Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанға жайлы жылыжай

Жанға жайлы жылыжай

Қай мезгілде болсын құлпыра жайнап тұрған мектеп жылыжайының жанға ерекше жылылық беретіні анық. Әсемдік пен эстетика үйлесім тапқан жылыжайдың таңғажайып әлемін қайта-қайта тамашалаудан мектеп оқушылары әсте жалыққан емес. Әр көкөніске күтіммен қарап, қалауына сай қамқорлық жасау – мұғалімдер мен оқушылардың қызғылықты жұмысы. Өйткені мейірімге бөленген көкөністердің жайнай өсіп, жемістердің өнімді көп беретіндігін біледі. Әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық қажет.
2023-2024 оқу жылында қаладағы №64 орта мектебінде де мектеп жылыжайы өз жұмысын бастады. Бүгінде оның орны ерекше. Өнімнен пайда табу емес, оқушылардың теориялық білімін тәжірбиемен ұштастыруды, еңбекке баулуды және экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етуді көздейтін жылыжай балалар үшін сабақтың қызықты өтуіне бағытталған мекен. Сонымен қатар жылыжайда өнім егіп, оны өсіруді зерттеп, мектеп оқушыларын сапалы табиғи өніммен қамту мәселесі де жолға қойылып отыр.
Теория мен практиканы ұштастыруға септігін тигізетін бұл шағын, заманауи жылыжай білім саласындағы айтулы жетістік. Мектепте балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында оқушылармен жылыжайда саяхат сабақтары жүргізіледі. Саяхаттап келген оқушылар үшін жылыжай туралы түсіндірме жұмыстары арнайы ұйымдастырылады.
Мектеп оқушылары үшін тәжірибе алаңына айналған жылыжайда қияр, салат жапырағы, тұрып сияқты көкіністер отырғызылған болатын. Нысанда жылы еден арқылы қолайлы температура ұсталынады. Өскіндерге нәр тамшылатып суғару жүйесі арқылы беріледі. Жылыжайда тәжірбиелі биология пәнінің мұғалімі А.Есмағамбетова, үйірме жетекшілері Ж.Маликаждарова, Ж.Асылбекқызы, И.Танымбетова оқушылармен бірге көкіністер отырғызып, балалар қызығушылығын арттыру үстінде. Ал егілген көкіністерді бақылап, ауруға ұшырамауын, дұрыс өсуін Г.Баянасова, А.Омарова сынды білікті маман-педагогтар қадағалайды.
Қазір мектебімізде И.Танымбетова жетекшілік ететін «Табиғат таңғажайыптары» үйірмесі жұмыс істейді. Сонымен бірге оған қатысуға ниет еткен оқушылар саны аз емес. Көпшілікті тәнті еткен тәтті көкөністерді тамашалау үшін оқушылар жиі саяхат жасап тұрады. Жанға ләззат сыйлар хош иіс, жылы леп, таза ауа, көз тартар жасыл желек жайқалып тұр. Бастысы, еселі еңбек жемісін беруде.
Ж.Өтешова,
№64 орта мектебінің
қосымша білім беру педагогы
27 сәуір 2024 ж. 322 0