Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмылсақ, бұла күшпіз...

Жұмылсақ, бұла күшпіз...

Қазір сын сағатта тұрмыз. Әлсін-әлсін екпіндейтін өзендер мен дариялар аласұрғанда айналасындағы ағайынның берекесін алып, мазасын қашыруда. Алайда мұндай сынақтар біздің бірлігімізді кетіре алмайды. Керісінше осындай сәтте бір жұдырық болып жұмыла қалатын дәстүрлі жолымыз бар. Біз сол берекені мақсат тұтқан ел ретінде ешқашан мерекелі тірлік жасаудан жалықпағанбыз. Ертең Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлатады. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Дәл қазіргідей кезең бастан өтіп жатса да қазақтың қара жолы, бірлікке бастар дара жолы ешқашан желісін үзбек емес. Сондықтан жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан өзге ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын әркез мақтан етеді, ортақ арманды алға тартып, бірлікте күн кешкен ел бұл мерекені атаулы күн санайды.

«Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті» дейді Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов. Қазір жаңа тохнология дәуірі. Ғылым мен білімді басты қару етіп, өркениет көшіне ұмтылуды мұрат еткен елдің мызғымас татулығы турасында көптеген мағыналы, маңызды сөздер сабақтауға болады. Бірақ бізге қазір сөзден іске көшіп, сол істен нәтиже шығару маңызды болып тұр.
Еліміздің батыс, шығыс және солтүстік өңірлерін су басқан сәтте бізге ең бірінші көмекке келген бірлік пен ынтымақ. Ешқашан ескірмейтін осы құндылықтар бізде қаптан қамал, топырақтан тау тұрғызды. Қазіргі уақытта да сол бірліктің арқасында қарғын суға қарсы күресіп жатырмыз. Сонымен қатар елдің ағымдағы тіршілік баяны бір арнаға тоғысып, тірлігі өтіп жатыр. Татулық пен достық дәріптелер шақта еліміздегі Ассамблея деп аталатын маңызды саяси институттың кезекті сессиясы өтті. Оған Мемлекет басшысы қатысып, қазіргідей сын сағаттағы елдің ортақ татулығы мен бірлескен бірлігін баршаға паш етіп, өз ризашылығын жеткізді.
– Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады. Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын. Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық, – деді Президент.
Расында біз ел өміріне қауіп төнген сын сағатта бірлік пен татулықтың арқасында қазақстандықтардың өмірін сақтап қала білдік. Еліміздің әр аймағынан көмекке ағылған ағайынның арасында өзге ұл өкілдері де бар. Алыс-жақын шет елдерден де гуманитарлық көмектер келіп, зардап шеккен жандарға дер шағында көмек көрсете алдық. Жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір тату ұлттың тілекші жұрты осындай сәтте ортамызда болды. Мұны Президент те айтты. Мұндай іс ел бірлігін бекемдей түстені сөзсіз.
– Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі. Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді. Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді, – деді Мемлекет басшысы кешегі өткен Ассамблеяның кезекті сессиясында.
«Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар» деген сөзі бар еді ұлт зиялысы Мұхтар Әуезовтың. Әрине қай сынақ болсын құрбандықсыз болмайды. Салғырттық пен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтамағандықтан болар, бірлі-жарым қандасымыз тілсіз жаудың құрбаны болды. Бірақ негізгісі, еліміз аман жұртымыз тыныш. Дүниенің орны толады. Сондықтан біз алдағы күнге күш біріктіруіміз керек. Ертеңге сеніммен қарап, еңсе тіктеуіміз маңызды. Ең бастысы, бізге керегі балталаса да бұзылмайтын бірлік.
А.БИСЕНОВ

Фото: azattyq.org
30 сәуір 2024 ж. 320 0