Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерлі балалар мектебі

Өнерлі балалар мектебі

«Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деп Президентіміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына аса мән беру керек екенін айтқан болатын. Иә, қай заман, қай қоғамда болмасын ұрпақ тәрбиесі бірінші орында. Себебі олардың тәрбиесі ұлттың жарқын болашағының кепілі.

Осы орайда ауданымыздағы өнерлі балалар тәрбиелейтін «Өнер мектебінің» маңызы зор. Жас жеткіншектердің өнер жолында өз имиджін қалыптастырып, үлкен өнерге қанаттандыруда жас таланттардың талабын ұштап, түрлі өнер байқауларына қатыстырып келеді.
Арал аудандық балалар «Өнер мектебі» 1967 жылы «Музыка мектебі» болып ашылып, алғашында К.Ф. Фатиадин басшылық жасаған болатын. 1972-2002 жылдар аралығында облыстық, республикалық, бүкілодақтық фестивальдердің бірнеше дүркін лауреаты Т.Шүкіров басқарды.
1992 жылы аудандық балалар «Өнер мектебі» статусын алып, ән салу, бейнелеу, би (хореграфия), терме сыныптарымен толықтырылды.
2000-2001 жылдары Ж.Ұзақов, 2001-2002 жылдары Ж.Ә.Төребеков, 2002-2022 жылдар аралығында Т.Алдашев мектеп директоры болып қызмет атқарды. 2023 жылдан бастап Өнер мектебі Омаралиева Гүлмайра Тортайқызының басшылығына өтті.
Иә, бір қарағанда қарапайым ғана ғимарат. Дегенмен ондағы қызу жұмыс оқушылар мен дәріс өткізуші мұғалімдерге, оқушылардың ата-анасына аян. Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушының мүмкіндік деңгейіне байланысты әр оқушымен жеке талдау жұмысын жүргізіп, дұрыс бағыт беру керек. Сондықтан мұғалім оқушыны алаңдатқан сұрақтарды оқушыға қоя отырып, өзіне жауап іздету керек. Осы тұста мектептегі әрбір үйірмеде барлық баланы өз ерекшелігіне қарай бейімдеп дайындап, кейде жеке дәріс өткізетін сәттер де болады. Ол еңбектің жемісі де жоқ емес. Талантты жастардың алды халықаралық сайыстарда жүлделі орын алып жүр.
–Қазіргі таңда мектепте 294 оқушы 9 бағыт бойынша білім алады. Олардың ішінде домбыра, баян, қобыз, фортепиано, прима, ән салу, би өнері, бейнелеу, терме пәндері бар. Оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық конкурс-фестивальдардың жүлдегерлері.
Мектебімізде 25 жоғары білімді, 5 орта арнаулы білімді және 2 аяқталмаған жоғары білімді педагогтер талапқа сай еңбек етуде. Педагогикалық ұжымның құрамы әркез мектеп түлектерімен толығып отырады.
Мұғалімдер мен оқушылар арасындағы сыйластық, ата-анамен тығыз байланыстың арқасында бүгінде «Өнер мектебінің» аудандағы орны жоғары. Көптеген жас бүлдіршіндер мен оқушы балалардың өнер жолына келуіне себепкер болғанымыз біз үшін де үлкен жетістік, – дейді Өнер мектебінің бейіндік оқыту жөнінде орынбасары Нұрмаханов Қуаныш Жайықұлы.
Шын талантты шәкіртті баптау да, сайысқа дайындау да үлкен қажырлылықты қажет етеді. Ал оның өнерінің әділ қазы алқасынан әділ бағалануын көру, балалар мен ата-ананың алғысын алу өнерге баулыған бапкер үшін ең жоағарғы баға. Осы жолда аянбай еткен еңбектің, төгілген тердің арқасында шәкірттердің жеткен жетістігі көп.
Атап айтсақ, Құрманғазының 200 жылдығы, Ақан Серінің 150 жылдығына байланысты арнайы ұйымдастырылған облыстық «Күй табиғаты» байқауында Ғалымбек Дамир бас жүлдені жеңіп алса, Әділов Диас І орынмен, Тәни Іңкәр жүлделі ІІІ орынмен марапатталып, мектеп абыройын асқақтатты.
Биші қыздардың, оның ішінде «Шаттық» би тобының аты аудандық өнерпаздарға жақсы таныс. Исмагулова Райлә ханымның дайындаған бишілері аудан атын шығарып жүрген өнерлі жастар.
–Би – қозғалыстағы өмір, би – ерекше өнер. Билеу адам өмірін ұзартады. Ширақтықты қалыптастырып, жан мен тән үйлесімін, сұлулығын ретке келтіреді. Сол үшін де биге қызығушы жандар көп. Жалпы өнер жас талғамайтындықтан, кішкентай бүлдіршін шәкірттерім де бар.
Биылғы жыл біз үшін сәтті болды деуге толық негіз бар. Биші қыздар Қызылорда қаласында өткен республикалық «Жұлдыз фест» байқауында І және ІІ орындарға ие болды. Және Дәурен Әбіров атындағы І республикалық балалар байқауында үздік өнер көрсетіп, тағы да І орынды қанжығасына байлады. «Talent show» Республикалық балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында«Шаттық» кіші би тобының қыздары І орын алып, Астана қаласындағы балалар күніне орай ұйымдастырылатын фестивальге жолдама алды. Оның бәрі өнерпаз жастарды арнайы қолдаудың арқасында жеткен жетістік. Біз үшін еңбегіміздің ақталғаны деп білеміз, – дейді Райлә Исмагулова.
Сонымен қатар Астана қаласындағы фестивальге вокал сайысынан Қайберенова Гүлім де жолдама алып, аудан мерейін еселеген болатын.
Әр баланың бойындағы талам-талғамдарын арттырып, өмірге, жақсы қасиеттерге құштарлық сезімдерін байытып, әсіресе рухани қазынасын барынша молайтып, күш-қуатын, жігерін шыңдау абыройлы міндетіміз. Қазір ауданда өтетін бірде-бір шараны өнер мектебінің дарынды балаларының қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Өнер мектебінің күміс көмей, жез таңдай әншілері мен мың бұралған бишілері, көркемсурет бөлімінің суретшілер көрмесі кез келген іс-шараның сәнін кіргізеді. Ауданның мәдени дамуына зор үлес қосып отырған аудандық балалар өнер мектебінде өнердің өрісі әлі кеңейе түсетініне сеніміміз мол.

Гүлмарал САҚТАПОВА

21 ақпан 2024 ж. 232 0