Ақтөбелік ақын Аралда болды
Осы аптада аудандық мәдениет орталығында өткен шара жиналған жандарды бір серпілтіп тастады. Кешті жүргізген Гүлжанат Әйтімова:
Уа, Мұқа, қайда барам сенен асып,
Ел менің өлеңіме неге ғашық?
Досым мен дұшпанымды айыра алмай,
Есігін жүрегімнің берем ашып! – деп басталып, соңы
Мен үшін қиын емес төрден құлау,
Қиналмай жүріп келем жолмен мынау!
«Туады нағыз ақын» деп едің ғой,
Уа, Мұқа, дәу де болса сол менмін-ау... – деп түйінделетін керемет өлеңмен бастады. Себебі осынау жалынды жырдың авторы, бүгінгі күннің Мұқағалиына баланған Ершат Қайболдин талай ақынның төл бесігіне, талай өлеңнің өр мекеніне айналған Аралға табан тіреген болатын. Шабытты ақынның шымыр шумақтары мен ұтқыр ойлары, өткір өлеңі мұндағы халықтың да сүйіп оқитын, жатқа айтатын туындыларына айналған еді. Сондықтан мәдениет пен әдебиеттің маңайындағы жандар Ершаттың бұл сапарында бір кездесу өткізуді ұйғарып, ақынмен емін-жарқын әңгімелесіп, өлеңдерінің тыңдарманы болды.
Кездесу кешіне тілдің қадірін, жырдың қадірін жақсы түсінетін аға буын өкілдерімен қатар жанына қаламды серік жас ақындар, жыршылар мен әншілер түгелдей қатысты. Түрлі тақырыпта әңгіме өрбітіп, талай туындының тарихына тоқталған топ бұл кеште жергілікті әншілердің әсем әні мен эстрада жұлдыздарына ән жазып, керемет сазымен барша қазақстандықтардың көңілінен шығып жүрген сазгер Дін-Мұхаммедәли Шораевтың орындауындағы Ершаттың сөзіне жазылған әндердің тыңдарманы болды.
Шара соңында кеш қонағына аудандық мәдениет орталығы атынан арнайы сый табысталып, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы-журналист, күйші Жұмабай Жақып ақ батасын берді. Ақтөбелік ақын да өз кезегінде Арал халқына алғысын білдіріп, алдағы уақытта осы өңірге арнайы жыр кешімен келуге уәде берді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ