Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарға қызығушылар көп – қызылордалық оқушы

Ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарға қызығушылар көп – қызылордалық оқушы

Қызылордалық оқушы Алтын Исламова ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын дайындайды. Әрбір жасаған дүниесі көздің жауын аларлықтай. Көрген адам оның еңбегіне жоғары баға беріп жатады. Мерейлі мереке қарсаңында жас қолөнер шеберін әңгімеге тартып, ұлттық құндылықтар жөнінде ой бөліскен едік.

- Зергерлікпен қай уақыттан бері айналысып келесің? Қызығушылық неден басталды?

- Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасауды мен 2022 жылдың жаз мезгілінде қолға алдым. Сол жылдың шілде-тамыз айларында алғашқы дүниелерді жасап шықтым.

Қазақ халқы ертеден ырымға сенеді. Әсіресе, көз тию, тіл өтуден сақтанып жатады. Анашым менің тізеден келетін ұзын шашыма көз тиіп кетпесін деген ниетпен маған фурнитураларды біріктіріп, кішкентай көлемді шолпы жасап берген еді. Оны жіппен байлап өте қарапайым етіп жасап шығарды. Шолпыны мектепке тағып бардым. Сол сәтте мектеп басшылығы, ұстаздар және мен сыныптастардан көп жылы сөз естігенім есімнен кетпейді.

- Қолөнер бұйымдарын жасау ісін сол кезден бастап қолға алдың ба? Бұл кезде қай жаста едің?

- Әрине, сол оқиға маған ерекше әсер етті. Десе де, бірден айналысып кете қойған жоқпын. Жазғы демалыс күндерінде уақытымды босқа өткізбей, хобби ретінде айналысатын іс іздедім. Содан кейін анамның шолпысын аздап әрлеп, өзім ұнатқан бөлшектерді қосып қайта жасап алу туралы ой келді. Осылайша қолда бар құралды, шынжырды және тиынды біріктірдім. Сол арқылы ойымды жүзеге асырдым. Сол уақытта менің жасым 15-те болатын.

- Алғаш өз қолыңмен жасаған бұйымың қандай? Қанша уақытта істедіңіз оны?

- Алғашқы жасаған бұйымым шашыма арналған шолпы еді. Рас, алғашқыда өзім қолөнер бұйымдарын қалай жасау керек екенін білмейтін едім. Қажетті ұсақ бөліктер қолымда жоқ еді. Соған қарамастан қыздың көркіне айналған, қос бұрымның көркін ашатын ұлттық бұйымға деген қызығушылығым басым болды. Шын ниетіңмен істегің келген жұмысқа барлығы табылады. Оған уақыт та жетеді, көңіл бөліп жасасаң алынбайтын қамал жоқ.

Алғашқы бұйымдарыма қанша уақыт жұмсағаным қазір есімде жоқ. Алайда қазір қолым үйреніп, осы саланың қыр-сырын меңгеріп келемін. Қазір оған көп уақыт жұмсай бермеймін. Тапсырысты уақытында орындауға тырысамын.

- Зергерлік бұйымдарға қажетті дүниелерді қайдан аласың?

- Шолпы, сырға, алқа және өзге бұйымдарға қажет жабдықтар Қызылорданың өзінен табылады. Кейбір заттарды Алматыдан алдырамын. Әрбір бөлшекті біртіндеп біріктіріп шығамын. Оларды тастармен қосып, шынжыр жалғап жасаймын. Бұл бұйымның қиындығы мен көлеміне қарай 1 сағатқа дейін уақытты қажет етеді.

- Сен жасаған қолөнер бұйымдарын кімдер алады? Олардың қатарында сыныптастарың және өзге де нәзік жандылар бар шығар.

- Әлбетте, барлық нәзік жандылардың ата-баба өнеріне деген қызығушылығы ерекше. Қазақ арулары ұзын бұрым, шолпы-сырғасымен келбетіне көрік қосады. түседі. Шолпымды көрген үлкен ризашылығын білдіріп жатады. Жылы сөз айтып, батасын береді. Дос қызымның туған күніне сыйлық ретінде көздің жауын алатын, талғамына сай келетін шолпы табыстаған едім. Оның сол сәтте қуанғаным көріп, өзім ерекше сезімге бөлене түстім. Мен жасаған бұйымдарды үйдегі қыздар да тағып жүреді. Оларға сыйға тартқанды ұнатамын. Мектеп қабырғасында жасаған жұмыстарыма көзі түсіп, сатып алған оқушылар бар. Мектепте «Бегім ана» атты қлттық өнерді дәріптейтін шаңырақ бар. Кіші сыныпта білім алып жүрген қыздар өздерінің ұлттық нақыштағы бұйымдарға қызығушылығы ерекше екенін айтып жүреді. Айтпақшы, кезінде сайыста, қыз сыны байқауында, мерекелерде шашбау, шолпы сияқты бұйымдар таба алмай қиналатын едік.

- Өзің білім алатын білім ошағында қолөнер бұйымдарын жасау мен дамытуға қандай деңгейде назар аударылған?

- Өзім білім алатын Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қолөнерге, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіруге барынша қолдау көрсетіліп келеді. Оған лайықты қолайлы орта туғызды. Мектеп қауымдастығы түгелдей мен жасаған бұйымдарды жоғары бағалайды. Маған жылы лебізін білдіріп жатады. Шашымның ұзындығына рақметін айтады. Үлкендер қазақ тарихында шаштың ұзын болуы жөнінде қызық әңгімелер айтады. Меніңше, осындай қолдау маған қолайлы орта туғызып, ұлттық әшекей-бұйымдарды дамытуға жол ашқан тәрізді.

- Қазір зергерлік бұйыммен хобби ретінде айналысып жүрсің ғой. Болашақта осы өнерге қатысты арман-мақсатың, жоспарың бар ма?

- Әрине, қолдаушылар мен қызығушылық танытатындар саны өсіп жатса, осындай бұйымдарды неге дамытпасқа? Тіпті өсе келе бұл хобби үлкен кәсіпке ұласып кетуі де ғажап емес. Қазақы нақыштағы ұлттық әшекейлер деген атпен әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті дүние ретінде дәріптеліп жатса қандай ғанибет. Оны алдағы уақытта көре жатамыз.

- Өзге қандай зергерлерді білесің? Мүмкін зергерлік бұйымдар дүкенін бақылап жүрген шығарсың?

- Жалпы, бұл сала өзінің бастауын ұзақ уақыт бұрын алған және әшекей-бұйым бағытында осы жұмыстың қыр-сырын меңгеріп алған майталмандарды бақылаймын. Оларды жоғары бағалаймын. Ешқайсысын бөліп-жармаймын.

- Әңгімеңізге рақмет.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
18 наурыз 2024 ж. 239 0