр, аяғына темір доға іліп, қандай жағдайда болмасын бағана бойымен биікке өрмелеп, жұмысын абыроймен атқарып келе жатқан құрметті энергетиктер, сіздердің міндеттеріңіз – адамдарға жарық, әлемге жылу беру, жайлылықты қамтамасыз ету, сайып келгенде «өмір беру» дегенді білдіреді.
Қазіргі таңда ауданымызда энергетика саласындағы қиындықтарды да атап өткен жөн. Себебі осыдан 40-50 жыл бұрын салынған электр желілерімен трансформаторлардың тозығы жетіп, пайдалану мерзімі жылдан-жылға өсуде.
Дегенмен, осы энергетика саласындағы қалыптасқан қиындықтарға ауданымыздың энергетиктері қыстың суығына, жаздың аптап ыстығына қарамастан өздеріне жүктелген міндеттерін жауапкершілікпен атқарып келеді. Олардың қатарына Бақтыбай Өтеулиев, Сабыржан Қартабаев, Әлібек Демеуов, Руслан Бахрадинов, Нұрболат Кулаханов, Дастан Кұлтанов, Жанас Малкеждаров сынды қызметкерлердің еңбектерін атап өтуімізге болады.
Иә, мамандықтың оңайы болмайтыны анық. Дегенмен, энергетик қызметкерлері өмірлерін қатерге тігіп, халықты жарықпен қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерлерімен аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінгі күні жаңа заман өмірінің күретамырына айналған энергетика қызметкерлерін атаулы мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, жұмыстарына сәттілік пен табыс тілейміз.
Айсәуле НҰРЛАНОВА


23 желтоқсан 2023 ж. 306 0