Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұлу болу үшін қанша ақша жұмсаймыз?

Сұлу болу үшін қанша ақша жұмсаймыз?

Көктем келіп, күн жылына бастағанда қыстың ауыр шоқпытын шешіп, бой түзей бастайтын әйелдер сұлулыққа құмар-ақ. Оның үстіне жайма шуақ мезгілмен қатар келетін әйелдер мерекесі арулардың сымбатына сән қосып, тіптен ажарландырып жібереді. Қалай дейсіз бе? Ол үшін қалтаңыз сәл қалың болса болғаны. Өйткені қазір көңіліңе жақпаған тал мүсініңдегі кемшілікті бояудың құдіретімен икемдеп алу қиын емес.
Әйелдер әдемілікті қалайды. «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөзді арқау еткен қыз-келіншектер өздерінің әдемі көрінуі үшін ақшасын да, уақытын да аямайды. Қазір қасыңызды қиықтай етіп, кірпікті ұзарту, тырнақты түрліше сәндеу, бет әрлеп, адам танымастай болып шыға келу қиын емес. Сұлулық саланында жұмыс істейтін құрбым мереке қарсаңында жұмысына ерте барып, түн ауа қайтып жүргенін айтты. Өйткені қызметіне жүгінуші қыздар көп. Әрине, ол еңбегін әжептәуір қаржыға бағалайды. Бірақ оны елең қылып жатқан арулар жоқ. Бастысы көп алдында көрікті болып тұрса болды.
– Мен бет әрлеймін, кірпік жалғап, қас түзеймін. Наурыз айының басынан бастап бос уақытым болған жоқ. Алдын ала жазылып қойған клиенттерім бар. Көбі әдемі, сәнді болып жүргісі келеді. Оның үстіне мереке қарсаңында түрлі басқосулар да жиілейді. Жаңа жылдақ кештерден соң көпке дейін бос отырған едік. Қазір кәсібімізге қайта жан кіргендей. Қызмет құны да арзан емес. Бет әрлеу 5000 теңгеден басталады. Кірпік өсіру 4 мың мен 7 мыңның арасы. Оның ішіне біздің материалдық шығындарымыз бен қызметіміз кіреді. Әйелдердің әдемі болып жүргені дұрыс қой. Әсіресе мерекеде бір сәт өзіне көңіл бөлген әйел өзін шексіз бақытты әрі ең сұлу жандай сезініп жүреді, – дейді кәсіпкер Жадыра Сейтова.
Әйел мінсіз сұлу болып, табиғат бермегенді қолдан жасап алу үшін қанша қаражат керектігін саралап көрдім. Қабағының үстін немесе астын сызық қылып сызып алу да сәнге айналғалы біраз болған. Қабақты сызу көлемі мен формасына қарай түрлі бағада жасалады. Шамамен қабақтың үстін бағдармен бояуды 10-13 мыңға жасайды. Ал еріндерінің шетін де сызып алатын қыздар барын мойындайық. Еріннің тартымды көрініп, бетке ерекше өң беріп тұруы үшін қыздар бұған да тәуекел етеді. Ал мамандар еш залалсыз еріннің шетін сызып, үлкейтіп беруді 10-13 мың теңгемен бағалайды. Мамандардың көмегімен беттегі артық дақтармен безеулерді кетіру де қиын іс емес. Ол үшін сұлулық салондарына шамамен 10 мың теңгемен кіруге болады. Бір рет бет тазартқан адам сол іске тәуелді болып қалады. Адамның өзінен бұрын бет тазартуға оның терісі тәуелді бола бастайды. Бүгінде кірпігі қысқа қыздардың да бұл тығырықтан шығар жолы қарастырылған. Шамамен 15 мыңды қалтаңызға салып алсаңыз, кез келген салоннан кірпігіңізді «көтере» алмай шығасыз. Бірақ ұзын кірпік кем дегендей бір ай ғана көзіңізге сән беріп тұрады.
Бұл – бергі жағы. Бір көргенде «әдемі» көріну үшін қыздардың көбі осы бес қадамнан аттап көреді. Мұның арасында майда-шүйделері де бар. Бірақ бізді қыздардың осы қадамдарды аттауы үшін қалталарында қанша тиыны болуы керектігі қызықтырды. Енді шамамен есептеп көрсем, 70 мыңға жуық ақшаны сарп ете саласыз.
Қанша мінсіз болуға талпынғанмен, жасанды жасалған дүние тайға таңба басқандай айқын көрініп тұрады. Табиғатыңда берілмеген сұлулықты қолдан жасау кейбір арулардың тіпті сүйкімін де кетіріп тастайтын тәрізді. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» дейді халқымыз. Мерекенің қарсаңында сұлулыққа ұмтылған нәзік жандыларға бір жүректің қалаулысы болудан асқан бақыт жоқ екендігін, сол жүректің иесі үшін сізден асқан сұлу болмайтынын түсінсеңіздер екен деймін. Ең бастысы Жүректегі сұлулық сұрықсызданбаса болғаны.
Назерке МАРАТ
07 наурыз 2024 ж. 230 0