Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аққұмнан көмек жөнелтілді

Аққұмнан көмек жөнелтілді

Апат айтып келмейді. Ел азаматтары өңірлерде болып жатқан апатқа бір ауыздан көмек қолын созып, жұмыла іске кірісуде. Ежелден жұрт дегенде жұмылған, ел дегенде егілген батыр бабаларымыздың ұрпағы халқы үшін қол ұшын созуға әрдайым дайын тұрады. Бұл игі бастамадан теңізді өлке де қалыс қалып жатқан жоқ. Қам қылған елдің қарекеті көзі қарақты оқырман қауымның назарынан тыс қалған емес.
Қиналғанға қол ұшын созуға асыққандардың қатарында ауданға қарасты Аққұм ауылдық округінің халқы да бар. Тасқыннан қиындық көріп, қауқарсыз қалған жандарға игі жақсы амалымен көмектескен шижағалықтардың бірауыздан білдірген қолдауы елеусіз қалмақ емес. Жасы мен кәрісі бірдей атсалысқан ауыл тұрғындары Ырғыз ауданы, Жайсаңбай ауылына көмек ретінде 1 миллион теңге қаржылай және құны 1 миллионға татитын заттай көмек жөнелтті. Оның ішінде 2 тонна жанармай, қап, күрек, қолғап секілді қажетті заттарды көздеген жерге жеткізіп, елмен бірге екендіктерін көрсетіп қайтты.
Иә, С.Ермеков секілді ел ағалары бастаған бастаманы ауыл жастары Б.Дарменов, С.Қуанышбайұлы, Ж.Жеткергенұлы, А.Жанбикеев өз қолдарымен апарып, Жайсаңбайдағы жұрттың батасын алып келді.
Қашан да қарты бар елдің қазынасы толық емес пе?! Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев:
– Қазақтың басынан қаншама қиындық, сынақ өтті. Соның барлығын бірліктің арқасында жеңіп келгенбіз. Бұл апат та ауыздықталатыны анық. Қиындыққа тап болған ауылдардың халқына көмек көрсету үшін күш біріктірген ауыл азаматтары, кәсіпкерлер, №57 Е.Көшербаев атындағы мектептің мұғалімдеріне, ауылдың аманатын аман жеткізіп, қолдаушы жандардың бар екенін сездірген барлық шижағалықтарға алғысым шексіз. Біз осындау игі амалдың арқасында ғана қазақ болып қаламыз, – дейді.
Б.Аймырзаева,
№57 Е.Көшербаев атындағы мектептің мұғалімі
27 сәуір 2024 ж. 298 0