Моншақтай әңгімелер
Өздерін тірі Құдайдай сезінетіндерге Құдайдың керегі жоқ.
Ауыс-түйіс алдындағы ахуал
Мықтыларға қызмет керек. Маңындағыларға қызық керек…
Білімді елде
Бізде білім берудің шапшаң дамып кеткені сондай – жоғары білімді таксистер, жоғары білімді күзетшілер, жоғары білімді жүк тиеушілер, жоғары білімді балықшылар өріп жүр…
Нәннен қалған өсиет
«Мен айта беремін. Сендер өздерің білесіңдер ғой…».
ҚАРЫЗ бен ПАРЫЗ
Мойнындағы мың қарызынан құтыла алмай жүріп, парыз туралы әңгіменің тиегін ағытып көсіле сайрап отыр.
КІШКЕНТАЙ ЖЕГІШ
Ұялы телефонды кіп-кішкентай деме. Кіп-кішкентай болса да, өміріміздің үлкен бөлігін таңертеңнен кешке дейін жеп үлгеріп жатыр.
ҚАРТТЫҚҚА ЖЕТКІЗСІН
Жас адам бетіне әжім ізі түсіп, қимылы баяулай бастағанда, қартаюдан қорқып екіұдай күйде болады. Ал жасы келіп, сол қарттыққа жеткенде іштей қуанып, шүкіршілігін көп айтып отырады.
АҚШАНЫ КӨРУ
Карточка шығып, голд пайда болып, енді қобыраған қолма-қол ақшаны келіндер түскенде беташардың нән табағынан ғана көретін болдық…
ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Арақтың өзіңе жағатын маркасын ғана ептеп-септеп ішіп жүргің келеді. Бірақ апта сайын баратын тойларымыздың иелерінің талғамы әртүрлі болғандықтан да, дастарқанға не қойса, соны ішіп қайтасың. Өйткені арақ өзің қалтаңа салып жүретін темекі емес қой…
СҰЛУЛЫҚТЫҢ СӘУЛЕСІ
Мына әлемдегі сұлулықпен жаныңды суарып жүру үшін, сенің де санаңның сол сұлулықтардың сәулесі түсетіндей әсем алаңшасы болуы керек.
ҚУШЫКЕШТІҢ ТІРЛІГІ
Жаңа мектепке директор болып келген соң, комиссия шақырып: «Кемшілігін тауып беріңдер» дейді. Бір-жар жылдан соң тағы комиссия шақырып: «Жетістіктерін біліп берсеңдер» дейді. Сосын жетістіктерін тізбелеп отырып: «Мен келгенде қандай едіңдер? Мен келген соң қандай болдыңдар?» деп, бірнеше жыл бойы өзгелердің миын жеп жүреді.
АҚШАНЫҢ ҚАСИЕТІ
Ақша әйелдің жүрегін жібітеді, еркектің сезімін қатайтады.
ҰРЫ ОЙЛАР
Ұры ойлар кәнігі ұрылардан да бетер: кірмейтін тесігі жоқ, ашпайтын есігі жоқ…
Сурет ашық дереккөзден алынды