Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерлі өрге жүзеді

Өнерлі өрге жүзеді

Әр адамның өзінің бойына ерекше біткен таланты болады. Соның бірі – өнер. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Ал ол оқушы шәкірт болса, оның қабілетін ашып, дамытуға жан-жақты жағдай жасағанда ғана белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге болады. Соның мысалы, жақында жолым түсіп жас суретшілердің көрмесіне барған болатынмын. Сонда Мерей Тлеубайқызының салған пейзаждары көзіме оттай басылды. Салған суреттерінен-ақ мінезі сабырлы, байсалды екенін байқауға болатын өнерлі жаспен танысуға асықтым.

Мерей №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы екен. Мерейдің өнеріне қолдау білдіріп, алға бастаушы анасы Күлмашова Гүлбану аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі болса, әкесі Қосбаулин Тлеубай аудандық өрт сөндіру бөлімінде еңбек етіп, зейнетке шыққан. Отбасында үш бала тәрбиелеп отыр. Мерей – екінші бала. Суретті 5 сыныптан бастап өз қызығушылығымен сала бастапты. Ол өз таланты туралы:
– Мен сурет салуды үйрену үшін арнайы курстарға немесе үйірмеге қатысқан емеспін. Өзім кішкентай кезімнен қолыма қағаз түссе шимайлап гүлді, табиғатты, жүрек пішінін сала беретінмін. Бірде ютубтан сурет салудың құпияларын үйрететін каналды көріп, қызығушылығым ашылды. Кейін бояулардың үйлесімін, сурет салған кезде заттардың өлшемі туралы үйрене бастадым. Қазір өзімді «суретшімін» деп есептемеймін, дегенмен алда осы жолға түскім келеді, – дейді Мерей.
Иә, Мерей Тлеубайқызы бүгінде өз таңдауын жасап қойған. Болашақта «Дизайн және сән» мамандығы бойынша білім алып, өз ісінің шебері атанғысы келеді. Бойындағы таланты мен болашақ нан табар ісін осылайша ұштастырғысы келетін Мерей осы бастан дайындығын бастаған.
– Мерей – өте талантты оқушы. Сурет салуға қабілетін байқағанда-ақ мектеп тарапынан бірнеше жарыстарға жібергенбіз. Бағымызға орай, барлығынан жүлделі орын алып келеді. Оның ішінде, суды үнемдеу және оны тиімді пайдалану мәдениетін насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған республикалық балалардың сурет және шығармалар байқауына белсенді қатысқаны үшін жетекшісі Нұрбек Байдаулетовпен бірге Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітовтың Алғыс хатына ие болған еді. Ол интернатымыз үшін үлкен мақтаныш. Сынып жетекшісі «Жарық Жұлдыз» журналына да ұсынған болатын. Оқушы жетістігі – мектеп қуанышы. Бәріміз Мерейден үлкен үміт күтеміз, – дейді бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Алмагүл Бабашева.
Мерейдің өнер жолында бағыт алуына Алмагүл апай мен ата-анасының үлесі зор. Соның арқасында бүгінде сурет салу өнерімен талай марапат алғаны да өтірік емес. Атап айтсақ, 2023 жылдың сәуір айында №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары арасындағы «Б.Момышұлы шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу» байқауынан «Бас жүлде» иеленсе, Қызылорда облысының білім басқармасының «Бояулар құпиясы» жас суретшілердің республикалық байқауының облыстық кезеңінде жетекшісі Бабашева Алмагүл апаймен дайындалып, «Менің елім-менің жерім» номинациясының «Классикалық кескіндеме» бағыты бойынша ІІІ орын алғаны үшін арнайы дипломмен марапатталды. Және Қызылорда қаласында өткен «Атадан мұра» қоғамдық қоры ұйымдастырған Халықаралық «Дарабоз» байқауынан І орын жеңіп алды. Екінші жылы тағы да бақ сынаған Мерей Түркістан қаласында өткен Халықаралық «Дарабоз» байқауының ақтық мәресіне қатысып, ІV Супер финалында «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша І орын иеленіп, аудан атының мерейін өсірді. Осы жетістіктері үшін Мерей ата-анасы мен ұстаздарына, жетекшілеріне алғысы зор екенін айтады.

«Өнерлінің өрісі кең» дегендей, ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын жастардың ақылмен қатар өнерлі болуына да жол ашсақ, болашақтың жарқын болатынына сенім мол. Бұл жолда Мерейдің бағындырар асулары мен жетер жеңістері әлі де алда.
Гүлмарал САҚТАПОВА
04 мамыр 2024 ж. 301 0