Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенттіктердің алғысына бөленген дәрігер

Кенттіктердің алғысына бөленген дәрігер

Сексеуіл кентінің шет жағында орналасқан зәулім емхана алыстан көз тартады. Кенттегі тарихы терең, орны бөлек мекемелердің бірі де осы емхана. Әлі күнге дейін абыройы аласармай келе жатқан, халықтың сұранысына сай жұмыс жасап тұрған бұл орынның көшілгері дамуына басшының септігі зор.
Оған талас жоқ. Қабілеті жоғары, басшылық ұйымдастырушылығы ерекше жан Серік Алдажаров осындағы қызметкерлерді жігерлендіріп, мекеме жұмысының жүйелі жүргізілуін қамтамасыз етіп отыр.
Бірақ бүтіндей ұжымның абыройы бір адамның еңбегімен ғана шектеліп қоймайтыны анық екенін баршамыз білеміз. Сол сияқты мұнда да тәжірибесі көп, сауаты мен санаты жоғары, білімді, білікті мамандар мұнда да жетерлік. Жауапкершілігі жоғары қызметті, адам жанының арашашысы болып жүрген беделді маман – Арайлым Қуатова.
Арайлымды қанша мақтасақ та артық етпейді. Жүзі жылы, сөзі емге дәру, қолы шипалы мұндай дәрігерлерді елдің де танып білуі қажет деп көптен аудандық басылымға оның еңбегі жайлы жазуды ойлап жүргенмін. Осы жолы Арайлыммен әңгімелесудің сәті түсті.
Болмысынан байсалды, мақтағанды өз аса жақтырмайтын дәрігер әңгімесін:
– Біздің мақсатымыз біліміміздің арқасында алдымызға келген науқастардың, тұрғындардың кеселдерін анықтап, оларға емдеу жолдарын нұсқау. Сырқаттарының асқынып кетуіне жол бермейміз. Денсаулық сақтау біздің парызымыз. Сол үшін оқу бітіргенде ант бердік, – дейді.
Десе дегендей, кент тұрғындарының саулығы үшін істеп келе жатқан жұмысы есепсіз. 1992 жылы Сексеуілде дүниеге келген Арайлымның әкесі Рысқұл да, анасы Ұлдай да теміржолшы. 2019 жылы №177 орта мектебін алтын белгімен бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне оқуға түсіп, қызыл дипломмен тәмамдайды. Педиатр мамандығын бітіріп шыққан ол еңбек жолын туып-өскен ауылында жалпы тәжірибелік дәрігер болып бастап, әлі күнге дейін осы қызметте абыроймен қызмет атқарып келеді.
Иә, оның еңбегі де елеусіз қалған емес. «Ердің атын еңбек шығарады» дегендей тәжірибелі маман бүгінде ауыл халқының, емделушілердің алғысына бөленіп, құрметке ие болып келеді. «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген осы шығар.
Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген жан бүгінде Айсезім, Іңкәр, Асылым сынды қызғалдақтардың анасы. Ал жолдасы Еркебұлан теміржол саласында еңбек етіп келеді. Халыққа қызмет етіп келе жатқан ол теміржол саласында инженер болып жұмыс істейді.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар ғой. Ендеше ақ халатына дақ түсірмеген, адал атына кір келтірмеген дәрігер халықтың алғысының арқасында әлі талай биік белестерді бағындырсын дейміз.
Жоламан ЖОЛДАСОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

02 наурыз 2024 ж. 274 0