Ең жас волонтер: 6-сынып оқушысы Құлсарыға көмек берді

Аудандағы Сазды елдімекені бұрыннан бізге түрлі жақсы істерімен, жастардың ауызбіршілігімен танылған. Бұрхан да осы ауылдың баласы. 2011 жылы дүниеге келген Бұрхан бүгінде небәрі 6 сынып оқушысы. Оқуда озат, қатарының алды болып өсіп келе жатқан жастың бұл іске баруына не түрткі болғанын сұрағанымда Бұрхан:
– Бұл ақша ата-анамның күнделікті жұмсауға берген ақшалары. Өзімізде барлығы бар, әзірге ата-анамыздың қамқорлығында болған соң інім екеуміздің артық ақшаларымызды келесі оқу жылына дайындық ретінде жинағанмын. Ондағы ойым құрал-жабдықтарымызды сатып алу болатын. Қазір Құлсарыда болып жатқан оқиғаны естіп, Аралдан да көмек баратынын білген кезде менің де қолұшын созғым келді. Осылайша қалаға келіп, ақшаны арнайылап бергенмін. Ол кезде артық ойым болмаған, – деп ағынан жарыла жауап берді.
Иә, бала Бұрханның бұл сөзі мен ісінен оның тәрбиесі мен мінезі көрініп тұрғандай-ақ. Отбасында ата-әженің, әке мен ананың орнын біліп, ақылын тыңдап өскені анық байқалады.
– Баламның мінезі ашық. Достары көп. Өнерге де жақын. Мектепте болған әрбір шараға қатысады, өте белсенді.
Әжесіне жақын, сол кісінің жағдайын жасап, әңгімелерін тыңдап жүреді. Бізге үйдің шаруасына да көмектеседі. «Мынау сенің шаруаң» деп тәтелерімен, інісімен келіспей қалғанын көрмедім. Ақша жинап жүргенін бұрыннан байқағанмын. Жалпы баланың қаржылық сауаты болғаны жақсы ғой. Сондықтан ештеме демегенмін. Біршама уақыттан бері «ақшамды көмекке апарып бергім келеді» деп айтып жүрген. Біз қолдадық, оның дұрыс екенін айттық, нәтижесінде өзіңіз көргендей арнайылап апарып берді. Бұрханның елінің баласы болғанына қуаныштымыз, – дейді анасы Гүлжанат Жетекеева.
Сөз соңында:
– Мен әрдайым қолдан келген көмегімді елден аямаймын, елге көмектессем жаным жадырайды. Алдағы уақытта да ерікті ретінде көмек бергім келеді. Ерікті болу – жүректің қалауы. Қиын жағдайда қарт адамдарға, балаларға бір жағына шығысып көмектесуді борышым деп білемін, – дейді жас волонтер.
«Баланы жастан» дейді халқымыз. Жас та болса «елім, халқым» деген үлкен жүректі кішкентай Бұрханның талабына нұр жаусын дейміз.
Г. МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ