Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «GN»-нен шыққан жеңімпаздар

«GN»-нен шыққан жеңімпаздар

Балалардың өнеріне бағыт берген «GN» академиясы туралы бұрыннан да талай айтылып жүр. Жастарды қолдау мақсатында жан басына қаржыландыру тетігі арқылы өз ісін бастаған бұл академияның аты бүгінде өз өнерпаздарының арқасында республикаға танымал болды десем де болады. Осы жолы да шәкірттерінің жаңа қырын ашып, жас та болса жетекшілік еткен ағай-апайларымен бірге Алматы қаласындағы халықаралық сайысқа барған өнерпаздар жүлделі орын алып, аудан абыройын асқақтатып қайтты.
«Жеті Өнер» VIII Халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-конкурсы 2017 жылдан бері «Жеті Өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткізіледі.
Басты мақсаты педагог-ұстаздар мен конкурсанттардың байқау барысында өзара достасуына жол ашып, білім беру саласының педагогикалық қызметкерлерінің шығармашылық қызметіне дем беру және балалар мен жастарға көркем эстетикалық тәрбие беру, дарынды жастарға шығармашылық тұрғыдан қолдау көрсету болып табылатын фестиваль Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауындағы бес негізгі басымдықтың бірі«Адами капитал сапасын жақсарту» атты төртінші басымдығында көрсетілген «Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» деген міндетіне сүйене отырып, еліміздің қалалық, аудандық, ауылдық білім беру мекемелерінің өнерлі жас буындарының басын қосып, өзара сайысуына мүмкіндік беруді көздейді.
Биылғы жылы VIII рет ұйымдастырылып жатқан фестиваль-конкурсқа ауданымыздың атынан «GN Academy» өнер орталығының оқушылары барды. Шын талантты шәкіртті баптау да, сайысқа дайындау да үлкен қажырлылықты қажет етеді. Ал оның өнерінің әділ қазы алқасынан әділ бағалануын көру, балалар мен ата-ананың алғысын алу өнерге баулыған бапкер үшін ең жоғарғы баға. Осы жолда аянбай еткен еңбектің, төгілген тердің арқасында шәкірттердің жеткен жетістігі көп.
Сайыста «Вокал» үйірмесі бойынша Іңкәр Жеткерген (жетекшісі: Бекұлан Тұрғанбаев) бас жүлде, «Заманауи би» үйірмесі бойынша «Bablgam», «Baby monster» би топтары, жеке би орындауы бойынша Меруерт Нұржанова бас жүлде, «Гимнастика» үйірмесі бойынша «GN dance» тобы (жетекшісі: Гүлбаршын Жақсылықова) бас жүлде иеленіп, Түркияның Стамбул қаласына жолдама жеңіп алды.
Бұдан бөлек, жеке би өнерінен Адина Алмасқызы, Айым Жайлаубай, Нұрила Амангелділер І орынды қанжығасына байлап, қуанышты еселеді. Айта кетейік, барлық би топтары мен жеке бишілердің жетекшісі – Абзал Ержанов.
Алматыдай алып шаһарға өнерлі балаларды апарып, кішкентай ауданның атын шығарған, орасан зор еңбектің жемісін осылай татқан жетекшілердің де еңбегі бағаланып, «Үздік дарынды балалар жетекшісі» медальімен және «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Жас та болса көптеген жетістікке жетіп, ортасында өзіндік орнын қалыптастырған Нәзерке Әлиқызы да «Үздік ұжым директоры» ретінде марапат төрінен көрінді.
«GN» академиясының шәкірттері нағыз өнердің шыңына лайықты балапандар. Оларға алдағы болатын халықаралық сайысқа сәттілік тілеп, тек биіктен көрінуін тілейміз.
Г.САҚТАПОВА
13 мамыр 2024 ж. 201 0