Аудан абыройын асқақтатты

Демалыс күндері «7 Өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Арал, Қазалы аудандарында өткен «Аққу» республикалық би чемпионатына ауданымыздағы «GN» өнер академиясы және аудандық «Өнер мектебінің» оқушылары қатысты.
2017 жылы 31 қаңтардағы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауынан бастауын алған, заманауи, дәстүрлі ән айту, хореография, бейнелеу өнері, аспапта ойнау мен көркем сөз оқу және сән өнері бойынша ұйымдастырылатын байқау педагог-ұстаздардың, конкурсанттардың байқау барысында өзара достасуына жол ашу, білім беру саласының педагогикалық қызметкерлерінің шығармашылық қызметіне дем беру және балалар мен жастарға көркем эстетикалық тәрбие беру, дарынды жастарға шығармашылық тұрғыдан қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылады.
Конкурста «Даму бала» платформасы негізінде құрылған Арал қаласындағы «GN» өнер академиясының оқушысы Жеткерген Іңкәр екі бірдей марапат алды. Бейнелеу өнері бойынша бас жүлде жеңіп,Алматы қаласындағы республикалық жарысқа жолдама алса (жетекшісі: Мұратбаев Бақбосын), ән салу шеберлігімен де қазылар алқасының көңілінен шығып, марапат төрінен көрінген ол Алматыдағы конкурспен қатар Өзбекстандағы «Одаренные Дети» халықаралық сайысына жолдама жеңіп алды (жетекшісі: Тұрғанбай Бекұлан).
Би өнерінен ауданымызда танылып жүрген Ержанов Абзалдың шәкірттері бұл жолы да өз қатарластарынан оқ бойы оза шапты. Абзалдың «Baby monster», «BubbleGum» би топтары үздік деп танылып, еліміздің Астана, Алматы сынды үлкен қалаларындағы және Өзбекстандағы «Одаренные Дети» халықаралық сайысына би өнерінен жолдама алды. Сонымен қатар «Deep N Dap» тобы І орын,«GN» би тобы ІІІ орын алып, академия абыройын асқақтатты.
Ауданымыздағы алғашқы гимнастика үйірмесі де сайыстан құр қайтпады. Қазалы ауданындағы сайысқа қатысқан «GN» гимнастика үйірмесінің оқушылары бас жүлде иеленіп, Алматы қаласы мен Өзбекстан еліне жолдама алды (жетекшісі: Жақсылықова Гүлбаршын)
Аудандық Өнер мектебіндегі жетекшілері Исмагулова Райлә және Бисенбаева Жансая ханымдардың «Шаттық» би тобының өнерлі жастары да бас жүлдені қанжығасына байлап, Ташкент қаласына жолдама алды. «Шаттық» кіші би топтары да жүлделі І, ІІ орын алып, ұстаз мерейін өсірді.
Сонымен қатар «Даму бала» бағдарламасы аясында құрылған «Айсәуле» жоғарғы би тобының және жас ерекшеліктеріне байланысты «Айсәуле» орта би тобының қыздары бас жүлдені жеңіп, қазылар көңілінен шықты. Қазалы ауданынан кіші би тобының өнерпаздары І орынмен оралды.

Сонымен бірге Ержанов Абзал «Үздік көшбасшы хореограф» төсбелгісіне лайықты деп танылды. Ал осындай өнерпаз жастарға қолдау көрсетіп, олардың жаңа қырын ашуға себеп болған «GN» өнер академиясының негізін қалаушы Айтеке Назерке Әлиқызы арнайы Алғыс хат алып, ұйымдастырушылармен арада жемісті ынтымақтастықтың дара жолы салынды.
Өнер сайысына қатысып, ауданның атын танытқан өнерлі жастарға шығармашылық өрлеу мен жетістіктер, алдағы сайыстарда тек сәттілік тілейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА