Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсықылышқа келін атанға қырғыз қызы

Жақсықылышқа келін атанға қырғыз қызы

Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған ұланғайыр жерімізге тағдырдың айдауымен сан ұлт өкілдері қоныс теуіп, алмағайып кезеңде бақытын қазақ даласынан тапты. Олар жергілікті халықпен біте қайнасып тіршілік етіп, тілі мен дінін, дәстүрін бойға сіңірді. Досқа құшақ ашқан дархан жүрек қазақтың аялы алақанының арқасында өзгелік көрмей өмір кешті. Теңізбен тағдырлас біздің өлкеге бір кездері теңізден маржан сүзуге жан-жақтан сан ұлт өкілі ағылған еді. Ал қазір тағдыры аралдық азаматпен тоғысқан өзге ұлттың арулары Аралға келін болып бақытты күн кешуде. Солардың бірі – Жақсықылыш кентінің тұрғыны Айнұр Эдилбаева.

Айнұрдың жолдасы Темірхан Сүйеуовпен жарасымды шаңырақ болғанына жиырма жылға тарта уақыт болды. Айнұр қырғыз ұлтының өкілі. Жақсықылыштық жігіт Темірханмен Алматы қаласында жұмыс істеп жүріп танысқан. Жарасым тапқан екі жас көп ұзамай шаңырақ көтереді. Осылай 2005 жылы Жақсықылыш кентіне келін болып түскен Айнұр қазірде елге сіңісіп кеткен. Ағайын-туыспен, көршімен тату тірлік кешіп алты баланы өмірге әкелді.
– Бұрынан «Қырғыз, қазақ бір туған» деген халық санасында қалыптасқан жақсы мәтел бар. Екі ел тіліміз бен дәстүріміз жағынан да алыс емеспіз. Алматыда еңбек етіп жүргенде қазақ тілін жетік меңгеріп алғанмын. Келін болып алған табалдырық аттаған кезімнен бастап мені қайын жұртым жылы қабыл алды. Ауылдастар да өз қамқорлықтарын танытып жатты. Әрине мұнда жаныма жақын туысым мен бауырымның жоқтығы, төркінімнің алыстығы алғашқы жылдары сезілді. Бірақ жанымдағы жақсы адамдардың арқасында мен қазақтардың ортасына сіңіп кеттім. Қазір ауылдастардың бірімен әпкем, бірімен сіңілім, енді бірімен туған бауырымдай араласып тұрамын, – дейді Айнұр.
Бұл отбасы ел ішінде қажырлы еңбегімен танылып жүрген жандар. Алты баланы адам етіп жеткізу жолында олар адал еңбек етіп, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Отағасы Темірхан 15 жылдан бері шаштараздық кәсіпті меңгеріп, кенттегі тұрғындарға қалтқысыз қызмет атқарып келеді.
Ер азаматтың табысқа кенелуінің артында әйелдің алып күші мен ақылы жататындығы белгілі. Темірханның жары Айнұр да өмірге перзент әкеліп, оларды тәрбиелеу ісімен айналысып, ерінің бабын келістіре білді. Сонан соң өзі де кәсіп ашып, жолдасына болысуды ойлады. Себебі қазіргі күні алты бала да есейіп, мектепке барып әжептәуір қолғанат болып қалған. Сондықтан да ол жақында көлік жуу орнын ашқан.
– Ауылда жоқ, халыққа қажет деген кәсіпті қолға алуды ойладым. Солай көлік жуу орнын ашсам деген ой келді. Себебі қазір ауылдағы әрбір үйде жеңіл көлік бар. Оларды арнайы орында жуғанды бәрі қалайды. Осылай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында арнайы курстан өтіп, кәсіп ашудың, жоспар жасаудың қыр-сырын меңгердім. Өткен жылы қайтарымсыз грант негізінде қаржы алуға құжаттарымды тапсырып көргенмін. Мемлекет менің жобамды қолдады. Осылайша гранттық қаржыға қол жеткізіп кәсібімді бастап кеттім, – дейді Айнұр.
Шаруа әйелінен кәсіпкер ханымға айналған Айнұр мұның бәрі балаларымның несібесі деп Тәңірге шүкіршілік айтады. Қазірде тірлігі түзу отбасын ел құрметтейді. Жаңа кәсіптерінің де тасы өрге домалай бастаған.
Тірліктің көзін тауып, адал еңбекпен ұрпағын өсіріп отырған отбасы мұнымен тоқтап қалмай енді кілем жуу орталығын ашсақ деген жоспарларының да бар екендігін айтып қалды.
Міне, қыз баласын жат жұрттыққа жаратқан Тәңірдің жазуымен Арал топырағына келін болып келіп, «өзге елдің қызы едім» деп өгейсімей, қазақ балалардың ардақты анасына айналып отырған Айнұр Эдилбаева қазір өнген жерін жердің жәннатына балайды. Әйел бақытын тапқан мекенді ең құтты қонысым деп санайды.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
01 мамыр 2024 ж. 277 0