Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аллергиядан қалай оңай арылуға болады?

Аллергиядан қалай оңай арылуға болады?

Күн жылынса мұрыны бітіп, түшкірік қысып, бет-жүзі қызарып –бөрткен адамдар қатары көбейе түскендігін байқаймыз. Қазір екі маусымдық аллергия құрығын кеңге сермеп келе жатыр. Оған дәлел екінің бірінің осы дерттің азабын тартып жүргендігі. Қоғамда өркениеттің дамуына байланысты тұрмыстық химия өнімдерінің көбеюінен аллергиямен ауыратындардың саны да артып отыр. Бұл ауру адам иммунитетінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан пайда болады дейді ғалымдар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде әлем халқының 40 пайызы аллергиямен ауырады. Ал Қазақстанда мұндай дертке шалдыққандардың саны – 35-38 пайызды құрап отыр.
Расымен де қазір аллергия халық арасында белең алған аурулардың бірі. Дәрігер мамандардың айтуы бойынша, аллергия адам өмірі үшін ең қауіпті аурулардың бірі. Аллергияны емдетпей, асқындырып алу өмірге қауіпті, бронх демікпесі, көмекейдің iсiнуі пайда болуы мүмкін. Ал ең қауіптісі – анафилактикалық шокқа әкелуі ықтимал. Сондықтан оны асқындырмай, білікті дәрігерге бару керек.
Соңғы он жылдан бері аллергиямен өмір сүріп келе жатқан Марат Қаниев жаз мезгілі басталса, аллергияның салдарынан қоғаммен қатынасты тоқтатанын айтты.
– Биыл аллергияның азабын тартып келе жатқаныма тура 10 жыл болыпты. Бұл ауру менде жаз мезгілінде ғана пайда болады. Яғни тіршілік қайта түлеп жерге көк көтерілген шақтан бастап мен қалыпты өмір сүруден қаламын. Түшкіру, әлсіздік, тершеңдік басып басым ауырып, өне бойым сыздай бастайды. Түні бойы ұйқы көрмеймін. Мұрнымнан су ағып, әбден мазам қашады. Сол себепті той, құдайы астар, жалпы көпшілік жиналатын орындарға барғым келмейді. Өзімді ыңғайсыз сезінемін. Бастапқы жылдары емін салдырып жүрдім. Кішкентай құтыдағы бір реттік қолданатын екпенің өзі біршама қымбат тұрады. Бірінші жылы әсері жақсы болды. Аллергиядан арылып жақсы болып қалдым. Келесі жылы басталғанда әлгі емді тағы жасадым. Бірақ бұл жолы әсері тек бір айға жетті. Ал үшінші жылы, онан кейінгі жылдары мүлде әсер еткен жоқ, – деді ол.
Марат ұзақ жылдар аллергияның азабын тартып келсе де, өзінің нақты неден аллергия екендігін білмейді. Өйткені бізде оны анықтайтын орталық жоқ. Ал ірі қалаға барып анықтатуға көп қаражат керектігін айтқан ол амалсыз аурумен алысып жаймашуақ мезгілде жайсыз күн кешіп жүр.
Елімізде аллерияны анықтайтын орталық тек Алматы мен Астана қаласында ғана бар. Ондай орталықта аллерголог мамандар зерттеу жасап, адамның қандай заттан қоздырғышы бар екенін анықтап береді. Соған қарай ем тағайындалады. Өзінің неден аллергия екенін білмей жатып дәріханадан кез келген дәрі-дәрмекті алып қабылау адам өміріне қауіпті көрінеді.
Аллерголог дәрігер мамандардың ақпарат көздерінде берген сұхбаттарын талдап олардың пікірлерін оқып шықтық. Жоғары санаттағы аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалия Түсіпбекованың пікіріне сүйенсек, аллергия тұқым қуалайтын аурулар қатарына жатады екен. Сондай-ақ жан-жақты мағұлымат берген дәрігер емдеу, алдын-алу шаралары туралы да кеңінен түсіндіріп өткен.
Дәрігер тамаққа, жануарлардың жүніне, оның қайызғағына, зәріне және шаңға, шаң кенесіне, дәріге, шөпке аллергия көбейіп кеткенін айтады. Тіпті кейде жаңа туған сәбидің ана сүтіне аллергиясы болады екен.
– Аллергия – тұқым қуалайтын ауру. Мысалы, оның әкесі мен шешесі аллергиямен ауырса, сәбидің бұл ауруға шалдығу ықтималдығы - 60%. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. 1 жасқа дейінгі балалардың басым бөлігінің тамаққа және үйдегі шаң кенесіне аллергиясы болады. Жалпы балалар аллергиясының 90%-ы тамаққа байланысты. Ал ана сүтіне аллергия болған кезде, емізуді тоқтатуға тура келеді, – дейді аллерголог.
Сондай-ақ Ғалия Түсіпбекова балада аллергия болса, тезірек дәрігерге көрсетіп, аллергендерді анықтау қажеттігін атап өтті. Дәрігердің пікірінше, диагнозды уақытында қою, ауруды асқындырмауға септігін тигізеді.
Аллергияның пайда болуына қоршаған ортаның ластануы, темекі шегу, нашақорлық, полипрагмазия (дәрі-дәрмектердің жиі қолданылуы), сәбилерді жасанды тағамға ерте үйрету, өндірістік-тұрмыстық химиялық заттардың көп қолданылуы, күнделікті тұтынатын тағамдарда ГМА (гендік модификацияланған ағза) қоспаларының, консерванттардың болуы, бауыр мен асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары, стресс, жұқпалар да септігін тигізеді дейді аллерголог мамандар.
Ғалымдардың айтуынша, жоғары дамып кеткен елдердің халқы аллергиямен жиі ауырады екен. Біздің иммундық жүйеміз екіге бөлінеді: бірі вирустармен, ал екіншісі – бактериялармен және паразиттермен күреседі. Осы екіншісі аллергиялық қоздыруға әкеліп соғады. Мәселен, иммунитеттің қандай да бір бөлігі жұмыс істемей тұрса, ол өз-өзіне тапсырмалар ойлап табатын көрінеді. Сондықтан біздің дезинфекциялық тазалауымыздан соң бактерия қаншалықты азайса, соншалықты аллергия өршіп кетеді деген қауіп бар. Бүгінде дамыған қоғамда паразит өте аз. Ал дамымаған елдерде, керісінше, бактерия мен паразит өте көп, сондықтан халықтың иммундық жүйесінің сол бөліктері әрдайым жұмыс істеп тұрады да, олардың жаңа «жауларды» іздеуге уақыты болмайды. Сондықтан, бұл елдерде аллергия өте сирек кездеседі екен.
Бүгінде көптеп кездесетін аллерияның адам баласында екі жағдайда пайда болады. Бірнішісі тұқым қуалаушылық жолмен берілетін болса, екіншісі жүре келе пайда болады. Бұл аурудың басты қоздырғышы қоршаған ортаның ластануы мен тұрмыстық химиялық заттардың алуан түрлі болуынан. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан аймағында шаң-тозанға мезгілдік аллергия жиі кездеседі. Тұрғындарының аллергияға бейімділігі артуына өндірістің дамуы себеп. Өндіріс дамыған аймақтарда аллергиялық аурулардың саны 25-30 пайызға дейін артық болады. Аллергияның нақты себебін тауып, кешенді ем жүргізетін болсақ арылуға болады.
Назерке БАҚЫРАН
Фото: ашық дереккөз 
16 сәуір 2024 ж. 205 0